• Өндіріс
  • 06 Тамыз, 2020

Конвейері «майлы» май комбинаты квота күтеді

Кезінде техникалық жаңғырту мен жаңартудан өткен Теректі ауданы Пойма ауылы маңындағы «Пойма май комбинаты» ЖШС «Белес» атауымен өсімдік майының екі түрін, тазартылған, иіссіздендірілген және тазартылмаған түрлерін шығарады.

Комбинатта қолданылатын сал­қын­датып тығыздау технология­сының арқасында өнімнің табиғи пайдалы қасиеттері мейлінше сақталады. Сондықтан болар, жергілікті май өніміне сұраныс азайған емес. Алайда, еліміздегі коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдайдың жариялануына орай серіктестік өз өнімдерін экспортқа шығара алмай қалды. Кәсіпорында майдың тазартылған түрі 1 және 5 литрлік бөтелкеде шығарылып жатыр. Жергілікті тазартылған май өнімімен Ақ Жайық өңірінің тұрғындары қамтылады. Өнім түрлері Орал қаласындағы «Дина», «Анвар», «Лидер», «Алтындар» супермаркеттері арқылы тұ­тыну­шылар қолына тиеді. Комбинат облыстағы тұрақтандыру қорымен әріптестік байланыста жұмыс істейді. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорынан 200 тонна өсімдік майына тапсырыс түскен. Май зауыты қайта жаңарту жұмыстарынан кейін тәулігіне 150 тонна шикізат өңдеп, жылына 50 мың тоннаға дейін дайын өнім өндіреді. Күніне 60 тонна күнбағыс майы шығарылуда. – Бірінші цехтан шығарылатын рафинадталмаған күнбағыс майы негізінен, экспортқа кетеді. Коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдай жарияланғанға дейін күнбағыс майының бұл түрі Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түрікменстанға жөнелтілетін. Төтенше жағдайға байланысты азық-түлік түрлерін ел аумағынан тысқары шығаруға шектеу салынды. Оның ішінде күнделікті тұтынатын күнбағыс майы да бар. Бізде майдың қоры жеткілікті. Қазақстан халқының санына қарай елімізде өндірілетін күнбағыс майының барлық көлемін өзімізде тұтыну мүмкін емес. Сондай-ақ бізде жергілікті кәсіпорында өндіріліп отырған рафинадталмаған майды тұтынушылар сатып алмайды. Өйткені ол – шикізат, оны әрі қарай өңдеу қажет. Мысалға, одан май, маргарин жасайды. Әрі мұндай май түрін қоймада ұзақ сақтау да қиын. Бұл – тек біздің басымыздағы жағдай емес, күллі еліміз бойынша 20 май зауыты болса, соның барлығына ортақ мәселе. Осындай жағдайларға байланысты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тиісті министрліктерге кәсіпкерлер­дің тілек-өтініштерін жеткізді. Мәселенің түйіні енді шешілмек. Жуық арада рафинадталмаған майды экспортқа шығару үшін біздің комбинатқа квота беріледі деп күтудеміз. Нақ осы мәселе шешілсе, онда майды экспортқа шығаруды бастаймыз. Ал рафинадталған май түгелге жуық облыстың сұранысын қанғаттандыруға бағытталған, – деді серіктестік директоры Ақылбек Сармалаев. Елімізде «жаман тұмауға» байланысты қолға алынған қауіпсіздік шараларына орай «Пойма май комбинаты» ЖШС ұжымынан 30 шақты жұмысшы үйлеріне жіберілген. Кейбір қызметкер ақылы немесе ақысыз еңбек демалысын алған. Негізі кәсіпорында 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қазір өндірісте 80 адам ғана жұмыс істеуде. Олардың орташа айлық жалақысы 80-90 мың теңге шамасында. Директордың ұсынған мәліметіне сүйенсек, май комбинатында майлы дақылдар қоры жеткілікті. Қамбада 17 мың тонна шикізат сақтаулы тұр. Өндіріс орнының бір ай тұрып қалғанын ескерсек, шикізат қоры желтоқсан айына дейін жетуі мүмкін. Қыркүйекте егін орағы басталып, жаңа өнім қамбаға түсетіні тағы бар. Сондықтан мұндай май өңдеуші нысанға жергілікті нарықта сұраныс жоқ өнімді экспортқа шығаруға оң шешім шығарылғаны құба-құп. Халықаралық стандарттарға сай өнім шығарып, конвейері майдан «арылмайтын» май зауыты ұжымы дамуды, өрге тартуды мұрат еткен. Сондықтан серіктестік жаңа жобаны қолға алмақ. Қазір жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл күнбағыс майын шығаратын екінші цех салып, жыл аяғына дейін іске қоспақ. Сонда кәсіпорын рафинадталмаған май өнімін шығармайтын болады. Құрылыс жұмыстары мамыр айының аяғына таман басталады деп жоспарланған. Жаңа цехтың өндірістік қуаты күніне 100 тонна май шығаруға қауқарлы болмақ. Сондай-ақ цех заманауи жоғары технологиямен жабдықталады. Жобаны іске асыруға «Белес» компаниялар тобының жеке және екінші деңгейдегі банктердің несиелік қаржы-қаражаты тартылған. Май өндіретін жаңа цехқа 30 адам тұрақ­ты жұмысқа тұрады. Сөйтіп, коронавирус індеті ылаңын салып жатқанымен, өндірісшілер қарап жатпай, жаңа биіктікке жетудің қам-қарекетін жасауда.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы