- Өндіріс
- 24 Маусым, 2020
Артықшылығы мол агромашина

Экономика үшін ауыл шаруашылығы – аса маңызды сала десек, бұл бағыттың дамуы ауылшаруашылық машиналарын жасау ісімен қатар айтылады. Өйткені, агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі осы сектормен тікелей байланысты.
Соңғы он жылда елдегі Индустрияландыру бағдарламасы ауыл шаруашылығы техникасын жасау көлемін 5 есеге, инвестицияларды 3,4 есеге арттыруға ықпал етті, сондай-ақ өнімді оқшаулаудың орташа деңгейі 37%-ке жетті. Ағымдағы жылдың бес айында 12 млрд 46 млн теңгеге ауылшаруашылық техникасы, оның ішінде 825 трактор, 139 комбайн шығарылып, өсім 54% болды. Қазақстанда осы бағыттағы ірі техника шығаратын бірнеше зауыт жұмыс істейді, олардың ішінде көшбасшылардың бірі – Агромашхолдинг KZ. Қызметін 2003 жылы бастаған кәсіпорын осы уақыт ішінде Қостанайдағы зауытта «Essil» маркалы 4500-ден астам астық жинайтын комбайндар шығарды. Темір тұлпардың бұл түрін ауыл шаруашылығы саласының мамандары үнемді әрі өнімді техника ретінде біледі. Кәсіпорын бұл комбайндардың барлық желісін, яғни жоғары өнімді және қуатты «Essil-760»-тан ықшам және маневрлі «Essil-730»-ға дейін шығарады. Сол арқылы шаруалар өздеріне қолайлы модельді таңдап, егін жинау науқаны кезінде өз жұмыстарын едәуір үнемді ете алады. Бұл техника жоғары өнімділікті жұмыс істеу қабілетімен ерекшеленеді. Агромашхолдинг KZ – өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойған және шығарылатын өнімді оқшаулауды арттыру жөніндегі оның шарттарын орындайтын Қазақстандағы алғашқы ауылшаруашылық машиналарын жасау кәсіпорны. Компания жыл сайын елімізде өндірілген астық жинау комбайндарының шамамен 80%-ін шығарады. Өткен жылы зауытта әлемге танымал «Lovol» брендінің тракторлары шығарыла бастады. Ол кең модельді, алаңда және фермерлік шаруашылықтарда ауыр жұмыс істеу үшін арнайы әзірленген. Сондай-ақ «Агромашхолдинг KZ» АҚ пен «Петербург трактор зауыты» АҚ Қазақстанда энергияға қаныққан «Кировец» тракторларын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойды. Бүгінде бұл тракторларды құрастыру жұмыстары Қостанай трактор зауытында жүргізіледі. Елдегі төтенше жағдай кезінде өндірісті тоқтатпаған іргелі зауыт қалыптасқан ахуалға дер кезінде үн қатып, қала көшелеріне дезинфекция және зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін арнайы дезинфекциялық сепкіштері бар тракторларды шығара бастады. Жұқпалы кеселдің таралуына жол бермеу шаралары аясында қалада санитарлық тазалау жүргізу, жолдарды химиялық зарарсыздандыру үшін осы тиімділігі жоғары техника сатылып алынды.
Сөйтіп, «Lovol-604» модификацияланған моделінің алғашқы топтамасы қала көшелеріне дезинфекция жұмыстарын жүргізу үшін аймақтағы «АБЗ плюс» компаниясына жеткізілді. «Lovol» тракторлары – түрлі аспалы, жартылай аспалы және тіркеме құралмен жабдықталып, ауыл және коммуналдық шаруашылықта, құрылыста және басқа да салаларда тиімді пайдаланылады. Олардың өзіндік ерекшеліктерінің бірі – еуропалық дизайндегі жылыту және кондиционері бар үшінші буын кабинасы. Сонымен қатар трактор гидросорғышпен және қуаты ұлғайтылған қозғалтқышпен жабдықталған. Қазіргі уақытта кәсіпорында өндірілетін өнімдегі жергілікті қамту үлесі –60%, ал өндірілетін тораптар мен агрегаттарда оқшаулау 100%-ті құрайды.Тауар шығару Агромашхолдинг KZ өндіруші зауытында жүзеге асырылып, сату Қазақстандағы көптармақты сервистік желі арқылы жүргізіледі. Компания бөлімшелері алғашқы 2 жыл ішінде сату мен сервистік қызмет көрсетуді жүзеге асыратын менеджерлер мен инженерлер тобына ие. Республика бойынша 1500-ге жуық тапсырыс беруші Агромашхолдинг KZ өнімдерін таңдайды. Ауылшаруашылық техникасына тапсырыстар жыл мезгіліне қарамастан келіп түсуде. Бұдан бөлек, зауыт «ҚДБ-Лизинг» АҚ қаржы операторы арқылы Ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың отандық өндірушілерін қолдау аясында машина-трактор паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасын іске қосуға бастамашы болды. Шаруаларға жылдық 6%-пен техника сатып алуға жеңілдетілген құрал ұсынылады. Бүгінде белді өндіріс орнында 500-ге жуық жоғары білікті маман жұмыс істейді. Мықты ұжым мен қуатты өндірістік база бола отырып, кәсіпорын үнемі қолданыстағы өндірісті жаңғырту, шығарылатын өнім желісін кеңейту және оқшаулау үлесін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде. Ол үшін кәсіпорында бірегей жоба – зауыт аумағында оқшаулау орталығын орналастыру жзеге асырылып жатыр. 27 000 шаршы метрден астам алаңда ауыл шаруашылығы және автомобиль машиналарын жасауға арналған компоненттерді бояу, дәнекерлеу және өндіруге арналған жоғары өнімді заманауи білдектері мен технологиялық автоматтандырылған желілері бар әмбебап цехтар орналасатын болады. Бұл жоба өндірісте оқшаулау деңгейін ұлғайтуға мүмкіндік беріп қана қоймай, машина жасау саласының өндіріс көлемін арттыруға, аралас салаларды дамытуға әсер етеді. Осы арқылы еліміздегі ауылшаруашылық техникаларын жасап шығаратын бірден-бір жетекші кәсіпорын шағын және орта бизнестің, жұмыспен қамтудың кең қанат жаюына ұйытқы болатыны сөзсіз.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

442 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *