• Аймақ
  • 18 Маусым, 2020

Ақтөбеде игі істер өріс алды

Бүкіл әлемді дүрліктіріп, елді бүтіндей 1,5 ай мерзімге байлап тастаған COVID-19 індетінен сақтандыру мақсатында жарияланған карантиннен кейін экономиканың қайтадан қалпына келуі, әрине, оңайлықпен жүзеге аспайды. Сондықтан да ірі қалалар емес, әсіресе аймақтардағы тыныс-тіршіліктің ұтымды үйлесуі халықты шын мәнінде толғандырады. Әдеттегі айдарымыз аясында осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Бұл ретте Ақтөбе облысы­­ның әкімі Оңдасын Оразалин­нің өзі тікелей аймақ ахуалын назарға алғанын айта кету керек. Көпшілікті қуантатыны, облыс басшысының өңірге сапарын ең алдымен ауыл шаруашылығы объектіліе­рін аралаумен бастағаны. Облыс әкімі Әйтеке би ауданы Жамбыл ауылдық округіндегі «Жамбыл-С» және «Ай-Ауылым» шаруашы­лықтарының көктемгі егіс жұмыстарымен танысты, деп жазады аймақ бас­­шысының баспасөз қыз­­меті. Айта кету керек, арпа, бидай өсірумен айналысатын қос қожалық та биыл егіс көлемін арттырған. «Жамбыл-С» ЖШС 3423 гектар жердің 3048 гектарына бидай, 375 гектарына арпа еккен. Егіншілер жоғары агротехнологиялық талаптарға сай, жоғары сапалы тұқым пайдалануда. Өсімдік зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізген. Серіктестікте 24 трактор, 11 комбайн, 5 жүк автокөлігі және машина-трактор шеберханасы, механикаландырылған астық тазалау қондырғылары, астық қоймалары бар. Онымен қоса ЖШС ауыл тұрғындарының жеке малдарын ұстауға жем­шөптен жәрдем береді екен, 25 азамат жұмыспен қамтылған. Облыс басшысы аялдаған екінші қожалық – «Ай-Ауылым» ЖШС 8439 гектарға бидай, 500 гектарға арпа егіпті. Серіктестік ауыл шаруа­шылығы техникаларын жаңартқан. 8 трактор, 6 ком­байн, 3 егіс кешені, 3 жүк автокөліктері және ауыл шаруашылығы техникалары ауласымен қамтылған. Мұнда 16 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Көктемгі дала жұмыстарына қолдау көрсету мақсатында 15 кәсіпкерге 631 миллион теңге несие берілген. Бұдан соң облыс басшысы Сарықопа, Құмқұдық ауылдық округтерінде болды. Оңдасын Оразалин Сарықопадағы жылқы өсі­румен және қымыз өнді­румен айналысатын «Томирис» агроөнеркәсіп кешенінің жұмысымен танысты. 2016 жылы ашылған қожалықта 550 жылқы бар. Қазіргі күнде 35 бие сауылуда. Жер көлемі 39 626 гектар болса, жайылымдық жер – 39 532 гектар. «Томирис» агроөнеркәсіп кешенінде қымыз өндіру цехы жұмыс жасайды, сонымен қатар ауылдағы кәсіпкерлер «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының аясында несиеге сүтті бағытта 50 ірі қара мал алып, сүт өнімдерін өңдеу цехын іске қосуды жоспарлап отыр.

Шаруашылықта 666 бас асыл тұқымды ірі қара мал және 360 жылқы бар. Серіктестікте 32 трактор, 20 комбайн және 6 егіс кешені, 15 жүк және жеңіл автокөліктері, сондай-ақ машина-трактор шеберханасы жұмыс істейді. Сонымен қатар мұнда 1000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы жүріп жатыр. Облыс басшысы аудандағы шаруа қожалықтары басшыларымен кездесті. Кездесу барысында аудан әкімі Дархан Ермағанбетовке ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында шаруа қожалықтарына жан-жақты қолдау көрсетіп, өнім көлемін арттыру қажеттігін тапсырды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз экономикасының келешектегі құрылымына жаңа көзқарас қажет екенін айтып, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты басты салаларының рөлін айқындау керектігін міндеттеді. Облыста ауыл шаруашылығын дамыту әрі өнім көлемін арттыру мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда», – деді Оңдасын Оразалин. Әйтеке би ауданында ауыл шаруа­шы­лығымен қатар, экономика­ның өзге салаларының да даму көрсеткіштері өсіп келеді. Биыл Ақкөл, Сарат, Сұлукөл, Аралтоғай, Ақтасты елді мекендерінде жылу желілерінің құрылысы басталады. «Таза ауыз су» жобасы аясында 2,2 миллиард теңге соманың жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың 90 пайызы таза ауыз сумен қамтылады. Облыс басшысы сондай-ақ Хромтау ауданы Дөң ауылдық округінде мал өсірумен, егіншілікпен айналысатын «Данияр» шаруа қожалығының көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Қожалық алғаш 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 1000 қой сатып алған. Былтырғы жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 27 миллион теңгеге 700 бас қой алған. Биыл 2500 гектар жерге арпа, бидай егуде. Облыс әкімі бұдан соң Хромтау қаласының әлеумет­тік-экономикалық даму барысымен танысты. Жол жөндеу, құрылыс жұмыс­тарының барысымен таныстырған аудан әкімі Нағымжан Алдияров атап өткендей, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында №2 Хромтау гимназиясына ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ осы бағдарлама аясында М.Әуезов көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Хромтау қаласында жалпы ұзын­дығы 62,8 шақырымды құрайтын 88 көше бар, соның ішінде 80 көшеге асфальт жабындысы төселген. Биыл қалада «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 20 көшедегі автомобиль жолдары қайта жаңартудан өткізіледі, жалпы ұзындығы 7,5 шақы­рым және жаңа шағын аудан – 22-орамның 6 көшесіне жалпы ұзындығы 2,9 шақырым болатын автокөлік жолдары салынады. Әуезов көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйлердің қасбетіне әрлендіру жұмыстары жүргізіліп, балкондары жаңартылуда. Қаланың көшелеріне жаңа үлгідегі 400 қоқыс жәшігі, 30 дана евроконтейнер орналастырылған. Ресей Федерациясынан жеткізілген қоқыс жәшіктерінің құны 38 миллион теңгені құрады. Ал жер астына орнатылған қоқыс жәшіктерінің құны – 12 миллион 348 мың теңге. Аталған игі бастама облыс әкімдігі мен ERG компаниясы арасындағы меморандум аясында жүзеге асты. Меморандум шеңберінде қоқыс шығаруға арналған 2 арнайы техника алу көз­делген. Хромтау қаласында қоқыс жәшіктерінен өзге, көше бойларында заман талабына сай жасалған аялдамалар бой көтеруде. Қала келбетіне көрік беретін жаңа аялдамалар 4 жерге орнатылмақшы. Облыс басшысы «Самара – Шым­кент» халықаралық тасжолы бойын­дағы кемпинг жұмысымен танысты. «Шерхан» ЖШС кемпингі карантинге байланысты жолаушыларды қабылдауды уақытша тоқтатқан. Жолаушыларға қызмет көрсету ке­шені «В» категориялы 150 орындық кафе және 84 орындық қонақ үй, 100 орындық моншадан тұрады. 100 жүк көлігіне арналған автотұрағы бар. Облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, Нағымжан Алдияровқа әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң өзге­рістерді өркендете беру қажеттігін тап­сырды.

Исатай ҚАМБАРОВ

428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы