• Аймақ
  • 30 Шілде, 2020

ДАЛА АКАДЕМИГІ

Алпысбай Шүйішев – ҚР еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері

Маңғыстау өңірінде мал шаруашылығы ұжымдарын ұйымдастырып, мемлекетке мал шаруашылығы өнімдерін сату мен мал басын өсіру жоспарларын орындауда ерен табысқа жеткен бірегей жетекшілер мен мамандар қатарында Алпысбай Шүйішұлының есімі ерекше құрметпен аталады. Өңірде ата кәсіпті өркендету жолында өзіндік із қалдырып, дала академигі атанған білікті басшы шаруа адамының бар қажеттілігін қамтамасыз етпейінше тыным таппайтын іскер де қамқор жан еді.

Алпамсадай ағаның бейнесін көз алдыма елестетсем, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында ауылдың жоғары маңдай тұсындағы ұжым үйінде, қазір де бар, тұрғандары ойға оралады. Алпысбай аға Шүйішұлы Маңғыстау өңірінде мал шаруашылығы ұжымдарын ұйымдастырып ерен табысқа жеткен, 1953 жылдан (23 жаста) ауыл шаруашылығы фермасын үздіксіз 40 жыл абыройлы басқарып, оның кейінгі 20 жылында облыстың жоғары табысқа жеткен жеңімпаз ұжымға тапсырылатын «Ауыспалы туын» қолынан түсірмеген Маңғыстаудың «Октябрь 50 жылдығы» кеңшары бірінші фермасының бірегей басқарушысы атанды. Ол шопан ата түлігін өсіруде алдына жан салмаған аңыз адам еді. Еңбегін елі де бағалап, «Құрмет белгісі» (1971 ж.), «Октябрь революциясы» (1976 ж.) ордендерімен марапатталды, «Қазақстан ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» (1981 ж.) атағы берілді және басқа да көптеген медальдар мен марапаттарға ие болды. Бірнеше рет зор сенім білдіріліп, ауылдық және аудандық кеңестің депутаты, облыстық-республикалық жиындарға делегат болып сайланды. Облыста алғаш рет шопан-жастар бригадасы аға басқаратын Тигендегі шаруашылықта құрылған болатын. 1974 жылы Қ.Дауылханов жетекшілік еткен осы алғашқы «Ұшқын» шопан-жастар бригадасы құрамында Қожан Арашов, Оңайбай Омаров, Құндыз Нұрбаева, Асқар Жалғасбаев, Зоя Қадірбаева, Ілесхан Салманов, Жайлау Мұрынбаевтар шопан таяғын ұстап, өздерінің жастық жігерін ата кәсіпті меңгеріп, өркендету жолына бағыттады. Алпекең аға шопан-жастардың тұрмыс-тіршілігіне аса мән беретін, мәдени-ағарту және әлеуметтік-қоғамдық шаралардың тұрақты өткізілуін ұдайы назарда ұстап, қадағалайтын. Жалынды жастар бағымындағы тоқты отарының күй-қоңысын үнемі қадағалап, тиісті жем-шөп қажеттіктерінің жеткізілуі мен толық берілуіне үлкен мән беретін. Шаруаның қажетін ұйымдас­тыруда алдына жан салмайтын. Керек болса, қыстақтағы отарларды төл алу науқаны алдында қоңын көтеру үшін тың және жайлы қоныстарға жоғары-төменгі басшыларға хабарласпай, көшіре қоятын. Кей кездерде өз кеңшарының басқа фермалары мен қоңсы шаруашылықтардың жерлеріне де еніп кететін. Шыққан шөптің өсіп-жетіліп, малға құнар­лылығын тексеруінің өзіндік тәсілі болатын, оның осы тұрғыдағы тәжірибесімен өңірде әркім санасатын. Алпысбай аға малдың қоңды­лығын түнекте жатқан отарды шетінен жаяу аралап тексереді екен. Егер қой жанынан өткенде үркіп өрсе, оның күйлілігі!.. Шаруашылық аралауға шыққанда көлік жүргізушісі қай ауылға баратындарын да білмейтін. Тек, ферма басқарушысының «сұқ саусағы сілтемесі» бағытындағы соқпақ жолға темір тұлпарын түсіре беретін. Алты ондық аға үлкен-кішімен бірдей тіл табыса білетін. Алпысбай аға елді жайлауға көшіру кезінде шопандардың күнделікті тіршілігіне қажеттіліктер үшін автоклуб пен автодүкен, монша мен үй тұрмысы қызметтерінің ауылдарға уақтылы келуін алдын ала талап етіп, шаруа адамының алаңсыз еңбек етуіне қажеттіліктің бәрін қамтамасыз етпейінше тыным таппайтын еді. Ферма бастығы мал шаруашылығын өркендетуде «Іскер-практик дала академигі» атанды. 1976 жылы Маң­ғыстауда алғаш рет «Нива» авто­көлігінің Алпекеңе берілуі де оның осы саланың өрісті дамуы жолындағы ерен еңбегіне берілген бағаның бір көрінісі екені даусыз.

«Маңғыстау» энциклопедиясында (2008 ж.) А.Шүйішов ауыл шар­уашылығының кең көлемде ауқымдануына шопан, бақташы қауымдастығымен етене қызмет жа­саған тамаша ұйымдастырушылар – ферма меңгерушілері бірегейлерінің қатарынан орын алды. Осында ағаның бейнесі мен өмірбаяны, ағасы, Адайдың жауырыны жерге тимеген палуаны Шүйішұлы Марқабай кәкенің ғұмырнамасы енгізілген. Маңғыстау облысының ауыл шар­уа­шылығы энциклопедиясында 1944-1953 ж.ж. 14 жасынан «Қарасай» ұжым­шарында колхозшы, есепші, клуб және мал дәрігерлік бөлі­мінің меңгерушісі, 1953-1992 жылдар аралығында, яғни 40 жыл ферма басқарушысы болғаны көрсетілген. Жоғарыда аталған марапаттармен қоса, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет мадақтамасымен екі рет (1957 ж., 1975 ж.) марапатталған. Онымен бірге ағасы Шүйішұлы Оңайбай әкенің де өмірбаяны жазылыпты. Ақын, жазушы Ә.Қонарбаевтың «Мың сан шырақты Шайыр» кітабында (2012 ж.) Алпамыс аға туралы дерек жазылған екен. Алпыс асқаралы және сексен сеңгірлі жасында ұйымдастырылған қоғамдық шаралар айтылып, арнаулар жолданған. Жинақта Алпекеңнің ағалары – ағатушы-ұстаз Тұрар Жалғасбайұлы мен мәдениет майталманы Күзембай Құлтумин және кеңес-кәсіподақ төрағасы Құлекеш Қалымұлы жайында да баяндалған. Халық ағарту ісінің үздігі, ағасы Алқамбек Сәмиұлы мен жылқы түлігі жүйрігінің білгірі, інісі Әбдіразақ Марқабайұлының орны бір бөлек сыр. Т.Жалғасбайұлының «Ағарту асуында» кітабына (Алматы қ-сы, 2009 ж.) енген мақалаларында Алпысбай ағаның өмірінен көп мағлұ­маттар келтіріліпті. Енді солардан үзінді келтірейін. Журналист Р.Қосбармақтың Маң­­ғыстау телеарнасында жүргізген «Даламның дана қарттары» авторлық бағдарламасында, түбектің балуан бабаларын сұрауында, Жарылғас Марқабай мен Бөкен Қартқожақтың күресі айтылады. 1926 жылы «Қалнияз» жерінде Қостақырға көл түсіп, Қазан Тасымұлы сақи Тілепі кәкенің асы берілген. Осы Бозашыда соңғы таратылған астың күресінде Марқабай Қартқожақты жеңеді. Кітаптың «Насихат айттым алқаға» тарауында «Коммунист А.Шүйішев басқаратын №1 қой фермасы 100 аналықтан жүз жеті қозы алып, мал басын өсірудің жоспарын 103% орындаса, Н.Қаратауов жетекшілігіндегі екінші ферма 105-тен төлдетіп, мал басының өсу жоспары 82% болып орындалмай қалды», делінген. «Ел мерейі – еңбек тынысында» атты тарауда «Правда» колхозының №1 қой ферма ұжымы Үстірт жайылымына жазғы жайлауға шықты. Мұнда 14 мың қой орналасты, оның ішінде 5700 саулық пен 8800 бойдақ бар... Озат шопандар Көшеков, Атшыбаев, Құлшанов отарларынан бірде-бір шығын бермеді. Жайлауда 6 отарға іріктелген 4700 бас мемлекетке өткізілетін қой малы бар... Шопандар әр жандықты 50 кило салмақпен тапсыру міндеттемелерін асыра орындау үшін жұмыстануда (1964 ж.). Шайыр сегіз жылдық мектебінің (қазір Т.Жалғасбайұлы атында) оқушылары сабақтан бос мезгілдерінде, жабағы жүн қырқымында №1 ферма бойынша 15 мың қой тоғытты. Колхоз орталығы – Шайыр селосын көгалдандыруға, жеміс бағы мен бақша егісіне көмектесті, 150 түйе жүнін ысырапсыз күзеп берді. «Правда» колхозы бойынша 40 мың қойдың, бірінші фермасындағы 27 мың қойдан он бес мыңы орталықтағы қырқым пунктінен өтпек. Алғашқы он күнде 5700 қой қырқылып, 6 тонна жабағы жүн алынды. Колхоздың №1 қой фермасындағы 15776 саулықтың 7050-і төлдеп, 7700 бас қозы ұжым дәулетінің есебіне енді. Ферманың озат малшылары С.Сейітқожаев, Е.Өтебаев, Т.Абаевтардың отарларындағы төл­деген әр 100 саулықтан 113-116 қозы алынуда. Мемлекетке мал шар­уа­шылығы өнімдерін сату мен мал өсіру жоспарлары асыра орындалып (117%), ақшалай табысы 901 сомға жетті. Бұған бірінші ферма коллективі (меңгерушісі А.Шүйішев) мол үлес қосуда. Фермада колхоздың 67% қойы бағылады. 1963 жылы фермада әр жүз саулықтан 105 қозы, әр қойдан 3,2 кг жүн, етке тапсырған әр қойдың салмағы 50,5 килограмм болды. Ұжымшардың орталығы – Тиген басынан он шақырымның о жақ-бұ жағында «Коммунистік еңбек коллективі» атағы үшін күресіп жатқан №1 қой фермасы орналасқан (1964 ж. облыстық «Коммунистік еңбек» пен аудандық «Жаңа өмір» газеттерінде жарияланған мақалаларынан). Кітаптың «Ұстаздық еткен жалықпас» тарауындағы «Оқушы ынтасын қалай көтереміз» атты мақа­­ласында «Оқу-тәрбие сапасын көтерудің тағы бір жайы – балалардың денсаулығы мен тұрмы­сына қамқорлық жасалғаны жөн деп білемін... Бұл орайда Қаша­ған атындағы мемлекеттік шаруа­шы­лықтың Тиген елді мекенінде мектеп болуы керек еді. Бұл жерде 40-50 жанұя бар. Барлық қой, ірі қара отарлары ферма орталығын жағалай бір-біріне жақын 5-20 шақырымдық өрістерді мекендеген... Шайыр орта мектебі жанындағы интернатта жатқан 110 баланың 100-і – тигендіктер. Олай болса, одан бастауыш мектеп ашу бұдан бұрын-ақ күн тәртібіне қойылған болатын. Бұл жағдайда оқушылар өз отбасында, ата-ана , туыстарының аялы алақанында жүріп сабаққа қатысады. Олардың көңіл-күйі мен ынта-жігері көтеріңкі болары сөзсіз («Жаңа өмір» газетінің №66 саны,19.08.94 ж.). Алпекеңнің заманындас ағасы, өзінің жазған туындылары арқылы інісі қырық жыл басқарған шаруашы­лықтың жайын тілге тиек етіпті. Бапам, Алпысбай інісі 1990 жылы алпысқа толған мерейтойында аудан мен кеңшар басшыларының және Тиген ауылы жұртшылығының алдында мінберде сөз сөйлеп, оның өңір мал шаруашылығына қосқан үлесін айтты. Бұл басқосудың естелік суреттері үйде сақталған. Әкеміздің «100 жылдық» мерейіне шығарылған алтын медалін кеудесіне тақтық. Дүниеден 2017 жылдың жазында озғанда қалы кілемге Аға байрақ­тарының бәрі тағылып, облыстық деңгейдің салалық қызмет­­керлері қатынасқан Аза жиыны өткізілді. Мүрдесі ата-бабаның қасиетті мекені, кең Бозашының Мәстек қауымына, Шүйіш кәке жанына орналастырылды. Туғанына тоқсан жыл толған ар­дақты ағаның шаңырағында Болған ақ жеңешем ұрпақтарына бас көз болуда. Әулеттің ноқта ағасы Бекмұрат бастаған, қарындасым Зәбила қош­таған туыстар өсіп-өнуде. Алып тұлға өмірі – келер ұрпаққа үлгі-өнеге, жақсы шығармаға арқау боларлық ғибратты ғұмыр. Осы ретте Шүйішұлы Алпысбай ағаның мерейтойлы жылында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Маң­­ғыстау аудандық әкімшілігі мал бағу ісі білгірінің тәжірибесін халық қажетіне пайдалану мақсатында ау­дандық мұражайда арнайы қабырға бұрышын ашып, Шайыр селосынан көше есімі берілуіне және тоқсанға толған торқалы күні Шетпеде ресми аталып өтілуіне мұрындық болса дейміз. Бұл өскелең ұрпаққа үлкен тәлім-тәрбие, көрнекті өнеге болар еді.

Рахмет ТҰРАРҰЛЫ, қаржы жүйесінің үздігі, Маңғыстау облысы

33023 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы