• Өндіріс
  • 16 Шілде, 2020

Ішкі мүмкіндіктерді іске қосу өркенді дамуға жол ашады

Еліміздің экономикасы жаһандық деңгейдегі қиындықтарға төтеп беріп, ілгерілеп, даму үстінде. Оған өткен жылғы өсім көрсеткіштерінің жоғары болғаны дәлел болады. Дегенмен, бүгінде бар әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты туындаған жағдай қай салада болмасын ойға алған мақсаттар мен белгіленген жоспарларға өзгеріс әкелері, төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болары анық.

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстан­ның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында: «Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады», деп атап көрсетілді.

Маңызды құжатта айтылғандай, индустрияландырудың төртінші бесжылдығында өткен бесжылдық­тағы жіберілген кемшіліктер мен олқылықтарды ескере отырып, еңбек өнімділігінің нақты өсімін 1,7 есеге арттыру көзделген. Жалпы индустрияландырудың бүгінгі мақсат-мүддесі «шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруға» негізделген. Сонда «Білім экономикасы», еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналмақ. Өңіріміздің даму ерекшеліктеріне қарай инвес­тициялық әріптестікті дамыта отырып, облыстағы жұмыс орындарын сақтау, өнеркәсіп кәсіпорындарының ырғақты жұмысын тұрақтандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу индустрияландыру бағдарламасының мүддесімен астасады. Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 24,5%-ға өсіп, 584 млрд теңгені құрады. Соның ішінде ішкі инвестициялар көлемі 42,7%-ға өсіп, 440,3 млрд теңге болды. Негізгі капиталға құйылған инвестициялардың жалпы көлеміндегі ішкі инвестициялардың үлесі 75 пайызға жетті. Осының нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы республикада негізгі капиталға құйылған жалпы инвестициялар көлеміндегі ішкі инвестициялар үлесінің көрсеткіші бойынша бірінші орынға шықты. Сырт көзге бәрі оңай көрінгенімен, инвестор табу – қиынның қиыны. Өйткені «бір тиыны екі тиын» болып қайтатынына айқын көзі жетпейінше, инвестор қайтарымсыз жобаға құлдық ұрмайды, ақша салмайды. Сондықтан инвесторларды тарту, инвестициялық кли­матты жақсарту, экспортты жыл­жыту жұмыстарын жандандыру мақсатында аймақтық кеңес жұмыс істейді. Былтыр инвесторлар кеңесі­­нің 5 отырысы өткізіліп, онда 587 тұрақты жұмыс орнын құратын жалпы шамасы 40,9 млрд теңгенің 10 жобасы мақұлданды. Биылғы жылғы кезекті отырысында инвесторлар кеңесі 370 жұмыс орнын ұсынатын, жалпы құны 25,7 млрд теңге болатын 5 жобаны қарап, оң шешім шығарды. Жуықта тағы үш жоба мақұлданды. – Қазіргі уақытта қаражат тарту және инвестициялық жобаларды қолдау мәселелері жөніндегі бірыңғай аймақтық оператор ретінде инвестицияларды тарту, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдармен және даму институттарымен өзара әрекеттесу бойынша жұмысты жандандыру мақсатында «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ жанынан инвесторларға қызмет көрсету орталығы құрылды. Бүгінде инвесторларға қызмет көрсету орталығының жаңа тұжырымдамасы дайындалуда, – деді аталмыш басқарма басшысы Ернар Бекетов.

Оның айтуынша, өңірге инвести­циялар тарту және ірі жобалар­ды енгізу үшін индустриялды аймақ құру жұмыстары басталды. Теректі ауданындағы Ақсуат ауылдық окру­гіндегі Пойма стансасы ау­мағы­нан индустриялдық аймақ құры­лысын салуға 281 гектар жер бөлін­ген. Оған қажетті техникалық-эконо­микалық негіздеме, жобалық-сме­талық құжаттама жасалған және жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жүргізіліп, жоба тұжырымдамасы дайындалған. Сондай-ақ ағымдағы жылға болашақ индустриялдық аймақ аумағына инфрақұрылым тартуға 1,7 млрд теңгеге өтінім беріліп, мақұлданды. Өткен жылы облыста 500 жұмыс орнын құратын жалпы құны 354,2 млрд теңгенің 10 жобасы іске қосылды. Атап өтсек, оның ішінде ең ірілері – «Жайықмұнай» ЖШС-ның газды дайындау қондырғысы, «ҚПО б.в.» компаниясының бесінші мұнай құбырының құрылысы, «Орал кабель» ЖШС-ның кабель өнімдері өндірісі, «PETROVALVESKIOS» ЖШС-ның шар клапандары өндірісі, «Орал полиэтилен тұрбалары зауыты» ЖШС-ның полиэтилен тұрбалары өндірісі, «ICMRecycling» ЖШС-ның тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, іріктеу және өңдеу жобалары. Биыл 800 тұрақты жұмыс орны құрылатын, жалпы құны 27,5 млрд теңге болатын 12 жоба іске қосылмақ. Олардың ішіндегі ең ірілеріне тоқтала кетелік. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның қуаты 35-500 кВ трансформаторға арналған панельдік радиатор өндірісі жобасы бойынша қуаты жылына 3 000 тонна өнім шығаратын өндіріс орны ашылып, онда 115 адамға жұмыс беріледі. «Квант» ЖШС-ның жиһаз фабрикасы құрылысы жобасы бойынша жылына 22 мың дана жиһаз шығаратын өндіріс орны ашылмақ, онда 100 адамға жаңа жұмыс орны ұсынылады. Ал «Орал құс фабрикасы» ЖШС-ның құс фабрикасын кеңейту жобасында жылына 14 мың тонна құс етін өндіру көзделген. Онда қосымша 50 адам жұмыс істемек. «Орал жылыжай комбинаты» ЖШС-ның жылыжай кешені жобасы іске қосылғанда жылына 2 500 тонна көкөніс өндіреді және 50 адамға тұрақты жұмыс береді. «Серік өндірістік жабдықтау кәсіпорны» ЖШС Ақсай қаласында қонақ үй құрылысын жүргізуде. Қонақ үйдің ауданы 8 521 шаршы метрді құрайды, онда 108 бөлме болады. «Кублей» ЖШС-ның теріні алғашқы өңдеу жобасы бойынша аусымына 600 дана тері өңделмек, 50 жұмыс орны ашылады. «134» ЖШС-ның кірпіш зауыты құрылысы жобасы іске қосылғанда жылына 20 миллион дана кірпіш өндіріліп, 70 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Қорыта айтар болсақ, бұл жобаларды уақтылы жүзеге асыру облыстың экономикасын ілгерілетуге, өндіріс көлемін ұлғайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға, бюджетке түсетін салық түсімдерін молайтуға және ең бастысы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Темірғали ЕСКЕНДІРОВ, «Жайық-Ет» ЖШС-ның директоры:

– Екі жыл бұрын құс фабрикасын ашып, іске қостық. Кәсіпорында қазіргі уақытта жылына 7 200 тонна құс етін өндіру жоспары артығымен орындалуда. Жалпы, 200-ден астам адамды жұмыспен қамтыдық. Фабрика өнімдерімен алдымен өңірімізді қамтуды мақсат тұттық. Енді бұл жобаның екінші кезеңін іске асыруды көздеп, құс фабрикасын кеңейту жобасын қолға алғанбыз. Бүгінде жобамыз мемлекеттік сараптамадан өтуде. Бұл жоба алдағы уақытта жүзеге асар болса, құс етін өндіру көрсеткіші екі еселеніп, 13-14 мың тоннаға жетпек. Қазіргі таңда Қазақстан нарығындағы құс етінің 48 пайызы сырттан келеді. Бүгінде өңір нарығын 30 пайызға жергілікті өніммен қамтып отырғанымызды ескерсек, жаңа жобамыз іске қосылғаннан кейін облыста құс етіне сұраныс толықтай жабылады деген ойдамын.

Талғат БЕРЕКЕШЕВ, «Кублей» ЖШС-ның директоры:

– Серіктестік тері илеп, өндіретін цех құрылысын бұдан үш жыл бұрын бастады және ол жуықта іске қосылады. Цех жұмысын бастаған кезде кәсіпорын қалдықсыз өнім өндіру әдісіне толықтай көшеді. Өткен жылдың желтоқсан айында құрылыс жұмыстары аяқталды, енді жабдықтарды іске қосу жұмыстары басталмақ. Жаңа өндіріс орнына тері өңдейтін жоғары технологиялық итальяндық жабдық сатып алынды. Оған қажетті қаржыны екінші деңгейдегі банктен несиеге алғанбыз. Тері цехының қуаты ауысымына 600 дана тері-терсекті сапалы етіп өңдеуге жетеді. Өзіміздің ет өңдеу кешеніне алынған шикізаттар, терілерді өңдеу кезінде арнайы химиялық қоспалар қолданылады. Бұл оның сапасын арттырады. Жартылай дайындалатын тері (wet-blue) өнімдерін Түркияға, Ресейге, Италияға экспортқа шығару жоспарланған. Жаңа цех ашылғаннан кейін 20 тұрақты жұмыс орны құрылады. Қазіргі уақытта біз жабдықтарды іске қосатын және мамандарымызды оқытатын, сондай-ақ шетелдік жабдықтарды реттеп, іске қосатын шетелдік мамандардың келуін күтудеміз.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы