• Өндіріс
  • 09 Шілде, 2020

Электр энергиясы қымбаттады

Шілденің бірінен бастап Қазақстанда электр энергиясы қымбаттады. Таяу­да бұл туралы Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Айдос Дәрібаев мәлімдеген еді.

– Электр энергиясына арналған тарифтер заңға сәйкес 7 жылға белгіленеді, бұл ретте энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шығындары нақты ұлғайған жағдайда, энергия өндіруші ұйымдар уәкілетті органға шекті тарифтерді түзетуге өтінім беруге құқылы.

Осыған байланысты Қазақ­стан­ның энергия өндіруші ұйымдары сәуір айында топтар бойынша шекті тарифтерді түзетуге өтінім берді. 44 энергия өндіруші ұйымның 35-інен өтінім берілді. Оларды қарау кезінде министрлік әр жағдай бойынша жеке тәсілді қолданды. Дер кезінде шешуді талап ететін өтінімдер назарға алынды, – деді ол. Айта кету керек, бұйрықтың жобасы 2020 жылғы 10 маусымда ашылған нормативтік құқықтық актілер (НҚА) сайтында жарияланды. ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Энергетика министрлігінде тіркелген сараптамалық ұйымдармен талқылаулар өтті. Сондай-ақ бұл бұйрық жобасы қоғамдық кеңесте де қаралып, ашық НҚА порталының электрондық алаңында да талқыланды. Тарифтерді түзету «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы №514 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» ҚР Энергетика министрінің бұйрығымен ағымдағы жылдың 29 маусымында жүргізілді, деп хабарлайды ресми ұйым. – Бұл бұйрық 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілуі тиіс. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тариф­терінің орташа ұлғаюы 16 пайыз деңгейінде болжануда. Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағынан басқа Қазақстанның барлық аймақтары бойынша электр энергиясын іске асыратын Екібастұз ГРЭС-1 шекті тарифі шамалы деңгейде, яғни 0,7 пайызға ұлғаяды. Ұйымдардың басқа станциялары тарифтерінің ұлғаюы аясында Екібастұз ГРЭС-1 шекті тарифінің сақталуы соңғы тарифтерге ең аз деңгейде әсер етеді. 44 энергия өндіруші ұйымның 9-ы бойынша тариф бұрынғы деңгейде сақталған. Бір энергия өндіруші ұйым бойынша тариф 7 пайызға төмендетілді. 18 энергия өндіруші ұйым бойынша тарифі 20 пайызға дейін өсті, қалған 16 энергия өндіруші ұйымның тарифі 20 пайыздан артық болды. Электр станцияларының шекті тарифтерін уақтылы түзету алдағы күзгі-қысқы кезеңдерден сәтті өту және биылдан бастап авариялық жағдайларды азайту үшін оларды жаңғырту жөніндегі жұмысты бастауға мүмкіндік береді, – деді А.Дәрібаев. Ведомство мәліметінше, энергия өндіруші ұйымдар шекті тарифтері өзгерген кезде статистикалық орташа пәтерлер бойынша соңғы тұтынушылар үшін электр энергиясын төлеуге арналған орташа чек ағымдағы шоттарға айына 200 теңгеден аспайтын шамаға төртінші тоқсаннан ерте емес мерзімде ұлғайтылуы мүмкін. – Бұдан басқа, электр энергиясына шекті тарифтерді қайта қарау 44 энергия өндіруші ұйымның өндірістік персоналының 27 мың жұмыс орнын сақтауға мүмкіндік береді. Себебі елді электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету осы адамдардың жұмысына тікелей байланысты, – деді Айдос Дәрібаев. Енді нақты жергілікті энергия өндіруші ұйымдар жүргізіп жатқан жұмыстарға зер салсақ.

ШЫҒЫСЭНЕРГОТРЕЙД  ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ТАРИФТІ КӨТЕРУ  ТУРАЛЫ МӘЛІМДЕДІ

Компания электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктерге емес, мемлекет қаржыландыратын заңды тұлғалар үшін электр энергиясының құнын өзгертуге өтінім берді. Тұрғындар үшін жарық тарифі өзгеріссіз қалады, деп хабарлайды жергілікті БАҚ Устинка LIVE өз сайтында. Сала монополистер өтінімін маусым айының соңында көпшілік тыңдауларда қарастырған. Аймақтағы карантиндік режимді және эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қоғамдық тыңдаулар қатаң санитарлық нормаларды сақтай отырып, сондай-ақ бейне-конференция байланыс арқылы онлайн режимінде қатысушылардың шектеулі санымен өткен. Іс-шара табиғи монополиялар және бағаларды реттеу бөлімінің басшысы Ернар Ахметовтың төрағалығымен өткізілді. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың, табиғи монополия субъектілерінің өкілдері, тұтынушылар мен БАҚ өкілдері қатысқан. – Біз тұтынушылардың үш са­натын бөлеміз, – деп хабарлады «Шығысэнерготрейд» ЖШС қаржы директоры Тимур Оразов. – Бірінші санат – бұл тауарларды, жұмыстарды өндірумен (сатумен) және қызметтерді ұсынумен байланысты емес, өзінің тұрмыстық мұқтаждықтары үшін электр энергиясын пайдаланатын тұр­мыстық тұтынушылар. Бұл – облыс халқы. Тұрғындар үшін тариф өзгеріссіз қалады және киловатт сағатына 10,395 теңгені құрайды. Электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін емес пайдаланатын тұтынушылар – заңды тұлғалар, олар үшін электр энергиясының қолданыстағы бағасы 12,936 теңге/кВт*сағ. Берілген өтінімге сәйкес, ол 15%-ға өседі және 14,876 теңге/кВт*сағ құрайды. Мына мәселені ескеру қажет. Ең алдымен, тарифті көтеру тұтыну­шылардың үшінші санатына қатысты болады. Бұл мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын заңды тұлғалар. Олар үшін электр энергиясына қолданыстағы баға 12,936 теңге/кВт*сағ берілген өтінімге сәйкес 30%-ға өседі және 16,767 теңге/кВт*сағ құрайды. – Бұл санат Қазақстанның басқа аймақтарында бөлінген, – деп атап өтті Тимур Асқарұлы. – Онда тариф Шығыс Қазақстан облысында мәлімденген тарифтен бірнеше есе артық. Энергетиканың электр қуаты құнының өсуінің негізгі факторлары 2019 жылғы 1 қазаннан бастап станциялардың тарифтері 7%-дан 15%-ға дейін өсті. Шығысэнерго­трейд бағасында бұрынғы тарифтер салынған. Сондай-ақ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап KEGOC тарифі 12%-ға өсті, 1 наурыздан бастап ШҚ АЭК тарифі 10%-ға өсті. Жалпы, Қазақстан бойынша 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр қуатының тарифі 30%-ға өсті. Тыңдауларға онлайн режимінде қатысқан облыс тұрғындары энергиямен жабдықтаушы ұйым өкілдері мен монополияға қарсы тұлғаларға өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойды. Тыңдау барысында барлық сұрақтар­ға түсініктемелер берілді. Алайда халық пен жеке кәсіпкерлер – жеке тұлғалар үшін тарифтер бұрынғыдай қалғанымен, өндіруші кәсіпорындар үшін электр қуатының құнын арттыру нәтижесінде олар шығаратын өнімнің бағасы өзгермейтінін түсіну қажет. – ТМРА шешімін көпшілік тың­дауларда қатысушылар тарапынан айтылған пікірлерді ескере отырып қабылдайтын болады, – деп түйіндеді Ернар Ахметов. – Ол туралы заңнамада белгіленген мерзімде қосымша хабарланады.

Редакциядан: Батыс Қазақстан облысында мемлекет қаржы­ландыратын заңды тұлғалар электр энергиясы үшін 36,99 тг/кВт*сағ, Қарағанды облысында – 33,42 тг/кВт*сағ, Алматы облысында – 29,9 тг/кВт*сағ төлейді.

Исатай ҚАМБАРОВ

486 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы