• Өндіріс
  • 09 Шілде, 2020

Қазатомөнеркәсіп: Инвесторлар тарапынан жоғары сұраныс тудырды

Институционалдық инвесторларға арналған «Қазатомөнеркәсіп» SPO-сы шеңберіндегі инвестициялардың үштен бірінен астамы «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасы – AIX арқылы тартылды.

Биыл маусым айында «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ («Самұрық-Қазы­на») әр ЖДҚ/акцияның бағасы $13 тұратын, жалпы сомасы $206 653 499 АҚШ долларын құраған 15,9 миллион акцияны («Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ акциялары мен жаһандық депозитарилік қолхаттары (ЖДҚ) түрінде) Astana Interna­tional Exchange («AIX») және Лондон қор биржасында институционалдық инвестор­ларға арналған өтінімдер кітабын тездетіп қалыптастыру (Accele­rated bookbuilding) арқылы сатты. 1 030 815 акция AIX алаңында қа­зақстандық инвесторларға сатылды. AIX-та орналастырылған 4 333 960 ЖДҚ-ның 2 500 000-ын шетелдік инвесторлар, ал 1 833 960-ын қазақстандық инвесторлар сатып алды. Жалпы SPO-ның 33,7%-ы AIX арқылы іске асырылды. «Екі жылға созылған «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын жекешелендіру барысында біз институционалдық және жеке инвесторлардың компанияға тұрақты қызығушы­лық танытқанын байқадық. «Қазатомөнеркәсіп» компания­сы Astana International Exchange арқылы шетелдік инвести­ция­лардың айтарлықтай көлемін тарта алғанын қуана айтқым келеді, бұл компанияның және жалпы Қазақстан экономи­касының әрі қарай дамуы үшін маңызды болып табылады», – деді өз сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқа­рушысы Қайрат Келімбетов. AIX басқарма төрағасы Тим Беннетт Astana International Exchange алаңында бағалы қа­ғаз­дарды орналастыру кезінде «Қазатомөнеркәсіп» IPO-сы мен SPO-сының елеулі қолдауға ие болғандығы халықаралық нарықта да, ішкі нарықта да сезілгендігін атап өтті. «Негізгі акционердің, букраннерлердің және AIX командасының үйле­сімді жұмысының арқасында Қазатомөнеркәсіп кең ауқымды шетелдік инвесторлар қорын тарта алды», – деді ол. Институционалдық орналастыру ойдағыдай аяқталды. «Өйткені біз халықаралық және отандық институционалдық инвесторлар тарапынан күшті қолдауды байқадық. Бұл «Қаз­атомөнеркәсіп» компания­сы­ның акционерлік тарихын және жалпы индустрияның тарихын инвесторлардың аңғарғанын растай түседі. «Самұрық-Қазына» қоры бірнеше сағаттың ішінде AIX-тағы өтінімдер кітабында және жаһандық кітапта керемет сұранысты, сондай-ақ қайталама нарықтағы бағаның оң серпінін қамтамасыз ете алды, бұл – компания акцияларының өтімділігі арта түседі және инвестициялық қызығушылық әрі қарай өседі деп топшылауға мүмкіндік береді», – дейді «Halyk Finance» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархад Охонов. Ұлттық жекешелендіру бағ­дар­ламасы аясында «Самұрық-Қазынаның» «Қазатомөнер­кәсіп» компаниясындағы үлесінің сатылуы Ковид-19 пандемиясы басталғаннан бері шекара­лық нарықтағы эмитент-компа­нияның алғашқы орналастыруы болды және инвесторлар тарапынан жоғары сұраныс тудырды. Осы ретте «Ренессанс Капитал» ИК-ның Ресей және ТМД нарықтарындағы акционерлік капиталмен жұмыс жасау жөніндегі басқарма басшысы – басқарушы директор Дмитрий Бродский сұраныстың ұсыныстан бірнеше есе артық болғанын, сондай-ақ AIX арқылы жергілікті орналастыруда және халықаралық траншта жаңа ірі инвесторлардың көп мөлшерде қатысқанын айтты. Бұл транзакция Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасын ойдағыдай жалғастыруға және елдің инвестициялық тартымды­лығын арттыруға жағдай жасайды, сондай-ақ пандемиядан кейін нарықтардың бірте-бірте қалпына келуіне қарай, басқа эмитенттердің жаңа орналастыруларды іске асыруға деген сенімділігін қамтамасыз етеді. Айта кетейік, 3 маусымда «Са­мұрық-Қазына» AIX арқы­лы шамамен 385 000 акцияны сату мақсатында (акциялар және ЖДҚ түрінде) Қазақстан Респуб­ликасының азаматтары болып табылатын бөлшек сауда инвесторларына бөлшек жазылуды ашты. Бөлшек сауда инвесторларына арналған өтінімдерді жинау өткен маусым айының 8-де аяқталды. «Самұрық-Қазына» 2018 жыл­ғы қараша айында бастапқы жария орналастыру (IPO) шең­берінде компанияның шыға­ры­лған акционерлік капиталының 14,92%-ын LSE және AIX алаң­дары арқылы сатуды жүзеге асырды. Өткен жылғы қыркүйек айында қосымша орналастырудың нәтижесінде еркін айналымдағы (free-float) акциялардың жалпы көлемі 18,72%-ға жетті. Ағымдағы екінші қайтара орналастыруды ескерер болсақ, сондай-ақ бөлшек сауда инвесторларының пайдасына жергілікті орналастыру толық көлемде жүзеге асырылған жағдайда, компанияның еркін айналымдағы акциялары 25%-ды құрайтын болады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

391 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы