• Атамекен
  • 30 Шілде, 2020

Әлемде мемлекет көп, бірақ Қазақстанның жөні басқа

Қазақтың елдігі мен мемлекеттігіне тарихи тұрғыдан мейлінше күмән келтіру бұрындары да көп кездесетін. Бірақ өткендегі ондай жағдай­ларда қазақы сананың бұндай талпыныстарға қарсы берік иммунитеті болған. Өйткені бұрын сол күмән келтірушілер басқа халық өкілдері ретінде танылған.

Сондықтан олардың айтқан­дарын қазақты жақтырмайтын­дардың теріс пікірі деп қана қабылдауға толық негіз бар еді. Қазір ондай сөздер өз ішімізден айтылып жатыр. Және қазақ тарихына қатысты осы теріс пікірлер сол өз ішімізде ілезде іліп әкетіліп, кеңінен таратылып жатыр. Қарсы уәж айтуға батылы баратындар көп емес. Және осы азшылықтың өзі іс жүзінде ақпараттық (информациялық) блокада жағдайында қалғандай күн кешуге мәжбүр.

Осындайда қазақтың «Жалғыз­дың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөзі еске түседі. Дегенмен, үндемеу қала беруге болмайды. Өйткені осы жағдай елдігімізге сын. Қайта мойымай, айту керек. Тарихымызды, тілімізді, елдігімізді бұрынғыдан да бетер насихаттауды қолға алуымыз қажет. Мәселені тереңірек зерттеуге ден қоюымыз керек. Және де қазақ халқының, оның тарихи және мәдени мүддесіне қандай да болмасын бір қолдау танытатын пікір кімнің атынан айтылса да және қай жерде айтылса да, оған барынша ден қойып, жан-жақты қолдау көрсетіп шығуымыз қажет.

XXI ғасырда халықаралық және ұлтаралық қатынастарда жер мәселесі ең шатақты мәселе болып тұр. Адамзаттың саны 7 миллиардтан асып кеткен жағдайда әр халық үшін өзі өмір сүріп отырған орта мен жердің ауқымына басқалардың қол сұғуына жол бермеу қажеттігі өте-мөте маңызға ие болып отыр. Тіпті бір ғана ТМД кеңістігін алсақ та, осыған қатысты талай шатақты атауға болады. Тәжіктер осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын Бұқарада билік құрған Саманидтер әулеті тарихын тілге тиек етіп, Өзбекстанның біраз бөлігін өз жері деп тануға талпыныс жасап жүр. Және де бұл журналист-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері арасында ғана айтылып жүрген әңгіме емес. Бүгінгі Тәжікстанның мемлекеттік идеологиясы өзінің тамырын Бұқарадағы Саманид мемлекетінің негізін қалаған Исмаил Саманиден таратады. Тіпті тәжіктің ақшасының өзі «сомони» деп аталады. Бұндай жәйт көрші Өзбекстанды, әрине, қатты алаңдатады. Өйткені Бұқара мен Самарқандсыз қазіргі өзбек елін көз алдына елестетудің өзі қиын.

Осыған ұқсас жәйттер қазіргі уақыттағы ТМД ауқымында өте көп. Өз ыңғайынша құрастырылған тарихқа арқа сүйеп басқа халықтар мен елдердің жеріне көз аларту не тіпті солардың жерін даулау жаман әдетке айналып кетті. Осындай әңгімелердің ең қауіптісі қазақтарға қарсы бағышталған десек, артық айтқан болмас. Өйткені қазақтың кең-байтақ жеріне көз аларту оның өзін халық-ұлт ретінде жоққа шығарумен тікелей ұштасып жатады. Және де ең қорқыныштысы: бізде қазақ мүддесін аяққа таптауға жүйелі негізде тойтарыс беру, бұндай талпыныстарға қарсы ұйымдасқан түрде күрес жүргізу қарқыны әлсіздеу көрінеді. Жағдайдың осы күйде сақталып қала беруіне көнуге болмайды. XXI ғасырда өзін-өзі қорғай алмаған ұлт жерінен ерте ме, кеш пе айрылады. Ал қазақтың жері үлкен. Қазақстан әлемдегі мемлекеттер ішінде бұл көрсеткіш бойынша Ресейден (17,075 млн. шаршы км.), Канададан (9,976 млн. шаршы км.), Қытайдан (9,597 млн. шаршы км.), Америка Құрама Штаттарынан (9,363 млн. шаршы км.), Бразилиядан (8,512 млн. шаршы км.), Австралиядан (7,687 млн. шаршы км.), Үндістаннан (3,288 млн. шаршы км.) және Аргентинадан (2,777 млн. шаршы км.) кейінгі 9-ыншы орынға (2,717 млн. шаршы км.) ие.

Аталған мемлекеттердің бесеуі – Ресей, АҚШ, Қытай, Үндістан және Бразилия – халқының саны көп, мемлекеттілігі тұрақталған қуатты елдер. Оның үстіне оның төртеуі - Ресей, АҚШ, Қытай және Үндістан – ядролық державалар. Демек, қажет болған жағдайда өз жерлерін қалай да қорғай алады. Бесіншісі – Бразилия – Оңтүстік Америкада жайғасқан. Оның шығысында Атлант мұхиты бар. Ал құрлықтағы оны айнала қоршайтын елдердің бәрінің халқы санын қосқанда, бір ғана Бразилия халқының санынан аспайды. Және де онымен көршілес мемлекеттердің бәрінде де жер жеткілікті. Олар Бразилиядан қауіптенбесе, Бразилияның олардан қауіптенуінің қажеті жоқ.

Аталмыш тізімдегі Қазақстан­нан басқа үш мемлекетте – Канадада, Австралияда және Аргентинада – халық, рас, көп емес. Бірақ олардың жеріне көз алартардай айналаларында өз жеріне сыймай жатқан ел жоқ. Канаданың үш жағында – мұхиттар (шығысында - Атлант мұхиты, батысында – Тынық мұхиты, солтүстігінде – Солтүстік мұзды мұхит). Төртінші жағында – оңтүстігінде – Америка Құрама Штаттары. Бұл – Канаданың өзі сияқты бай мемлекет. Бұның үстіне оның халқы көп болғанмен, жері жеткілікті. Және де, басқаны былай қойғанда, американдықтар канадалықтар үшін - тілі де, діні де, мәдениеті де бірдей бауырлас халық. Ал Австралия болса - айналасын түгелдей теңіз қоршаған бөлек бір бүтін континент. Оңтүстік Америкадағы Аргентинаның шығыс және оңтүстік жағы – теңіз, батысы – биік таулар. Солтүстігінде Бразилия орналасқан, бірақ оның өз жері де жеткілікті.

[caption id="attachment_29322" align="alignnone" width="1000"]Суретте: Лорд Десаи Суретте: Лорд Десаи[/caption]

Қазақстанның жөні басқа. Құрамына еліміз кіретін Орталық Азия өңірі халқы санынының өсуі жағынан кейінгі жетпіс жыл бойы әлемде алдына жан салмай келе жатқан Таяу Шығыс аймағымен көршілес орналасқан. «Онда тұрған не бар?» деген сұрақтың туындауы мүмкін. Бір қарағанда, ештеңе де жоқ сияқты көрінеді. Дегенмен, осы орайда мынадай жәйттерге назар аударған дұрыс болар. Таяу Шығыстағы жалпы халық саны 1950 - 2000 жылдар аралығында 100 миллионнан шамамен 380 миллионға дейін өскен. Яғни жарты ғасыр ауқымында 280 миллион адамға көбейген. Аймақта жұмыссыздық мәселесі біраз уақыттан бері мейілінше ушығып тұр. 2015 жылы Абу-Дабиде өткен Sustainable Business Leadership Forum конференциясында Таяу Шығыстың мемлекеттік қайраткерлері 2020 жылға дейін 100 миллион жаңа жұмыс орнын ашу туралы міндеттеме алған. Ол, әрине, қазіргідей пандемия жағдайында қол жете қоймайтын көрсеткіш болса керек. Демек, Таяу Шығыстан Еуропа елдеріне қарай ағылған мигранттардың легі енді еселеп артуы мүмкін. Бірақ Батыс әлемі бұларды шек қоймай қабылдай беруге дайын емес. Сондықтан ондағы қуатты мемлекеттер осы мәселенің алдын-алудың басқа амалдарын біраздан бері қарастырып жатыр.

Қырғыздың Inozpress.kg басылымы кезінде жариялаған «Чужую беду в Центральную Азию» атты мақалада мынадай мәліметтер келтірілген: «Иммигранты, хлынувшие с Ближнего Востока стали для европейского союза не просто головной болью, но и настоящим экзаменом на способность решать реальные, а не надуманные проблемы. 

В середине сентября верхняя палата Британский парламент заслушивала предложения по расселению беженцев с Ближнего Востока в странах Центральной Азии. Лорд Десаи блеснул географическими и культурологическими познаниями. Его предложение звучит следующим образом: Иммигранты в большинстве своём мусульмане перепутали направление, хлынув в христианскую Европу. Нужно повернуть европейские реки в сторону центра Азии. Лорд рассуждает: Беженцев нужно расселить в государствах именно Центральной Азии.

Развивая идею, лорд приводит «убийственные» аргументы: «Государства Центральной Азии могли бы благосклонно отнестись к приему беженцев по причине культурной близости. Это мусульманские страны... Они исповедуют одну религию».

Что мы имеем в сухом остатке? Наглядная попытка западных политиков развернуть поток в новом направлении, не считаясь с реалиями. При этом самих беженцев никто не спрашивает. А то, что такое переселение грозит неизбежными трениями своих с пришлыми сомневаться не приходится. О благополучии других стран Британский парламент думает меньше всего. Но умение добиваться нужного результата западным политикам не занимать».

Аталған мақаланың авторы С.Непесов бір нәрсені жақсы түсінетінін аңғартқан. Бұл - Батыстың жетекші саясаткерлері ұсынған нәрсенің жерде қалмай­тындығы туралы болжау. Сон­дықтан ол «Заварили кашу, спровоцировали своим вмешательством во внутренние дела стран Ближнего Востока поток беженцев, так и расхлебывайте. При чем здесь Центральная Азия?» деп ашынғандай кейіп танытқанмен, мақаласын «Но, как водится, кто платит, тот и заказывает музыку. И представление продолжается», деп түйіндеген.

Тағы бір айта кететін нәрсе мынау. Лорд Десаи «мигранттар мен қашқындардың мейілінше көп бөлігін» Орталық Азия мемлекеттеріне апарып жайғастыру туралы сөз қозғаған. Бұл, әрине, ең алдымен Қазақстанға қатысты болар. Лорд Десаидің Британ парламентінде жасаған ұсынысы Кеңес Одағы кезіндегі республикамызды «неше түрлі ұлттар лабораториясына» айналдыруға бағытталған жобаға қатты ұқсайды. Және бұл жолы да Қазақстанның байырғы халқынан ешкім де рұқсат сұрағалы жатқан жоқ сияқты.

Бұдан мынадай пікір туындауға тиіс болса керек. Қазақ тарихын қалай болса, солай бұрмалаудың, қазақ жерін даулаудың жиі орын алуы және оған қарсы халықаралық деңгейде ештеңенің айтылмауы мен ешқандай шараның қолданылмауы ерте ме, кеш пе жоғарыда айтылғандай нәтиже беруі әбден мүмкін. Сондықтан тарихымызға мұқият болайық. Әлемде мемлекет көп, бірақ Қазақстанның жөні басқа ғой.

 Қайрат қазақпаев

508 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы