• Бизнес & Қоғам
  • 09 Қараша, 2012

Ерен асу

Рахмет Тұрарұлы Жалғасбаев 2012 жылдың 12 қарашасында 50 жасқа толса, 2012 жылдың 15 қарашасы Қазақстанның қаржыгерлер күні болғандықтан,  өзінің мамандығына  сай қаржы  саласында көп жылдар еңбек етті. Айтулы мерекелерімен құттықтай отырып,  ұзақ өмір, отбасы бақытын, жұмысында табыстан табысқа жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз. Сонымен бірге,  Рахмет  Тұрарұлына  қос мерекесіне шашу ретінде осы бір мөлтек әңгімені жариялауды жөн көрдік.

        Барыс жылының қоңыр күзі. Маңғыстаудың нулы да сулы мекені Шайыр ауылындағы мектеп басшысы Түрекеннің отбасында үлкен қуаныш. Жары Нұрлыхан ана жеңілденіп, өмірге ұл келді. Бұл бала бұйыртса, қазақтың салт-дәстүрі бойынша кенже атанып, қарашаңырақты ұстаушы болар. Алдында сегіз бауыры – төрт ағасы мен төрт апайы бар, яғни, төрі-төрт құбыла. Әкесі Тұрар Жалғасбайұлы өңірдің алғашқы ағартушысы, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан елдің сауатын ашты, дәріс берген, бірнеше жерде мектеп ашқан. Аймақтың абыз ақсақалы атанды.

       Балалық шақ қазақтың қара балаларына тән туған ауылында өтті. Мектепте алғашқы әріп танып, қолына қалам ұстатушы Қалабай ағайы еді. Ол ұстаз 50-60 жылдары оқуға келген ауыл балаларының бірінші мұғалімі болды.

       Туған жердің табиғаты тамаша. Қаратаудың теріскейінде орналасқан бауырынан мың сан бұлақ, оның сылдырлап аққан мөлдір суымен нәр алған тал ағаштар, алма, өрік, шабдалы, жидек жемістері, көкөністің барлық түрлері ауылдың мол несібесі еді.

      Рахмет Қазақ ауылына тән осы көріністі көріп өсті. Үйдің кішісі болып ерке мінез көрсетпеді (ондай мүмкіндік болса да), ер балалардың еншісіндегі отбасының түз шаруасына ерте араласты. Туған ауылына қараған тау бойының әр шоқысы мен қарауыл-обасы және сай-саласы жанында жаттаулы. Жусан мен изен, боз бен еркек, көкбас пен қоңырбас, құсқанбас пен қараған бұталары өскен Қаратау алқабы бала ойын сан-саққа жетелейді, көңілін алыс қиялдарға апарады.      

     Бүгінгі берісі Маңғыстаудың, арысы түбі түркі халқының рухы жайлаған қасиетті жер Отпантауға 11 жасынан бастап әлденеше көтерілген. Кейін Ата рухына арналған өлең шумақтары әкесінің «Ағарту асуында» ғұмырнама кітабында (Алматы, Дәуір, 2009ж.) жарияланды.

 

Отпантау Көкбөрінің жері ұйық,

Қойнауы от, қызыл-жасыл арқар, киік.

Нұрбұлақ тасты жарып сылдыр қаққан,

Бауырындай аруананың тұрар иіп.

Рухы Маңғыстаудың болсын биік,

«Болашақ» ақыл-ойды жисын түйіп.

Әулие ата-баба жүрсін қолдап,

Абырой ұрпағына берсін үйіп.

Ұлысы алалықты қойсын тыйып,

Ұлығы ел арына піссін күйіп.

Көңілі жастарының ашық-жарқын,

Қылығы құрбыларын суса сүйіп.

 

        Еңбек жолы орта мектепті тәмамдаған соң, туған ауылындағы шаруашылықтан басталды. Құрылыс салды, малдың жем азығын дайындау цехында жұмысшы болды, шаруа үйлерін жөдеуден өткізді.

       Оқуға деген құштарлық оны 1982 жылы еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласына алып келді. Халық шаруашылығы институтының банк мамандығына оқуға түсті. Білімнің орысша оқытылуы бір ауыз тіл білмейтін ауыл жеткіншегіне оңай соқпады. Намысқа шауып, шыдады, қиындықты жеңді.

        Кеңес үкіметінің ұйғарымымен студенттерді әскер қатарына шақырды. Бауырлас Белорусия жерінде танк командирі болып әскери борышын абыроймен атқарды. Елге оралды, оқуын жалғастырды. 1986 жылы Желтоқсан қозғалысына үн қосты.

      Таңдаған мамандығын игеріп, жоғары білімнің иесі атанды. Енді елге қызмет ету керек. Институттың жолдамасымен Гурьев қаласындағы облыстық өнеркәсіп-құрылыс банкіне аға-экономист болып жұмысты бастады.

      Облыстағы отын-энергетика саласындағы кәсіпорындар мен мекемелердің ақша-қаражаты орталықтан (ол кезде мұнай-газ кешендері Москваға бағынады) қарастырылған қаржыландыруды және несиеленуді жүзеге асырды. Бұл кезеңде Теңіз кенішіндегі тұрғызып жатқан зауыттың бірінші кезегінің құрылысы жүргізілуде еді. Қаржыгер мамандығының сан-алуан негізін осында жүріп үйренді.

    1990 жылы Маңғыстау халқының сұраныс тілегін қабыл алған Мемлекет басшысының жарлығымен  облыс қайта құрылып, Ақтау қаласындағы банктің облыстық басқармасына қызметке ауысты. Өңірдегі үлкен кәсіпорындар «Маңғышлақмұнай» бірлестігі, Маңғыстау атом энергетика комбинаты,  Пластмасса зауыты,  «Қаражанбастермьнефть», Каспий тау-кен комбинаты (ПГМК) т.б компанияларға банктік қызмет көрсету, қаржыландыру және несиелеу, қолма-қол ақша сұраныстарын қамтамасыз етті.

        Қазақстан Республикасы Жинақ банкінің басшылығы жас та жігерлі маманды облыс деңгейіндегі жетекші бөлім халықтың аманатын жинақтау және несиелеу басқармасын басқаруға шақырды. Осы уақытта халықтың жинағын 40 пайызға өсіру бағдарламасына және халықты тұрғын үй құрылысын жүргізуге және сатып алуға облыста қызмет ұйымдастырды.

         1992 жылы Қазақстанның Ұлттық Банкінің бөлімшелерін аудан орталықтарында ашуға шешім қабылданды. Осы жұмысты өңірдің қара шаңырағы Маңғыстау ауданында ұйымдастыруды облыстық банк басшылығы Р.Тұрарұлына тапсырды. Төрт жыл (1992-1996ж.ж) аудан халқын, мекеме мен кәсіпорындарының ақша-қаражат қажетін, есеп айырысу, төлем жұмыстарын абыроймен атқарды. Ауданда төл теңгені ақша айналымына енгізілуіне басшылық жасады.  

        Одан кейінгі жылдары мемелекеттік кәсіпорын Бюджет банктің филиалын басқарып, аудан көлемінде мемлекеттік бюджеттің атқарылуын, ауданның қаржы жүйесі арқылы қаржыланатын мекемелердің ақшалай сұраныстарын өтеді.

        Елдің банк жүйесінде коммерциялық банктер қызмет көрсете бастады. Аудандағы банк жүйесінің бірден-бір өкілі Қазагроөнеркәсіпбанк Маңғыстау филиалына директор болып келді. Бұл кез дүниежүзілік Оңтүстік Азия елдері дағдарысының өршіген уақыты еді. Ауыл шаруашылығы экономикасы құлдырауының шарықтау шегі, шаруашылық өнімдерінің бағасы табыс құрамады. Бірақ, Рахмет кәсіпқойлық күш салып, ауыл кәсіпкерлерін несиелеу жұмыстарын ұйымдастырды, агробанк арқылы қаржыландыруды жүзеге асырды.

        Аймақтағы банк саласының білікті маманы оны облыс орталығында орналасқан Халықтық Банктің өңірлік филиалы директорының бірінші орынбасары лауазымы қызметіне тағайындады. Осы қызметте үш жыл облыс аумағындағы кәсіпорындар мен компаниялардың банктік – қаржылық қызметін жасауға ат салысты. Өңір халқына тұтыну несиелерін беруді жүзеге асырды. Банк төлем карточкаларын айналымға енгізді.

       Облыста «АТФ Банктің» филиалын ұйымдастырды. Банктің толыққанды жұмыс істеуіне жол ашты. «Өзенмұнайгаз» АҚ жәе «МАЭК-Казатомпром» кәсіпорындарымен қаржылық тығыз байланыс орнатты.

       Мұнайгаз компаниялары «Тенге» біріккен кәсіпорны, «Қазмұнайгаз-Сауда үйі», «НИПИНефтегаз» АҚ, «Емір-Ойл» ЖШС кәсіпорындарының қаржылық және комерциялық директорлары мен басқарушылары болып еңбек етті.

      2006-2009 жылы «ДАМУ» кәсіпкерлікті дамыту акционерлік қоғамының Маңғыстау аймақтық филиалын басқарды. Өңірдің аудан, қала кәсіпкерлерінің бастапқы қызметін ұйымдастыруды қаржыландырды, әсіресе, өнім өңдіруші жобалар мен қызмет көрсету салаларына жеңіл пайызбен несиелеуді жүзеге асырды. 2007 жылы ДАМУ филиалы облыста банк және қаржы институттары арасында кәсіпкерлерді қаржылық қолдаушы жеңімпазы атанды.

      Маңғыстау облыс филиалында 2011 жылдан «Қазпошта» АҚ директор, оның орынбасары қызметін атқарып жүр.

      Өткен жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, аймақта пошта-жинақ қызметін жетілдіруге үлкен 20 іс-шара ұйымдастырды. Аймақтағы мемлекеттік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойылып, университет түлектерін мамандықтары бойынша жұмысқа алуға келісімге келді.

      Аталған қызметтердің басында тұрғанда, аймақтағы қайырымдылық шаралардан да тыс қалмады. Ауылдарда арнаулы күндер өткізіп, адамдарға қаржылық – несиелік түсініктер, медициналық тегін көмек, тұрмысы төмен отбасыларға материалдық қолғабыс, мектеп оқушыларын қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету және сыныптық кабинеттерді жасақтауға өзіндік үлес қосты.

         Облыстағы ұйымдастырылған мәдени-көпшілік тағылымды іс-шараларға белсене араласты.

         Рахметтің халыққа жасаған еңбегі қолдау тауып, 1999 жылы екінші сайланған облыстық мәслихаттың депутаты болып көпшілік дауыспен баламалы негізде сайланды. 1999-2003 жылдары Маңғыстау облысының экономика және бюджет мәселелері бойынша облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясын басқарды.

         2005 жылы білімін ұштастыру мақсатында заңгер жоғары мамандығының иесі болды. Оның елге танымал бірегей қыры қазақ халқының төл өнері – әншілік және жыршылық дәстүрін насихаттаушысы. «Жігітке жеті өнер де аз»  деген халықтың асыл сөз мұраларындай, қазақтың қара домбырасымен төл халқының қайсы аймағының болмасын (Арқа, Жетісу, Алтай, Батыс, Маңғыстау) ән мектебі шығармаларын 30 жыл бойы өзіндік қоңыр даусымен нақышына келтіріп  орындап келеді. Өнерде асқан дарын иесі екеніне елі куә. Ел арасында өткізетін өнер сайыстарының да бірнеше мәрте жеңімпазы атанды. Алғашқы ұйымдастырылған Мұхит пен Маңғыстау әндері конкурсының дипломанты болды. Ендігі мақсаты халық әуендерін өзіндік орындау негізінде кейінгі буынға қалдыру.

Атқарған жұмыстары еленіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 және 20 жыл медальдарымен, Қаржы қызметінің үздігі және Қосай ата төс белгілерімен, бірнеше алғыс хаттармен марапатталды. Ол жанұялы, жұбайы мен төрт баланың қосағасы, туыстарының тірегі.

        Алда талай ерен асулар бар. Ал оны бағындыру ел ішінде есімі белгілі Рахметтей ерге міндет жүктейді.       

 

 

 

 

«Қазақ  газеттері»  ЖШС-нің Маңғыстау облысы

бойынша өкілі  Б.Төлеуғалиев

691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы