• Өндіріс
  • 02 Шілде, 2020

ҚПО: Уақытпен сыналған серіктестік

Коронавирус пандемиясы әлемдік мұнай-газ саласында салыстырғысыз құлдырау тудырды. Сөйтсе де, алып кен орнының – Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. компаниясы нысандарының өндірістік қызметі барлық қауіпсіздік талаптарын сақтаумен, ағымдағы жылға қойылған мақсаттарға толық сай жүруде.

Жаһанды тығырыққа тіреген дағдарыс нарықтағы ізін оңайлықпен жоя қоймасы белгілі. Қазір елдердің карантиннен ептеп шығуына орай мұнайға сұраныс дәрежесі де біртіндеп оңалып келеді.

Алайда, эпидемияның алғаш­қы айларында қоймаларда жинал­ған мұнайдың орасан зор көлеміне байланысты шикізат құнының өсуі әлі де біраз уақыт алуы мүмкін, деп есептейді компаниядағылар. ҚПО бас директоры Эдвин Блом компания 2020 жылға мақұлданған жыл сайынғы жұмыс бағдарламасы мен бюджетке сәйкес сұйық көмірсутектер мен газ өндірісі бойынша өз міндеттемелерін орындауды жоспарлайтынын мә­лімдеді. Өйткені, коронавирустың қауіп-қатерін болдырмау жөніндегі тиісті іс-шараларды орындаумен қатар, мұнай бағасы өзгеруінің түрлі сценарийлеріне байланысты өндіріс табыстылығын қамтамасыз ету жолында қажетті қадамдар жасалуда. «Орын алған жағдайды дағдарыс әсеріне ұшыраған ағымдағы өндірістік үдерістерді реттеуге қажетті жаңа технологиялар мен платформаларды енгізу үшін де пайдалануымыз керек. Шыдамдылықпен, белсенді күш-жігермен бұл қиын-қыстау уақытты да артта қалдыратынымызға еш күмән жоқ. Дағдарыс аяқталысымен ҚПО бұрынғыдан да қуатты, сын-қиындықтарға дайындығы мол компания болып шығатынына сенімдімін», – деді бас директор. ҚПО жергілікті қызметкер­лердің кәсіби өсуі мен дамуына әркез басымдық береді. Атап өтсек, осыдан бірнеше жыл бұрын компания кәсіби әлеуеті жоғары жұмыскерлерді анықтау және олардың әлеуетін, мансаптық өсуі үшін дағдылары мен біліктілігін көтеруге бағытталған қызметкерлерді қарқынды дамыту бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама қатысушыларға мансаптық мақсаттарды айқындауға мүмкіндік беретін, тиімді даму жоспарларын дайындауда қолдау көрсететін жақсы құрал болды. Оның тиімділігі қатысушылардың 50%-інің қызметте өсіп, көздеген лауазымдарына қол жеткізуінен байқалуда. Сонымен қатар, ҚПО қорша­ған ортаны қорғауға тиісті зейін қойып, табиғат қорларын пайдалану бойынша арнайы шарттарды сақтауға арналған қысқа және ұзақмерзімді шаралар жоспарын ұқыпты орындауда. Мамандар ұзақ уақыт бойы күтіліп отырған жаңа Экологиялық кодекс жобасы бойынша ағымдағы талқылауларға белсене қатысып келеді. Карантин режиміне қарамастан, компания шығарындыларды, төгінділерді және қалдықтардың өңделуін, сонымен қатар табиғи компоненттерді: атмосфералық ауаны, жерүсті және жерасты суларын және топырақты жіті қадағалауда. ҚПО хабарлауынша, ауа сапасы, санитарлық-қорғау аймағы және Қарашығанақ кен орнына жақын орналасқан елді мекендермен байланысты сұрақтар әрдайым айрықша назарда. Ауа сапасы күн сайынғы талдама алу мен куәландырылған зертханада сынау арқылы және үздіксіз жұмыс істейтін экологиялық бақылаудың автоматты станциялары көмегімен зерттеледі. Сонымен қатар қазір жаңа энергетикалық аудиттің нағыз қызған кезі. Ондағы мақсат – энергоресурстарды пайдалану тиімділігін анықтау, үнемділік жолдарын, тың мүмкіндіктерді іздеу. Бұл қадам тағы бір көлемді әрі бастамашыл әрекетпен, атап айтқанда, энергия ресурстарын пайдалану және парниктік газдарды кәдеге жарату бойынша ұзақмерзімді жоспармен жалғаспақ. Жақында компания өз қызметкерлерінің және мердігерлерінің қоршаған ортаны қорғау бойынша хабардарлығын арттыру мақсатында экологиялық семинар өткізді. Шара барысында жаһандық экологиялық мәселелер, соның ішінде ресурстарды пай­даланудың өсуі, пластикалық қал­дықтардың артуы сынды өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ күнделікті өмірде қолдану арқылы қоршаған ортаға кері әсерді жалпы азайтуға үлес қосуға мүмкіндік бере алатын пайдалы кеңестер мен ұсыныстар берілді. Карантиннің жалғасуымен жұмыс онлайн тәртіпте орындалып келеді, жақын арада қоршаған ортаны қорғауға және энергияны сақтауға арналған видео-сабақ дайындалмақ. Ағымдағы дағдарысты жағдай әлем бойынша жаңа бағыттардың жолын ашып, дүниежүзілік бизнес-қауымдастықты жұмыс істеу әдістерін өзгертуге итермелеуде. ҚПО да бұдан тыс қалмағаны белгілі. Сондықтан коронавирус салдарынан туындаған сын-қатерді өткеру үшін компания өз басымдықтары мен бизнес үдерістерін қайта қарауға ниетті. Бұл әрекет көптеген бағыт пен салаларға, соның ішінде бюджетті дайындау мен жоспарлау, жеткізілімдерді ұйымдастыру, инфрақұрылым мен қызметтер, компания мен мердігерлік ұйымдар қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас және көптеген басқа да мәселелерге өз әсерін тигізуі ықтимал. Ағымдағы және болашақ қауіп-қатерлерге қарсы қадамдар жасаудан өзара әрекеттестіктің жаңа үлгілері пайда болуы әбден мүмкін, деп есептейді компаниядағылар. Осы жолда ҚПО еліміздің бақылаушы органдарымен, облыстық атқарушы органдармен, салалық серіктестермен және басқа да мүдделі тараптармен мемлекеттік мүдделерді, бизнестік басымдықтарды және корпоративтік құндылықтарды біріктіру мақсатында тығыз әріптестікте жұмыс істеуде.

Ботагөз Әбдірейқызы

423 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы