• Өндіріс
  • 23 Шілде, 2020

Егін орағы қарқын алды

Төлеби ауданының диқандары егін орағын бастап та кетті. Таулы ауданның күнгейі саналатын Қазығұрт тауының етегіндегі Кемеқалған ауылының диқандары көрші ауылдарға қарағанда астыққа орақты ерте салады. Шаруалар үшін әр минут алтынмен тең. Олар карантин кезінде де әбжіл әрекет үстінде, деп жазады облыстық газет.

Танапта таң алакеуімнен комбайн даусы естіледі. Алқапта 4 комбайн бидай оруға жұмылдырылған. Солардың бірі – механизатор Болатбек Құлтаев 16 жылдан бері комбайнмен қатар, К-700 тракторын да тізгіндеп келе жатқан тәжірибелі маман. Шаруашылық төрағасы механизаторларға гектарына 2000 теңгеден төлейді екен. «Таң алакеуімнен тұрып жұмысқа кірісіп, қас қарая үйге барамыз. Әрине, күннің ыстығында, шаң-тозаңның арасында жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, адамның өзі қалаған жұмыстың ләззаты қашанда ерекше болады. Басқа шаруашылықтар да көмекке шақырып жатады. Өзімізге тиесілі аймақты орып болған соң, көршілерге көмектесуге барамыз», – дейді комбайншы. Бір күнде көмекшісіз 15 гектарға дейінгі алқапты орып тастайтын механизаторлар маусым сайын миллион теңгеден аса табыс табады екен. Сондықтан олар дәл осы кезде жұмыстың ауырлығына қарамай қимылдап қалуға тырысады. Өндірістік кооперативтің бас агрономы Самат Ережепов биыл орақ науқанының ертерек басталғанын айтады. Кооператив иелігіндегі 1000 гектар бидай мен 400 гектар арпаға айдың басында-ақ орақ түскен. Арпа ору науқаны аяқталу үстінде, бидай ору енді басталып жатыр. Одан бөлек 600 гектар мақсары бар. «Шаруаның қолын байлайтын қосалқы бөлшек пен жанар-жағармайдың қымбаттағаны болмаса, биыл бидайымыздың шығымы керемет. Гектарынан 25 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Әрине, адамның қолынан келетін тірліктің бәрін істедік, дегенмен, табиғаттың тосын мінезіне еш шара жасай алмаймыз. Жаңбырдың сәл кем болуы, керек емес кезде күннің қатты ысып кетуі де өнімге кері әсерін тигізгені рас. Алайда, өнім былтырғыдан 5 центнердей жоғары. Шүкір, техникамыз да жүріп тұр. Үмітіміз зор. Орақ шілде айының соңында аяқталады деп жоспарлаудамыз», – дейді бас агроном. Осылайша, науқан кезінде игі іске жұмылған 40 шақты жұмысшы күні бойы тынбайды. Тіпті, кешегі карантин талаптары күшейіп тұрған кезде де шаруалар бір сәтке жұмысын тоқтатпаған. Бидай өңір көлеміндегі диір­мен­дерге, макарон зауыттарына тара­­тылса, арпаны құс фабрикалары-ақ қой­май­ды екен. Одан бөлек, пай үлесі бар 500-ге жуық мүше де үлес алады. Дәл қазір шаруашылық иелігіндегі 1000 гектар жер пар тұрғысында пайдаланылады. Яғни оны келесі жылға бидай егуге дайындайды. Кооперативте мал шаруашылы­ғына да көңіл бөлінген. Техника да жеткілікті. Дегенмен, мемлекет тарапынан берілетін субсидиялардың қысқартылып кетуі шаруаларға оңай тимей отыр. Осы ретте өндірістік кооператив төрағасы Талғат Сейданов: «Субсидия бізге техникалық базамызды жақсартып отыруға үлкен көмек еді. Егер мүмкіндік болып жатса, сол субсидияның қайта қалпына келтірілуін ауыл шаруашылығы құрылымдарының атынан өтінген болар едік», – деп атап өтті. Сонымен бірге, бүгінде тыңайт­қыш пен жанар-жағармайға деп берілетін субсидия да дер кезінде шаруаларға жетпейді. Себебі, қолбайлау болатын артық талаптары көп. «Ол талаптарды орындап болғанша уақыт күтіп тұрмайды. Жер өз уақытында жыртылып, дән өз уақытында себілуі тиіс. Негізінен жанар-жағармай бөлу де солтүстік өңір диқандарының уақтысына орайластырылған. Ал бізде, білесіздер, егіс жұмыстары олардан бір ай бұрын жүреді. Осындай қиындықтар да кездесіп жатады», – деп ашығын айтты ол. Талғат Сейданов уақытпен санаспай, таңның атысы, күннің батысы егін алқабында жүрген жігіттерге ризашылығын да жасырмады. «2020 жылдың егін орағына кірістік. Дер кезінде жинап алсақ деп бар күшімізді жұмсап отырмыз. Елдің ынтымағы мен халықтың ауызбіршілігінің арқасында шаруашылық жылдан-жылға кеңейіп келеді. Облыстағы алдыңғы қатардағы кооперативтердің ішіндеміз. Ауа райының қолайсыз­дығына қарамастан қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, егіннің бітік шығуына күш салдық», – дейді кооператив басшысы. Төлеби ауданында биыл үйіргелік жерді қоса есептегенде 65896 гектар алқапқа егіс егілген. Оның 13900 гектары бидай (8400-і – күздік, қалғаны – жаздық). Орақ науқанына 41 комбайн мен 419 доңғалақты техника қатысып жатыр. «Жыл сайын егін орағын Кемеқалған ауыл округінен бастаймыз. Көріп отырсыздар, биыл бидайдың түсімділігі жақсы. Ал, мақсары жоспарланғаннан аз болды. Оның орнына арпаны көбейтіп, есесіне арпа 109 пайызға орындалып отыр. Былтыр жеңілдетілген тыңайтқыштан 560 тонна алсақ, биыл екі есеге көбейтіп, 1430 тонна алдық. Осының арқасында бидай таза, түсімділігі де жоғары болады деп үміттенеміз. Құдай қаласа, бәрі күздегі жиын-терімде белгілі болады», – дейді Төлеби аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев. Бөлім басшысы мемлекет тарапынан берілетін жеңілдетілген тыңайтқыш пен жанар-жағармайды электронды кілт арқылы алу қажеттігін айтады. Диқандар осы мәселеде қиналып жатады екен. Бұл күні орақ маусымының ашылуына қатысқан ауыл ақсақалдары диқандарға батасын берді. «Аспаннан жауын, жерден өнім болсын, еліміздегі болып жатқан жаман індеттің беті ертерек қайтып, тыныштық заман орнасын», деп ақ батасын берісті қариялар.

Иса ҚАМБАР

469 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы