• Аймақ
  • 18 Маусым, 2020

Қазақстан қауіпсіздігі – басты назарда болуға тиіс

1992 жылы Қазақстанды ядролық қарудан бас тартуға қалай да болса көндiруге келгенде, Батыс елдерi оған сөз жүзiнде талай-талай уәделер берген. Бұлардың iшiндегi ең бастылары – олар тарапынан бiздiң елiмiздiң қауiпсiздiгiне берiлген кепiлдiк пен ядролық қару дайындау мен сынау салдары ретiнде қалыптасқан зиянды табиғи ортаны сауықтыру шараларын жүзеге асыруға қажеттi көмек турасында көрсетiлген дайындық.

 

Қазіргі кезеңда, яғни жиырма сегіз жылдан соң бiз ендi осы уәделердiң артының қалай болғанына нақты баға бере аламыз. Бiрден айтарымыз мынау: Өкiнiшке орай, әлгi уәделердiң бәрi болмаса да, біразы құр сөз болып шықты. Бiрақ ол да ештеңе емес. Олар бiздi ұмытып жөнiне кетсе де шүкiр ғой. Бiрақ дамыған елдер баяғы бiздi қалай азғырғанын ұмытып, немесе, дәлiрек айт­қанда, бұрын ештеңе болмаған­дай сыңай танытып, бiздiң әлгi ядролық қалдықтар кесiрiмен жалғыздан-жалғыз қалғанымызды пайдаланып, олардан жаңа бәленi қабылдап алуға итермелеуге кiрiстi. Сондағы аргумент түсiнiктi: сендерде жерлерiңiздi ядролық қалдықтардан тазартуға қаржы жоқ, ал бiзде ол бар, бiрақ бiз оны сендерге өзіміздің атом өнеркәсібінде жинақталған қалдықтарымызды сақтауға алсаңыз ғана бере аламыз. Ондағылар біздің елде қауіпті үйінді қалдықтардың (хвостохранилища) екенін және олардан құтылуға қаржының жетіспейтінін біледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының сайтында мынадай мәлімет жария етілген: «Государства-члены ООН с обеспокоенностью отметили, что многочисленные места захоронения урановых отходов и других опасных радиоактивных отходов производства расположены в густонаселенных районах центральноазиатских стран. При этом многие хвостохранилища находятся в сейсмоактивных районах вблизи населенных пунктов и на берегах крупных рек этого региона».

Қазақстанда радиоактивті үйінді қалдықтардың үш қоймасы бар. Солардың бірі Қазақстанның батысында – Қошқар атада орналасқан. Бұл қалдықтар қоймасының мәселесін шешу 2015 жылы, яғни ол мемлекет меншігіне берілген кезде қолға алынған. Бірақ өткен бес жыл ішінде айтарлықтай ештеңе өзгерген жоқ. Мәселені шешу үшін 17,5 миллиард теңге қажет. Оны табу қиын. Сөйтіп, бәрі ақшаға тіреледі. Екінші радиоактивті үйінді қалдықтар қоймасы Қазақстанның солтүстігінде, Степногорск қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Үшінші радиоактивті үйінді қалдықтар қоймасы Қазақстанның шығысында, Өскемен қаласында, Үлбі металлургия зауытының аумағында жинақталған.

Оларды және сол сияқты басқа да қалдықтарды рекуль­тивациялауға (яғни қал­пына келтіруге) дамыған елдер қаржы бөлуге пейілді, бірақ есесіне өздерінің талаптарын орындауды ұсынады. Біздің елде олардың осындай тілектерін орындауды қолдаушылар табылып жатыр. Бұлардың ішінде ресми тұлғалар да бар.

Олардың позициясы сырттан әкелiнбек ядролық қалдықтарды сақтауға алудың пайдасынан зияны көп екенiн осыған қарсы кез-келген адам маған цифрлар жүзiнде дәлелдей алатын болсын, әйтпесе мен оныкiн бос сөз деп қабылдаймын дегенге саяды. Құп. Бiрақ бұл жерде, орысша айтқанда, 2 бiрдей «но» бар. Бiрiншiден, қарапайым халықтан тұратын жалпы қоғам жаппай қырғын құралдарының барлық түрлерiнiң зардабын бастан кешiп, тауқыметiн осы күнге дейiн тартып отырғанымен, олармен байланысудың өзi үшiн қандай қасiретпен аяқталатынын iс жүзiнде бiлетiн болғанымен, жаңа идеяны итермелеп жатқан маманданған білімді адамдармен лайықты түрде айтыса алмайды. Өйткенi ресми мамандардың, ғалымдардың бірқатары олардың жағына шығады. Олар сiзге «қараны ақ, ақты қара» деп дәлелдей алады, ал сiз оларға қарсы ешбiр дәлелдi уәж айта алмайсыз. Себебi қалай дегенмен, маманның аты маман ғой. Екiншiден, ядролық сала қашанда тек сонда iстейтiндердiң ғана қолы жететiн жабық ақпаратқа (информацияларға) толы болған. Қазiргi ядролық сала мен экологиялық қауымдас­тық арасында болып жатқан айтыс ауқымындағы 2 жақтың мүмкiндiктерi туралы оқырманға түсiнiк беру үшiн мынадай қарапайым мысал келтiрейiк. Бiр оқымыстының сейфте сақталатын құпия кiтабы бар. Ол оның мазмұны туралы шәкiрттерiне жалпылама түрде айтқан. Ендi, мiне, мұғалiм сонда айтылған бойынша ананы iстеймiн, мынаны қыламын деп шықты. Оқушылары оның өздерiне қаншалықты зиянды екенiн сезедi. Бiрақ олар жалпы тақырыптық негiзде сол оқымыстымен айтыса ала ма? Әрине, жоқ. Себебi олар ана кiтапты тiптi қолына да ұстап көрген жоқ қой. Шетелдік радиоактивті үйінді қалдықтарды қабылдауға пейілді отандық мамандар «бiз маманданған мекеме болғандықтан, ненiң ел үшiн қажет, ненiң зиян екенiн жақсы бiлемiз, сондықтан бiздiң айтқанымыз болуға тиiс» дегендi айтады. Бұл жерден осындай адамдардың жауапкершiлiгi туралы мәселе шығады.

Осы орайда ондайларға тағар еш кiнәмiз жоқ. Өйткенi бiз олардың бұрын не iстеп, не қойғанын бiлмеймiз. Ал жалпы соңғы 10 жыл iшiнде ресми органдар басшылары тарапынан әртүрлi салаларға қатысты түрде мемлекет атынан қабылданаған шешiмдердiң нәтижесiн жай ғана қарастырғанның өзiнде халық үшiн талай ұтатын жерден ұтылыстың болғаны ашылады. Адам сүрiнбей жүрмейдi. Дұрыс. Бiрақ кесiрi халықтың, қоғамның мойнына түсiп жатыр емес пе? Сонда жауапкершiлiкке тартылған лауазымды адам бар ма? Бар. Бірақ көп емес. Демек, бұндай жағдайда әлгiдей бастамаларды құп деп қабылдай беруге рет жоқ. Бұдан мынадай қорытынды туады. Мемлекет өзiнiң халық атынан, қоғам атынан мемлекеттiк маңызы бар шешiм қабылдаушылардың мойнына жауапкершiлiктi жүктеп, кiнәлi болса тиiстi жазасын тарттыру функциясын лайықты түрде атқара алатынын дәлелдеп отыруға тиіс. Жоғарыдағылар мемлекетiмiзге ғаламат шығын әкелген шешiмдердiң қабылда­нып қойғаны дәлелденген күнде де, тек «бiз жас мемлекетпiз, лауазымды адамдарымыз­дың тәжiрибесi жетпегеннен болған» дейдi де қояды. Ал бұндай тәжірибе өз кезегiнде жауапты адамдардың дұрыс ойлап-пiшiлмеген бастамаларды көтерiп шыға салуына, басқаша айтқанда, жауапкерсiздiктiң көбеюiне әкелiп соғады.

Ал аталмыш бастаманың 40 жыл бойы ядролық сынақты бастан кешкен елде көтерiлiп отырғанын және де оның ел iшiнен емес, ел сыртынан келгенiн, сондықтан ең алдымен, ядролық қалдықтарын тығарға жер таппай жүрген, оның үстiне Қазақстанда өз дегендерiн болдыру турасында қуатты мүмкiндiктерi бар дамыған әлемнiң мүддесiне сай екенiн ескерсек, бiз қалайда ресми тұлғалардың уәжiнен гөрi өз интуициямызға көбiрек сенуге тиiспiз. Бұл жерде бiз үшiн сөз жүзiндегi дәлелге емес, жан сауғалау инстинктiне (инстинкт самосохранения) жүгінген ләзiм.

Осы жерде бiз қайтадан 1992 жылғы дамыған әлем мен Қазақстан арасындағы елiмiздiң ядролық қарудан бас тартуы туралы келiсiмшартқа оралуға мәжбүр боламыз. Қазiр бұл құжаттың бiз үшiн саяси қауіпсiздiктi де, экологиялық қауiпсiздiктi де қамтамасыз етуге ешбiр пайдасының болмағанын көремiз. Ия, 1992 жылы ядро­лық қаруды сақтап қалудың ешбiр жолы болмаған шығар. Бiрақ ҚСРО тараған кездегi келiсiм бойынша, республика территориясында қалғанның бәрi елiмiздiң меншiгiне айналған. Оның iшiнде құны ондаған, тiптi жүздеген миллиард доллар тұратын ядролық арсенал да болған. Бүкiл сынақтар осында өткiзiлгендiктен, оны иемдену құқығы Қазақстан үшiн ешбiр артық көрiнуi мүмкiн емес болатын. Оның үстiне Европаның ортасында отырған Украина мен Белоруссиядан гөрi сол кездiң өзiнде тұрақсыз деп есептелген Орталық Азиядағы Қазақстан үшiн оның сақталуы әлдеқайда қажеттiрек болған. Қалай дегенде де, кез-келген ел үшiн ядролық қаруды дайындап алу программасы ондаған миллиард доллар шығын мен талай жылдарды қажет ететiнi шындық болып табылады. Ал ядролық қаруының мүмкiндiгi жағынан әлемдегi ең алдыңғы қатарлы елдер құрамына ену мүмкiндiгi жүздеген миллиард долларға эквиваленттi. Бiрақ қалай дегенде де, ядролық арсенал – нақты құны бар байлық. Одан бас тартуды талап етушiлер шығынның орнына кем дегенде Қазақстанды ядролық салдардан тазартуға қаржы берудi мойындарына алуға тиiс едi. Бұндай талап болмаған немесе тиiстi құжатта көрiнiс таппаған. Не болмаса, бiздiң ел дамыған әлемге осындай талапты орындатуға жарамай отыр. Демек, мемлекетiмiздiң жүздеген миллард таза шығын көтеруi жағдайында қауқарсыздық танытып отырмыз. Ол ол ма, біздегі кейбіреулер ендi сол тазарту жұмыстарын жүзеге асыру үшiн деген желеумен дамыған әлемнiң алдында жаңа бiр мiндеттi мойнына алмақ болып отыр. Бұнымен келiсуге болмайды. Неге дейсiз ғой? Себебi қай жағынан келгенде де, адамгершiлiк тұрғысынан да, таза бизнестiк талап тұрғысынан алғанда да, тазарту жұмыстары­ның шығынын Қазақстанды жүзде­ген миллиард доллар тұ­ратын қауiпсiздiк комплексiнен бас тартуға көндiргендер көтеруге тиiс. Егер олар бұны мойындағысы келмесе, Қазақстанның қайтадан ядролық мемлекетке айналуға толық құқығы бар. Мүмкiндiгi де бар.

(Жалғасы бар)

Аққали КӨПТІЛЕУОВ    

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы