• Өндіріс
  • 18 Маусым, 2020

Мұнай бағасы төмендеп, теңге құлдырады: БЮДЖЕТ ҚАЙТА ҚАРАЛА МА?

Халықтың әл-ауқатының артуы ел экономикасының орнықты дамуына байланысты болмағы анық. Осы ретте басты мақсат-міндеті нақ осы тұрғыда қарастырылатын үкіметтің қазыналық құрылымы – қаржы министрлігінің басшысы Ерұлан Жамаубаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында былтырғы жылы және биылғы 5 айда атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Министр халық алдында онлайн есеп беру барысында құрылымды оңтайландыру, мемлекеттік активтер және жеке­шелендіру, 2019 жылғы бюд­жет­тің атқарылуы, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, мемлекеттік қарыз, бюджеттің 4-ші деңгейін енгізу, қаржы жүйесіндегі цифрландыру және өзге де өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Ерұлан Жамаубаев өзі же­текшілік етіп отырған ведомствода оңтайландыру жұмыста­ры қалай жүргізіліп жатқанына тоқтала келіп, мемлекет бас­шы­сының тексеруші және тиімсіз шығыстарды қысқарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес 2019 жылы Қаржы министрлігінің штат саны 1 815 бірлікке оңтайландыры­лып, қазіргі уақытта штат 17 978 бірлікті құрайтынын атап өтті. «Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру аясында Қазынашылық комитеті Мем­лекеттік сатып алу жөніндегі комитетті қосу жолымен қайта ұйымдастырылды. Сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды оңтайландыру мақсатында Оңалту және активтерді басқару компаниясы Проблемалық кредиттер қорына қосылды. Ал Қаржы академиясы Білім және ғылым министрлігінің қарамағына берілді», – деді ол. Сонымен қатар, министр «Бай­қоңыр­баланс» мемлекеттік мекемесі тиісті саланың уәкілетті органы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына берілетінін айтты. Бүгінгі күні министрліктің оңтайлы құрылымы орталық аппараттан, аумақтық бөлімшелері бар бес ведомстводан және ведомстволық бағыныстағы төрт ұйымнан тұрады. 2019 жылғы бюджеттің теңге­рім­ділігін қамтамасыз ету аясында бюджеттің барлық деңгейлері бойынша кірістер жоспары асыра орындалған. Мемлекеттік бюджет – 101,2%-ға, республикалық бюджет – 100,6%-ға және жергілікті бюджеттер – 103%-ға асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің кірістері 9,7 трлн теңгені құрады, бұл жоспарланғаннан 119 млрд теңгеге артық. Осы ретте республикалық бюджетке 7,1 трлн теңге түскен, бұл жоспардан 43 млрд теңгеге және 2018 жылға қарағанда 1 трлн 276 млрд теңгеге артық. Былтыр республикалық бюджет шығыстарының атқарылуы 12 трлн 20 млрд теңгені немесе 99,9%-ды құрады. 8,2 млрд теңге атқарылған жоқ. Оның ішінде 2,9 млрд теңге – үнемдеу. Ал 5,3 млрд теңге игерілмеген. Негізгі себептері: бюджеттік бағдарламалар бойынша өтінімдердің болмауы, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, шарттар талаптарының өзгеруі және жұмыс кестесінен қалыс қалу. Жергілікті бюджеттердің шы­ғыс­тары 6 трлн 179 млрд теңгеге атқарылды. 2019 жылы өңірлерге 1 трлн 916 млрд теңге сомасында қар­жылық көмек көрсетілді. Осы қара­жат есебінен «Нұрлы жол», «Еңбек», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер», агро­өнеркәсіп кешенін және өңір­­лерді дамыту мемлекеттік бағ­дар­­ламалары қаржыландырылды.

Сондай-ақ қаражат азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге және жергілікті бюджеттердің қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге бағытталған. Өңірлер бөлінген қаражатты 99,1% игерген, бұл 1 трлн 900 млрд теңгені құрайды. Министр елімізде мемлекеттік сатып алудың барлық үдерісі авто­мат­­тан­дырылғанын мәлім етті. «Мемлекеттік сатып алу көлемі 3% артып, 3,9 трлн теңгеден астам соманы құрады. Алдағы уақытта бір көзден сатып алу үдерісін қысқартып, 1 күн ішінде тауарларды бәсекелестік негізде сатып алуға мүмкіндік беретін «электронды дүкен» іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар «электронды депозитарий» құрылады. Ол адам факторы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қоспағанда әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді», – деді Ерұлан Жамаубаев. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу үдерісінде балдық-рейтингтік жүйені енгізу жоспарлануда. Қаржы министрінің айтуынша, еліміздің мемлекеттік қарызы қауіпсіз деңгейде тұр. «2019 жылдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнімге шаққанда мемлекеттік борыш көлемінің лимиті 50% болғанда – 24%-ды құрады. 2020 жылғы бірінші тоқсанның соңында бұл көрсеткіш 25,5%-ға теңесті. 2019 жылы бюджетке түскен борыштық жүктеме 15% лимиттің 12,9%-ын құрады. Болжам бойынша, 2020 жылы бұл көрсеткіш республикалық бюджет кірістерінің шамамен 13,1%-ын құрайды, яғни бұл қауіпсіз деңгей», – деді ол. Осылайша мемлекеттік борышты қауіпсіз деңгейде ұстау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Есепті кездесуде айтылғандай, өткен жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қор қаражаты шамамен 27,5 трлн теңгені немесе 65,5 млрд долларды құрады. Былтыр Ұлттық қорға шамамен 4,5 трлн теңге, оның ішінде мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар түсімдері есебінен 2,8 трлн теңге түскен. Үкіметтің есептілігі мен ашық­тығының басты көрсеткіш­терінің бірі – «Ашық бюджет» тұжы­рымдамасын іске асыру. Мақсат – азаматтарға бюджет процесімен танысуға және бюджет қаражатының шығыстарын талқылауға қатысуға мүмкіндік беру. Осы орайда Ерұлан Жамаубаев: «Халықтың бақылауындағы бюджет» тұжырымдамасы шеңберінде азаматтық бюджетті түзу және ұсыну, жергілікті бюджеттердің жобаларын әзірлеу мәселелері нормативті тұрғыда реттелген. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданында 100 млн теңгеге 14 қанатқақты жоба өткізілді. Биыл 600 млн теңгеге жуық сомаға Нұр-Сұлтан қаласында және 1,4 млрд теңгеге Алматы қаласында (8 аудан) қанатқақты жобалар енгізіледі», – деді. Мемлекеттің экономикадағы үлесін 15%-ға дейін қысқарту көз­делген кешенді жоспар бойынша 863 мемлекеттік меншік ұйымы мен квазимемлекеттік сектор нысанын жекешелендіру қарастырылған. Министр атап өткендей, қазір бұл үлес жалпы ішкі өнімнің 16,2%-ын құрайды. Бүгінге дейін 534,1 млрд теңгеге 503 нысан сатылған. «Тағы 298 нысан қайта құруға және таратуға бағытталды. Оның ішінде 220-сы қайта құрылып, таратылады. Жоспардың орындалуы сатылған және қайта құруға немесе таратуға жіберілген нысандарды қоса алғанда 93%-ды, ал сауда-саттықта тұрғандарды есепке алғанда – 96,8%-ды құрайды. Кешенді жоспар аяқталғанға дейін 62 нысан сатылды. Оның 34-і сауда-саттықта тұр», – деді ол. Есепті кездесуде Армениядан әкелінген көліктерге қатысты Ерұлан Жамаубаев: «1 ақпанға дейін әкелінген көліктерге айқындалған шешім бар. Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Яғни ол көліктер уақытша есепке қойылып, сары нөмір алып, көліктік салықты төлей береді. Қаржы министрлігі тарапынан олар бақылауда болады. Ал 1 ақпаннан кейін әкелінген көліктерге әлбетте заңнамаға сәйкес кедендік бажды төлеуге тура келеді», – деді. Министр осы ретте Арменияның мемлекеттік кірістер органы тарапынан да салықтық міндеттемелер бойынша мәселе туындауы мүмкін екенін ескертіп, бұл мәселеге байланысты ол тараппен келіссөз жүргізіліп жатқанын, Қазақстан аумағында сол жақтың нөміріндегі көлікті жүргізіп жүргендер салықты біздің елде төлеуі керектігін атап өтті. Орталық коммуникациялар қыз­метіндегі есеп беруден кейін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан мен Қытайдың кедендік мәліметтеріндегі айырмашылыққа қатысты қаржы министрі бұл жағдай анықталған күнде кәсіпкерлер қосымша кеден­дік баж төлейтінін айтты. «Бұл – біз үшін маңызды мәселе. Кеден бекеттеріндегі бүкіл ақпарат жолданатын ситуациялық орталықты да құрып қойдық. Оған тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіріп, декларацияланатын тауарлардың бағасын бақылау мақсатында 6 мың бағалық индикаторларды енгіздік, – деді Ерұлан Жамаубаев. – Сонымен қатар, қытай тарапымен экспорттық-импорттық операциялар бойынша ақпараттарды алмасу форматы туралы келісімге келдік. Әзірге бұл мәліметтердің растығын әлі де анықтау керек. Алайда өзара алмасқан ақпараттардың сапасын жақсарту үшін жұмыс аясын кеңейтеміз. Сонымен бірге, Қырғыз Республикасымен және Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерін барынша жаңғыртамыз. Толыққанды цифрландыру шынайы ақпаратты алу үшін айтарлықтай көмек болары сөзсіз». Министр қолға алынған шара­лардың арқасында былтыр ҚХР-мен кедендік статистикадағы айырма­шылық 53-тен 48 пайызға азайғанын мәлім етті. Кейбір жаман пиғылдағы адамдар азаматтардың өмірінде кездескен қиындықтарды, халықтың қаржылық сауатсыздығын пайдаланып, қаржы пирамидаларын құрады, алдаумен жұрттың қаржысын қалтаға басады. Осындайларға соңғы тиынын сеніп тапсырған талай адамдардың сан соғып қалғанын естіп, біліп жүрміз. Осы орайда Ерұлан Жамаубаев қаржы пирамидаларының үш ерекшелігін атап, халықты сақ болуға шақырды. Бұл пирамидалардың ең алғашқы қатысушылары кіріске кенелгенімен, кейін тартыл­ғандары опық жейтінін айтты. «Қаржы пирамидаларының бір белгісі – ұйымдастырушылар банк депо­зиттерінен көп кіріс табатыны­­ңызға уәде береді. Екіншіден, қан­дай жағдайда болмасын табысқа кене­ле­тініңізге сендіреді. Үшіншіден, мұн­дай ұйымдар қаржылық жағынан ашық болмайды. Сонымен қатар олар жарнама үшін әлеуметтік желіні ерекше пайдаланады. Мұндай белгілерді сезіп, көріп қалсаңыз, сақ болғаныңыз жөн», – деді ол. Қаржы пирамидаларының мақса­ты – аңқау жұрттың қаражатын қалтаға басу. Мұндай заңсыз ұйымдардың жолын кесу жұмыстарын Экономикалық тергеу қызметі мен ІІМ жүргізеді. Биылдың өзінде Экономикалық тергеу қызметі бұл бағытта 21 қылмыстық іс қозғаған. Сондай-ақ жалған лоторея мәселесі де бар. Алматыда осымен айналысқан адамдар анықталған. Автокөлік ойнатып, артынша сеніп қалған азаматтардың қаражатын жымқырған. «Қаржы пирамидасына қатысты Алматыдағы іс бойынша 200 млн теңге шығын келтірілген. Арызданушылардың саны 2 мыңнан асып кеткен. Қазір ол іс бойынша екі адам қылмыстық іске тартылуда. Мұндай қылмыстардың алдын алу үшін қандай жұмыстарды қолға алып жатырмыз? Ең бірінші кезекте, БАҚ арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Азаматтарды сақ болуға шақырамыз. Әлеуметтік желілерге мониторинг жасаймыз. Сонымен бірге біздің қаржылық барлау қызметі екінші деңгейлі банктерге қаржы пирамидаларының типологиясын жолдайды», – деді Ерұлан Жамаубаев. Мұнай бағасының төмендеп, теңгенің құлдырауына байланысты Қазақстанның бюджеті қайта қарала ма? Баспасөз мәслихатында қойылған кезекті сұраққа Ерұлан Жамаубаев: «Биылғы нақтыланған бюджет қабылданғанына екі ай болды. Сондықтан республикалық бюджетті қайта қарау туралы өзекті мәселе тұрған жоқ. Бірақ республикалық бюджетке түсетін жоспарлы қаражат орындалмай отыр. Сондықтан қазіргі жағдайға, мұнай бағасына, сыртқы экономикалық және саяси ахуалға байланысты біз өзіміздің болжамдарымызды қайта қарастырамыз. Бірақ дәл қазір бюджетті қайта қарайтындай еш себеп жоқ», – деді. Әлемдік ақпаратта коронавирус­тың екінші толқыны келетіні туралы айтылып жүр. Солай болған күнде, оны еңсеруге Қазақстанның қаржысы жете ме? Осы сауалға орай министр коронавирустың бірінші толқынын еңсеру үшін бюджеттен 153,4 млрд теңге қарастырылғанын, оның 26,6 млрд теңгесі – Үкіметтің резерві болса, 125,3 млрд теңгесі нақ­тыланған республикалық бюджет кезінде бөлінгенін айтты. «Сонымен бірге, 1,5 млрд теңге Білім және ғы­лым министрлігінің бюджетінен ауда­рылды. Жалпы жағдай қалай қалыптасады, коронавирусқа қатысты ахуал не болады – соған қарай экономикалық жағдай қалай өзгеретінін көре жатармыз. Жалпы Үкіметтің резерві мен нақтыланған бюджетте тиісті қаражат бар», – деді Ерұлан Жамаубаев. Пандемияға байланысты шектеулер кезінде баршаны алаңдатқан мәселенің бірі – салық мерзімін шегеру. Осы ретте қойылған тілшілердің сұрағына: «Үкімет қазір экономиканы қалпына келтіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Біз күн сайын онлайн режімде бизнестің, шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласындағы өкілдермен талқылау жүргіземіз. Аталмыш проблема бізге белгілі. Бұған дейін салық жағынан шегеру жеңілдіктерін бергенбіз. Қазір экономика қайтадан қалпына келе бастады. Келесі жолы салықтық шегеру болмайды деп үміттенеміз», – деп жауап берді министр. Дегенмен кәсіпкерлер мұндай кө­мекті сұрап, жүгіне алады. «Қандай жағдай болмасын әрбір кәсіпкердің мәселесін жеке қараймыз. Егер бизнес немесе нақты бір кәсіпкер қиындыққа тап болса, ол салықтық заңнама бойынша жергілікті мемлекеттік кірістер департаментіне жүгіне алады. Шынайы проблемаға көзіміз жетсе, алты айға дейін шегере аламыз», – деді Ерұлан Жамаубаев. Баспасөз мәслихатының алдын­дағы халыққа есеп беру кезінде Ерұлан Жамаубаев салықтық бақылау үшін субъектілерді нүктелі іріктеуге мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқару жүйесі үнемі жетілдіріліп отыратынын айтқан болатын. Бұл шаралар салық тексерулерін шамамен 30%-ға қысқартқан. Осы ретте анықталған заң бұзушылықтар сомасы 2 есе артып, 344 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар қашықтан бақылаудың жаңа әдістері әзірленді. Мемлекеттік сатып алудың ашықтығы мақсатында оған қатысушылардың қаржылық тұрақтылығын растау жүргізіледі, бұл қосымша 1 млрд теңгеден астам салықтық түсімді қамтамасыз еткен.

РЫМТАЙ САҒЫНБЕКОВА

521 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы