• Өндіріс
  • 13 Тамыз, 2020

Өндіріс озық болса – іс өнімді

Қазір әлемдік пандемияға, эпидемиологиялық ахуалға қарап күн кешкендіктен, мұның кері салдары экономикада сезілуде. Сөйтсе де, күрмеулі кезеңде өндірісті тежемеген Ақсу ферроқорытпа зауыты ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. Жоғары өнімділікті қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын нысандары үнемі жаңғыру үстінде.

ERG (Еуразиялық топ) құрамына кіретін «Қазхром «ТҰК» АҚ филиалы –Ақсу ферроқорытпа зауыты, әлемдегі ірі ферроқорытпа өндірушілерінің бірі. Мұнда жыл сайын 1 млн тоннадан астам өнім шығарылып, оның басым бөлігі алыс шетелдерге экспортталатыны мәлім.

Кәсіпорынның бірегейлігі сол, онда түрлі маркалы болатты балқытуға қажетті хром, кремний және марганец қорытпаларының ірі көлемді өндірістері шоғырланған. Бәсекеге қабілеттілік жоғары техникалық жетістіктермен және ISO9001:2015 интеграциялан­ған сапа менеджменті жүйесінің барлық филиалдарында ен­гізілген және қолданыстағы TUV CERT сертификатымен, ISO 14001:2015 қоршаған ортаны басқару, BS OHSAS 18001:2007 еңбекті қорғау саласындағы менеджмент және ISO 50001:2011 энергетикалық менеджментімен расталған. Зауытта өнім сапасын арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбекті, қоршаған ортаны қорғау мақсатында қор үнемдеуші және аз қалдықты технологиялар ар­қылы озық жетістіктерді пайдаланумен өндіріс тұрақты жаңғыру үдерісінде.

Пандемияға байланысты қысылтаяң уақытта кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеп, барлық өндіріс процесін ешбір өзгеріссіз атқарып жатыр. Жөндеу науқандары кесте бойынша орындалып, электрмен жабдықтаудың беріктігі мен пеш агрегаттары­ның, қосалқы жабдықтардың тұрақтылығын жақсартуға зор мән берілуде. Металлургиялық агрегаттың беріктігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілді. Кәсіпорындағы №22 пешке жасалған күрделі жөндеу саладағы өнімділікті 5%-ға арттырмақ. Жұмысты тиімді ұйымдастыру пешті 90 күннің орнына 56 күннің ішінде жаңартуға мүмкіндік берді. Жөндеу уақытын оңтайландыру арқылы бұл пеш қосымша 3,4 мың метрикалық тонна феррохром өндіреді. Онда технологиялық операциялардың көпшілігі автоматты түрде іске асырылады. Заманауи автоматтандыру жүйелері қуатты тиімді пайдалану және тоқ режимін нақты бақылау есебінен қосымша энергия үнемдеуді ғана емес, сонымен бірге металлургтер еңбегінің жоғары қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Пешке орнатылған қуатты трансформатордың арқасында оның жылдық өнімі шамамен 35 мың метрикалық тонна болатын жоғары көміртекті феррохромды құрайды. Пешті қайта жөндеудің жалпы құны 2 миллиард теңгеден асады. – Жөндеу тиімділігін арттыру бағдарламасы аясында күрделі жөндеу кестесі жасалды. Бұған қоса жөндеу жұмыстарына қажет бөлшектер мен жинақтардың көбісінің өз жеке жөндеу базамызда дайындалуы күрделі жөндеу уақытын жүйелі түрде азайтуға көмектеседі, – деді Ақсу ферроқорытпа зауыты техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі директорының орынбасары Игорь Кулешов. Экономикалық жетістіктердің бағалы басымдығы – кәсіпорын қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы екендігі сөзсіз. Бұл ретте Қазхром трансұлттық компания­сы еліміздің тау-кен металлургия саласындағы ең үздіктердің бірі саналатын Ұжымдық шартты енгізген. Әлеуметтік бағдарлама індеттің алдын алу және сауықтыру, демалыс жағдайын жақсарту мен салауатты өмір салтын насихаттау бағыттары бойынша жұмыс істейді. Зауытта 6 мыңнан астам жұмысшы ферроқорытпа өндірісін қамтамасыз етеді. Зауыт қызметкерлері мен олардың балалары кәсіпорын есебінен оқуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға, «Еуразия» медорталығының Ақсу филиалы дәрігерлерінің көмегімен денсаулығын нығайтуға, демалыс үйлерінде, «Ферросплавщик» мәдени-демалыс орталығының объектілерінде демалуға, қаланың және зауыттың жақсы дамыған спорт базасында спортпен айна­лысуға мүмкіндіктері бар.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

387 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы