• Бизнес & Қоғам
  • 09 Қараша, 2012

Айтқали НҰРСЕЙІТ: ЕЛДІҢ БӘСЕКЕҚАБІЛЕТТІЛІГІ МАМАНДАР БІЛІКТІЛІГІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ

«Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам». Мемлекет басшысының  дағдарыстан кейінгі даму міндеттері айқындалған  бағдарламалық мақаласы,  сонымен қатар соңғы уақытта  ел арасында жиі көтеріліп жүрген еуразиялық одақ, бірыңғай кедендік  кеңістіктің ортақ валютасы тақырыбындағы мәселелер төңірегінде  Экономикалық басқару академиясы – Еуразиялық нарық институтының ректоры, экономика ғылымдарының докторы  Айтқали НҰРСЕЙІТ мырзамен әңгімелескен едік.

      –  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына  қарай  жиырма қадам» атты бағдарламалық  мақаласында  еліміздің дағдарыстан кейінгі даму бағытын, қоғамды әлеуметтік жаңғырту міндеттерін айқындап берді. Әлеуметтік жаңғырту бағдарламасы білім мен ғылым саласындағы, техника және технологиядағы  әлемдік деңгейдегі соны жаңалықтар мен жетістіктерді, өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық  тәжірибесін  пайдалана отырып, индустриалдық-инновациялық негізде еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттырудың маңызды шарты ретінде қарастырылады.  Сондықтан әлеуметтік жаңғырту  арқылы Қазақстанның бәсекеқабілеттілігін арттырып, әлемдік экономикадағы қазіргідей созылмалы дағдарыстар кезінде даму тұрақтылығын қамтамасыз етуге  мол мүмкіндік жасалары анық. 

       Елбасы мақаласында айқындалған міндеттерді жүзеге асыру осынау  мемлекеттік маңызды  ауқымды  мәселеде  ғылыми негізделген стратегиялық жоспарлар мен шешімдерге, инвестициялық жобаларға,   ірі, орта және шағын  кәсіпорындарда  қоғамның  және  жеке тұтынушылардың  сұранымы мен талабына  сай  сапалы  тауар өндірісі мен қызмет көрсетуді  материалдық-техникалық  жағынан,  еңбек және қаржылық тұрғыда тиімді қамтамасыз етілуіне баса назар аударылуын қажет етеді.

Осы орайда қоғамды әлеуметтік жаңғырту –  ежелден әлеуметтік саланың басты тұғырының бірінен саналатын білім беру жүйесінің алдына да үлкен міндеттер қояды. Бұл жерде, ең алдымен,  мемлекеттің басты байлығы болып табылатын адам капиталын жақсартудың  құралы ретінде білім сапасына жоғары талаптар қойылады.  Өйткені еліміздің  өркениет көшінен кейін қалмай, әлемдік деңгейде бәсекеқабілетті болуы мектептен бастап  жоғары оқу орындарында  оқушыға берілетін білімнің сапасына, білікті мамандар даярлауға байланысты. Елімізді бәсекеқабілеттілік биігіне  бәсекеге қабілетті мамандар ғана көтере алады.

         –  Тәуелсіздіктің  алғашқы жылдарында айтылған  еуразиялық одақ  идеясы бүгінде нақты түр-сипатқа  ие бола бастаған сияқты.  Сіздіңше, мемлекеттің егемендігін ішінара шектейтін мұндай ұлтүстілік саяси құрылымға тартылудан біздің ұтарымыз  қандай?

          –   Ұлтүстілік мұндай ұйымдар әлемде көп емес.  Бұл мемлекеттің егемендігі  ішінара немесе толығымен шектеулі болатындығына байланысты болса керек. Сондықтан өте күрделі, көп қырлы бұл мәселеде асығыстыққа  жол беруге болмайды.  Ұлттық дәрежеден жоғары органдар құру дегенге жан-жақты  ойланып,  ұтарымыз бен ұтылар тұсымызды  терең зерттеп,  бар мүмкіндігімізді негіздеп барып қана  кірісу керек. Бұл мәселелерді шешкенде екі жақтың күш-қуатын экономикалық, интеллектуалдық жағынан қарап, саралап-салмақтап алғанымыз жөн.

           Жалпы  қандай  да бір ынтымақтастық  одақтарға кіруден  соншалық қауіптенуге болмайды. Мәселен, Еуроодаққа  да, өзге одақтарға да кіруге болады, бірақ ең бірінші кезекте өзіңнің мемлекеттік егемендігіңді, дербестігіңді сақтау  мәселесі тұру керек. Ал біз  әлі де кеңес заманында  қалыптасқан  өзгеге иіліп, өзгенің дүниесін таңсық көріп, басымызға көтеруден арыла алмай келеміз.  Әйтеуір  тәуелсіз ел болғанымызға жиырма жыл болғанымен,  басқаға  шектен тыс құрмет көрсетіп, басымызға  шығарып алатын мінез-құлық өзгере қоймай тұр. Өзгені сыйла, бірақ алдымен өзіңді өзің сыйлауды үйрен, құрмет тұт. Сондықтан түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамыту  мақсатында мемлекетаралық құрылымдарда  елдің атынан  әрекет  ететін  мамандар ең алдымен  мемлекеттің мүддесін ойлауы, артында  қалың  елі барын ұмытпауы керек.

       Сонымен қатар, кедендік одақ, еуразиялық одақ болсын, оған кіруге дайындықпен баруымыз керек.  Бұл дегеніміз  алдымен  ішкі өнім шығаруды, отандық өндірісті жолға қойып алуымыз керек. Отандық өндірістің қуат-күші, көлемі одақтасатын елдердің деңгейінде,  болмаған  күнде  соған  шамалас жақын болу керек. Бізде отандық өндіріс енді ғана қалыптасып жатыр, бірінші сатыдан  екінші, үшінші сатыға енді ғана көтеріліп келеді. Ал бізбен салыстырғанда  Ресей мен Беларусьта өндірістің дамуы жоғары, тауары басым.  Қазіргі күні  бізде шығарылатын дайын өнім түр-түрі жағынан да, көлемі жағынан да  мардымсыз. Бұл тұрғыда одақтастардың шамасына жеткенше 5-6 жыл керек.

       Жоғарыда айтып өткендей, бізде негізгі өндіріс қалыптасып  үлгермей жатыр. Еуразиялық одаққа  қосылмас бұрын, оған қандай тауар түрлерімен,  қандай өндіріспен  баратындығымыз анықталуы керек.  Мысалы,  энергетика, атом энергиясын, уран  шикізатын өндіру дегенді алайық.  Бұл салаларда біздің технология енді-енді келмесе, қалыптасып үлгермеген,  бұрын-соңды болмаған да. Соңғы уақытта аталған салаларда бірлескен  кәсіпорындар құрылып жатыр,  оларда әркімнің тиімді мөлшері болу керек. Бұл  айтып отырғанымыз  осынау аса ауқымды мәселенің бір қыры ғана.  Еуразиялық одақ  сынды ұлттық  дәрежеден жоғары  саяси құрылым  құру  деген ауызбен айтқандай  оңай  шаруа емес.  Нақ осы мәселеде тереңнен  ойлап,  жан-жақты саралап әрекет еткеніміз дұрыс. Әйтпесе дәл бүгін, тәуелсіздікке мыңдаған жылдардан бері енді қолымыз жетіп, енді-енді көзімізді аштық  па дегенде тәуелділік құрығына түсіп қалуымыз да ғажап емес.

         Экономикалық  ынтымақтастық теңдік бар жерде орын алады деп классикалық  әлеуметтік-экономикалық  теорияда айтылған. Қазақ бұны баяды-ақ  «тең-теңімен...»  деп айтып қойған.  Бір өкініштісі, біз осы қағиданы көп ретте ескере бермейміз. Сондықтан мен Еуразиялық одаққа қосылғанымыз жөн, бірақ  алдымен отандық өндірісті көтеріп алуымыз керек деймін.

 

        – Еуразиялық одақтың құрылуымен соңғы кезде жиі айтылып жүрген ортақ валютаға көшу мәселесі күн тәртібіне шығары анық. Ол валюта қалай аталғанымен,  ақша Ресейде басып шығарылады. Осы жағдайға байланысты сіз не айтар едіңіз? 

        –  Әрине, бұл мәселемен айналысатын  ұлттық банк,  салалық ведомстволар бар. Дегенмен бұл тұрғыда да ойланатын жәйттер баршылық. Өйткені еуразиялық одақтың ортақ валютасына көшу дегеніміз ауызбен айтқандай оңай бола қоятын шаруа емес. Еуропалық одақтың ортақ валютасының жағдайын көріп отыр емеспіз бе. Жоқ,  әйтеуір бар мәселеде планетаның алдында болғымыз келеді. Еуропада халық тығыз қоныстанған, елдер шоғырлана орналасқан. Бұл ортақ ақша бірлігін енгізуде маңызды рөл атқаратын басты жағдайдың бірі. Ал біз о шеті мен бұ шетіне ұшқан құс қанаты талатын кең байтақ далада шашыраңқы орналасқан  халықпыз. Оның үстіне Еуроодақ елдері ортақ валютаға жарты ғасырдан астам даму жолынан өткеннен кейін барып келіп отыр. Соның өзінде ортақ валюта нарығы аяғына нық тұрып кетті деп айта алмаймыз. Еуро енгізілгеннен бергі жағдайды саралап байқасақ, бұл мәселенің  Еуропаның өзінде қалай болары белгісіз. Сондықтан Англия әліптің артын бағып, бұл жүйеге қосылмай, ұлттық валютасын сақтап отыр. Олай болса, бізге де осындай сақтық керек, жан-елдің, мемлекетіміздің мүддесі тұрғысынан жан-жақты ойластыра отырып, әрекет етуіміз қажет. Және, бір айта кетерлік жәйт, ортақ валютаға келу мәселесі Еуроодақ елдерінің әрқайсысында референдум арқылы, яғни халықтың талқысына салып шешілді.

    –   Кедендік одақ елдері арасындағы сауда-саттықтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы қорытындысы Белоруссияның экспорты 22 пайызға, Ресей экспорты 28 пайызға ұлғайғандығын көрсетті. Ал кедендік одақтың үшінші мүшесі – Қазақстанның экспорты 30 пайызға жуық төмендеп кеткен. Бұл нені көрсетеді деп ойлайсыз?

       – Бұл деректер  кедендік одақтан  біздің әзірше ұта қоймағанымызды көрсетеді. Айналып келгенде, мәселенің бәрі өндіріске келіп тіреледі. Отандық өндірісті қажетті деңгейде дамытпайынша,  халық тұтынатын тауарлардың түр-түрін шығаруды жолға қоймайынша,  ортақ орасан нарықтың барынан біз пайда көре қоймаймыз.  Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің  экономикадағы үлесі  түсіп кетті. Өндірісіміз өсіп жатса,  салық  түсімі  де молаяды. Яғни ел бюджеті толы болады. Бұл дегеніміз әлеуметтік бағдарламалар ойдағыдай  орындалып, халықтың әл-ауқаты жақсара түседі деген сөз.  

      Елімізге  келетін  азық-түлік пен  күнделікті қолданысқа қажетті тауарлардың  көлемі бұрынғыға қарағанда  өсіп отыр. Бұл, әрине,  бірыңғай кедендік кеңістік қызметінің нәтижесі. Тауардың түр-түрі молайды, тұтынушы үшін бұл маңызды. Қалағанын  сапасына, бағасына қарай таңдап алу мүмкіндігі үлкен. Ал отандық өндірушінің тежеліңкіреп қалған жағдайы бар.  Кедендік одақтастарымыздан бізге  олардың ішкі өнімі келіп жатыр. Ал бізден кетіп жатқан дайын өнімнің құрамында  Ресей мен Беларусьтың  да үлесі бар. Өйткені салық саясаты қолайлы болғандықтан, одақтастармен бірлескен кәсіпорындар  біздің елімізде көптеп ашылуда.

       Қай одақты алсаңыз да түбінде экономикаға келіп тереледі. Саясат қондырғы, кейде ойынға ұқсап кететін кездері болады сырттан қараған кісіге, ал оның түбі қалайда экономикаға барып тіреледі.  Сондықтан ынтымақтастықты  дамытудағы одақтастықта бірінші кезекте осыны ескеруіміз керек.

         –   Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбатты жүрггізген

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

541 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы