• Өндіріс
  • 30 Шілде, 2020

Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жағдай тұрақты

Жетпісбай  Бекболатұлы, әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ  профессоры e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазір көптеген елдер ішкі нарықты молықтыру мен импортты алмастыруға баса назар аудара отырып, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту стратегиясын қайта қарастыруда. Өйткені карантиндік іс-шаралардың алғашқы күндерінде түрлі елдерде азық-түлік тауарларына деген сұраныс күрт өсті, ал жүріс-тұрыстың шектелуі мен блокбекеттер азық-түлік тауарларының кедергісіз қозғалуына белгілі дәрежеде тосқауыл болды. Коронавирус пандемиясына байланысты ағымдағы жағдай азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері басты түйткілдердің бірі болғанын көрсетті. Орын алып отырған ахуал ауыл шаруашылығының дамуына тікелей әсер етпесе де, импортты алмастыру жоспарларын қайта қарауға мәжбүр етуде. Агроөнеркәсіптік кешен саласында елімізде ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша тұрақты жағдай сақталуда. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,2 пайызға ұлғайды, тамақ өнімдерін өндіру көлемі 2,4 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 10,1 пайызға ұлғайып, 98,4 млрд теңгені, тамақ өнімдерін өндіру көлемі 14,9 пайызға өсіп, 20,6 млрд теңгені құрады. Мал шаруашылығында жалпы өнім шығару 2,3 пайызға өсті. Өндіріс көлемінің өсуі ет өндірісінің 3,6 пайызға, сүттің 3,2 пайызға өсуімен байланысты болды. Өсімдік шаруашылығында 2020 жылдың көктемгі дала жұмыстарының уақытында жүргізілуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып, аса жауапты науқан өз мәресіне дер кезінде жетті. Ағымдағы жылы қазақстандық ауыл шаруашылығы өніміне сұраныстың артқаны ескере отырылып, ауыл шаруашылығы дақылдары алаңы 237,7 мың гектарға ұлғайтылды, сөйтіп ол 22,5 млн гектарға дейін жеткізілді. Бұл ретте егіс алаңдарының құрылымында рентабельділігі жоғары дақылдардың өсімі қамтамасыз етілді, атап айтқанда оны майлы дақылдар бойынша 122,2 мың гектарға арттырып, 3 млн га дейін жеткізу, азықтық дақылдарды 308,6 мың гектарға ұлғайтып, 3,6 млн га дейін жеткізу, көкөніс-бақша дақылдарын 11,5 мың гектарға өсіріп, 272,6 мың га дейін жеткізу, сондай-ақ жоғары сұранысқа ие қарақұмықты 30,9 мың гектарға арттырып, 99,2 мың га дейін жеткізу жүзеге асырылды. Бұл жалпы өнім жиналымының дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар бойынша 18,5 млн тоннаға, яғни 6,3 пайызға, майлы дақылдар бойынша 2,8 млн тоннаға немесе 12 пайызға, азықтық дақылдар бойынша 33 млн тоннаға немесе 1,5 пайызға, көкөніс-бақша дақылдары бойынша 7 млн тоннаға немесе 4,5 пайызға дейінгі болжамды өсімін қамтамасыз етеді. Көрсетілген көлемдерге қабылданып жатқан тұқымдарды, пестицидтер мен тыңайтқыштарды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу, импорт алмастыру шеңберінде бақ отырғызу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру, сондай-ақ жабық топырақ алаңдарын кеңейтуді жалғастыру, суармалы жерлер көлемін 60 мың гектарға ұлғайту сынды шаралар есебінен қол жеткізу жоспарланып отыр. Бұған қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға арналған инвестициялық субсидиялау нормативтерін 1 гектарға 500 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейін ұлғайту жөнінде қабылданып жатқан шаралар ықпал ететін болады. Сонымен қатар жоғары репродукциялы тұқым себілетін алқаптардың үлесін арттыру, минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін жоғары көлемде және тұрақты алуға мүмкіндік береді. Жер учаскелерін беру кезеңдерін ықшамдап, қадамдарын жетілдіруді көздейтін жер қатынастарын цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Агроөнеркәсіптік кешеннің жаңа күн тәртібі шеңберінде аталған барлық тәсілдемелерді іске асыру агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін ашуға мүмкіндік беріп, саланың серпінді де үдемелі дамуын қамтамасыз етеді. Жалпы жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемін 3,1 трлн теңгеге, яғни жоспарланған индикаторларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі тірідей салмақтағы ет бойынша 1,9 млн тоннадан 2,1 млн тоннаға дейін 7 пайызға, сүт бойынша 5,8 млн тоннадан 5,9 млн тоннаға дейін 2 пайызға, жұмыртқа бойынша 5,5 млрд данадан 5,6 млрд данаға дейін 1,6 пайызға ұлғаятын болады. Бұған мал басын орта есеппен 5 пайызға өсіру арқасында қол жеткізіледі. Сонымен қатар өткен жылы уақтылы қабылданған шаралар өсу серпініне оң әсер етуде, сөйтіп, өндіріс қуаттылықтарын енгізу мен кеңейту бойынша жүзеге асырылған жұмыс өз жемісін беруде. Ағымдағы жылы мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасау үшін қосымша шаралар қабылданатын болады, атап айтқанда 88 мың тонна құс етін өндіретін 8 құс фабрикасы іске қосылады, бұл импорт үлесін 44 пайыздан 39 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. 114 мың тонна шикі сүт өндіретін 25 өнеркәсіптік және 30 отбасылық тауарлы сүт фермасын салу жоспарланды. Ірі қара және ұсақ мал сатып алатын шағын фермерлік қожалықтар құру мен дамытуды қаржыландыру басталып кетті, яғни ет кластері үшін шикізат базасын дамытудың іргетасы қаланады. Ет өңдеу секторында жалпы қуаттылығы 45 мың тонна болатын 3 заманауи ет өңдеу комбинаты іске қосылады. Субсидиялау және кредит беру тетіктерін жетілдіру есебінен сүт өңдейтін кәсіпорындар мен ет өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесі ұлғайтылады. Жоғарыда көрсетілген шаралар есебінен мал шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2,6 трлн теңгеге дейін өсіру қамтамасыз етіледі.

473 рет

көрсетілді

48

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы