• Өндіріс
  • 02 Шілде, 2020

Отандық бұйым: Табандылық танытар кезең

Еліміздегі мұнай өндіруші, геологиялық барлау және машина жасау компанияларын сапалы құбыр өнімімен қамтамасыз етуге отандық өндірісті тартудың маңызы бөлек. Осы салада жұмыс істейтін KSP Steel бірегей кәсіпорны елдің өндірістік және экономикалық әлеуетін нығайту мен өсіруге лайықты үлес қосуда.

KSP Steel – мұнай-газ саласы үшін жіксіз, тұтас болат құбырлар шығаратын алғашқы әрі жалғыз отандық кәсіпорын. Компанияның өндірістік ор­талығы Павлодар қаласында орналасқан. Дәл осында 2007 жылдың желтоқсанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен зауыт ресми түрде ашылған болатын. Бүгінгі таңда барлық нысандары шамамен 133 гектар аумақты алып жатқан өндіріс ошағында 4500 маман еңбек етуде. KSP Steel-дің негізгі қызметі әртүрлі диаметрдегі жіксіз болат құбырларды өндірумен байланысты. Бұл бұйым елдегі машина жасау және өнеркәсіптік кәсіпорындарында, мұнай-газ өндіретін және геологиялық барлау компанияларының нысандарында тұтас құбыр­лар орнату кезінде қолданы­лады. Қазақстандық құбырлар ішкі нарықпен қатар, ТМД елдеріне – Ресей, Әзербайжан, Түрікменстанға, алыс шетел мемлекеттеріне, соның ішінде АҚШ-қа белсенді түрде экспортталады. Зауыттың тиімді географиялық орналасуы өнімді жылдам тиеуге және оны Қазақстан аумағындағы кез келген станцияға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Құбыр өнімін Ақтау порты арқылы теңіз тасымалымен жеткізу мүмкіндігі KSP Steel-ге каспий маңы мемлекеттерінің нарығына, ал Ресей шекарасына жақындық – Орталық және Шығыс Сібір нарығына шығуға жәрдемдеседі. Дамыған көлік жүйесінің арқасында отандық құбырларды әлемнің кез келген жеріне экспорттауға болады. Әдетте зауыттың жобалық қуаттылығы – жіксіз болат құбырдың жылына 270 мың тоннасын құрайды. Дегенмен, өндірісті одан әрі 350 мың тоннаға дейін ұлғайтып, 50 мың тонна сорғы-компрессорлық құбыр, 150 мың тонна шегендеу құбырын және 150 мың тонна мұнай құбырын шығаруға қауқары жетеді. Өндіріс ошағында өз салаларында танымал көшбасшы болып саналатын Danieli, MAC, Cartacci, Tuboscope, Bronx, Colinet, PMC, Tiede, Linsinger компанияларының жабдықтары орналастырылған. Озық технологияның, жаңа бақылау әдістерінің және білікті мамандардың арқасында өнім сапасы да жоғары деңгейге шығып отыр. Өндірістің аяқталған циклына ие кәсіпорында жұмыс металл сынығынан – дайын өнімге дейінгі күрделі де ауқымды процесті қамтиді.

Өндірістік кешен болат балқыту цехынан, ферроқорытпа және құбыр илемдейтін өндірістен, сондай-ақ машина жасау кешенінен тұрады. Құбыр илемдейтін өндіріс пен арматуралық бұйым шығару цехы құюмен қамтамасыз ететін меншікті болат балқыту цехына ие. Бұл тұтынушы тапсырыстарының тұрақтылығы мен уақытылы орындалуына, сондай-ақ түпкі өнім сапасының жоғары деңгейіне ке­пілдік береді. Цех API 5L, API 5CT, ASTM, сондай-ақ МЕМСТ стан­дарттары бойынша болаттың барлық маркаларын шығару үшін жобаланған. Машина жасау кешенінде құю, илемдеу және жөндеу-механикалық цехтары жұмыс істейді. Құю цехында болат пен шойыннан жасалған кез келген нысандағы және конфигурациялы құймалар жүзеге асырылады. Илемдеу-ұстахана цехында МЕМСТ 7829-70 бойынша соғу балғаларында жасалатын көміртекті және қоспаланған болаттан жасалған соғылмалар орындалады. Мұнда тау-кен, көмір және басқа да өнеркәсіп салаларында шарлы диірмендерде пайдаланылатын қақталған және тегістелген борлаушы шарлар өндірісі жолға қойылған. Жөндеу-механикалық цехта зауыт жабдығын жұмыс жағдайында ұстау үшін барлық өлшемдегі және 1000-нан астам қосалқы бөлшектер түріндегі илектеу тігістері жүргізіледі. 2007 жылы іске қосылған құбыр илемдейтін цех МЕМСТ және API стандарттарына сәйкес көмір­текті және қоспаланған болаттан жасалған мұнай сортаментінің ыстықтай илектелген құбырларын шығарады. Құбыр өнімінің 50%-тен астамы елімізден тыс жерлерде сатылып, мұнай-газ өндіру саласында, машина жасауда, құрылыс өнеркәсібінде және коммуналдық шаруашылықта қолданылады. Ал ферроқорытпа өндірісі 2013 жылы іске қосылған. Бұл өндірісте МЕМСТ 1415-93 сәйкес ферросилиций ФС45, ФС65, ФС75 маркалары бойынша өндіріледі. Ферроқорытпа өндірісі жүргізілетін цех ашық типті үш кентермиялық дөңгелек пештермен жабдықталған. Ферросилиций металлургиялық өндірісте болатты қышқылдандыру және қоспалау үшін қолданылады. Отандық зауыт Ресей Федера­циясындағы 2017-2019 жылдар­дағы есепті кезеңде «Мұнай-газ сортаменті құбырлары» тобында үздік шетелдік жеткізуші болып танылды. Сондай-ақ ағымдағы жылдың ақпан айында «Samruk Business Forum: Отандық тауар өндірушілерді қолдау» бойынша іс-шарада экономиканың дамуына өз үлестерін қосқан және өз салаларында бәсекеге қабілетті бола алатын қазақстандық компаниялар қатарында шикізаттық емес секторда «Жергілікті қамтудың жоғары үлесі» номинациясы бойынша үздік аталды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

481 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы