• Аймақ
  • 23 Шілде, 2020

Өркенді даму өрісі

Солтүстік Қазақстан облысында, бүкіл еліміздегідей, қатаң карантин жарияланып, көптеген нысандар жұмысын тоқтатқанымен, жалпы даму көрсеткіші өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда төмендеген жоқ, деп жазады жергілікті басылым хабарламасында. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында да айтылған. Жиында облыстың алты айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және бюджеттің кірісі мен шығыс бөлігінің орындалу барысы талқыланған болатын.

Экономика басқармасының басшысы Арсен Қазыбековтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда экономика саласында біршама ілгерілеу бар екен. Атап айтқанда, қысқамерзімді экономикалық индекс индикаторы 101,4 пайызды құраған. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі – 25,5%, салынған инвестиция – 23,4%, құрылыс – 16%, өнеркәсіп 11,4 пайызға ұлғайған.

Айта кету керек, осы мерзім аралығында ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері үш пайызға артып, 73,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Мал шаруашылығына көз жүгіртсек, ет өндіру – 8,5%, сүт 5,4 пайызға молайған. Дегенмен, Есіл ауданында қара мал еті, Қызылжар мен Аққайың аудандарында құс, Шал ақын ауданында жылқы, Мамлют ауданында шошқа өсімі азайған. Ең маңыздысы, өсім өнеркәсіп, өңдеу, құрылыс саласында да бай­қалады. Биылғы жартыжылдықта өңір экономикасына 108,4 млрд. теңгенің инвестициясы тартылған. Оның 63 пайызы жеке кәсіпкерлердің үлесі. Инвестицияның 51 пайызы – ауыл шаруашылығына, 18 пайызы – жылжымайтын мүлікке, 13 пайызы өндіріске тиесілі. Ал жеке инвестиция тарту бойынша Тайынша мен Есіл аудандары алда. «Дегенмен, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш төмендеген салалар да бар. Атап айтқанда, жеке сауда және көлік саласының көрсеткіші мәз емес. Бұған соңғы төрт айда коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай себеп болуы да жоққа шығарылмайды», – дейді сала басшысы А.Қазыбеков. Облыс әкімдігіндегі отырыста бұдан әрі облыстық қаржы бас­қар­масы басшысының орынбасары Әлия Әйкенова жергілікті бюджеттің орындалуы туралы есеп берді. Баяндамашының айтуынша, жергілікті бюджеттің кіріс жоспары артығымен орындалып, шығыс бөлігі 99,5 пайызға игерілген. Бюджетке жоспарлы 21468 млн. теңгенің орнына 28954 млн. теңге түскен. Дегенмен, республикадан бөлінген мақсатты трансфертті игеруде кемшілік бар. Белгілі болғандай, 404 млн. теңге игерілмеген.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бірқатар маңызды мәселелер мен алда тұрған басым міндеттерге тоқталып өтті. «Біз тоқсан бес күн бойы қатаң карантин режімінде жұмыс істедік. Бұл елдің де, өңірдің де экономикасына кері әсер еткені сөзсіз. Жоспарланған жұмыстар уақытша тоқтатылғанымен, құрылыс, ауыл шаруашылығы салалары өкілдерінің қажырлы еңбегінің арқасында көр­сеткіштеріміз төмендеген жоқ. Әлеуметтік-экономикалық даму­дың оң динамикасы сақталды. Бірқатар салалардың көрсеткіштері республикалық орта деңгейден жоғары. Нәтижесінде облысымыз екінші ай қатарынан экономикалық даму жөнінен алдыңғы қатардағы өңірлер тобына кіріп отыр. Ендігі мақсатымыз – бұл нәтижемізді еселей түсу. Ол үшін барлық мүмкіндігіміз бар. Қолдау да, қаражат та жеткілікті», – деді Құмар Іргебайұлы. Бұдан кейін өңір басшысы жеке салаларға шолу жасады. Агро­өнер­кәсіп саласындағы өсім деңгейін төмендетпеу аса маңызды. Өткен алты айдың қорытындысына сәйкес, өңірімізде сүт пен ет өндірісін арттыруға басымдық берілді. Биыл алты ауданда 10 тауарлы-сүт фермасының құрылысы қолға алынған. Бұл жобаларды жүзеге асыруға 12,8 млрд. теңге бөлінген. Әкімнің айтуынша, алдағы уақытта тағы 20 кешен салынатын болады. Алайда, Шал ақын мен Жамбыл аудандарында осындай фермалар құрылысының жүргізілмеуінен сүт өндіру тек 0,4 және 0,1 пайызға ғана артқан. «Өрісті малмен толтыру бағытындағы жұмыс әлі сылбыр. Жыл аяғына дейін бес мың ірі қара сатып алу жоспарланса, бұл жұмыс баяу жүргізіліп жатқан аудандар бар. Сол сияқты кейбір аудандарда жол жөндеу және таза ауызсумен қамтамасыз ету секілді аса маңызды әлеуметтік салаларға тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуде», – деп атап көрсетті Қ.Ақсақалов. Құмар Іргебайұлы жарты жылдың қорытындысы бойынша әрбір аудан әкімінің есебі тыңдалып, соған орай нақты шешім қабылданаты­нын ескертті. Биыл өңірімізде құ­рылыс қарқыны жоғары. Дегенмен, құрылысқа жауапты компания­ларға қатаң талап қойылатынын, мердігер жоспарланған жұмысты уақтылы атқармаса келісімшарт­тың бұзылатынын ескертті. Сонымен қатар өңір басшысы облыс­тың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң көрсеткіштер тұр­ғындардың тұрмы­сын жақсартып, барлық салада еңбек етіп жүрген азаматтардың табысын арттыруы тиіс екенін еске салды. Облыста маусымдық ауыл шаруа­шылығы жұмыстары да қарқынды өрістей түскен. Атап айтқанда, ауылдағы ағайын шілде айы басталысымен шөп шабу науқанына қызу кірісіп кеткен. Жауапты шақ басталғалы шабындыққа шалғы түсірген Мамлют ауданының шаруалары да уақытпен санаспай еңбек етуде екен. Биылғы жоспарға сәйкес бұл ауданда жалпы 38 мың тонна шөп шабу жоспарланған. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жанат Елиясовтың айтуынша, бұл жергілікті шаруалардың жылдық қажеттілігін толықтай қа­нағаттандырмақ. «Ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерінің табандылығы арқасында бүгінгі күні 17,3 мың тонна шөп шабылды. Бұл – жалпы жоспардың 45,5 пайы­зы. Шаруалардың қарқындары жақсы. Жауапты науқанға білек сыбана кіріскен жергілікті 54 агро­құрылымның 100-ден астам бригадасы қас қарайғанша шабындық басында бір адамдай еңбек етуде. Ауа райы осы қалпынан танбаса, жеткілікті мөлшерде шөп жинап аламыз. Шөп шабуды мерзімінде аяқтау үшін агроқұрылымдарда жұмыс күші де, техника да жеткілікті», – дейді Жанат Сағындықұлы. Бөлім мамандарының айтуынша, шөптің өнімділігі облыс бойынша былтырғы деңгеймен шамалас. Гектарынан 8-10 центнерді құрауда. Шаруалар оны шауып қана қоймай, тасымалдауды да бастап кеткен. Аталмыш науқан тамыз айына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Айта кету қажет, күннің ыс­ты­ғына қарамастан, қарқынды бә­сең­детпеген шаруалар қауымы бірер күннен кейін шөптен басқа да мал азықтарын дайындау жұ­мыстарын атқармақ. Мәселен, қор­ды молынан қамдап алуға ниетті жергілікті агроқұрылымдар күзге дейін 13 мың тонна пішендеме және 30 мың тоннаға жуық сүрлем дайындауды жоспарлап отыр.

Исатай Қамбаров

32540 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы