• Билік
  • 13 Тамыз, 2020

Сын-қатер аясындағы даму: Дағдарысқа қарсы жұмыс жанданады

Кезекті Үкімет жиынында эпидемияға қарсы іс-шаралар барысы баяндалды. Сонымен бірге, өткен қаңтар-шілдедегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жайы мен республикалық бюджеттің атқарылуына есеп берілді. Көтерілген мәселелер бойынша Премьер-министр Асқар Мамин қажетті шараларды жүктеді.

Денсаулық сақтау министрі А.Цой 10 күн ішінде Қазақстанда коронавирус инфекциясының репродуктивтілігінің орташа көрсеткіші 0,92-ден 0,82-ге дейін төмендегенін баяндады. Адамдардың сауығу деңгейі 73,6%, қалғандары қажетті ем алып жатыр. Төсек орындарының жүктемесі 61%-ке, жедел жәрдем шақыру көлемі 62%-ке – 3 232-ден 1 232-ге дейін төмендеді. «Жалпы қабылданған кешен­ді шаралардың нәтижесінде еліміздегі коронавирустың таралу деңгейі және осыған байланысты барлық көрсеткіштердің қарқынды төмендеуі тіркеліп отыр. Еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қабылданған шешімдер өз тиімділігін көрсетіп жатыр», – деген А. Мамин, Денсаулық сақтау министрлігіне қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын Мемлекеттік комиссияның қарауына енгізуді тапсырды. Биылғы қаңтар-шілдедегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысын ұсынған ұлттық экономика министрі Р.Дәленов тауарлар өндірісі 2,1%-ке өскенін, көрсетілетін қызметтер 6,2%-ке қысқарғанын жеткізді. Жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 2,9%-ке төмендеді. Жылдық инфляция – 7,1%, бұл күтілген инфляция дәлізінен төмен (8-8,5%). Министрдің айтуынша, есепті кезеңде бірқатар жағымды үрдістер байқалуда. «Экономиканың нақты секторында – құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларында өсім жалғасуда. Импорттың төмендеуі аясында оң сауда балансы сақталып отыр», – деді ол. Сонымен қатар, карантиндік шектеулерге байланысты сервистік қызметтер көлемінің қысқаруы, мұнай өндіру қарқынының жос­парлы төмендеуі байқалады, бұл экономика өсуін тежеген фактор болды. Нәтижесінде тау-кен өндіру өнеркәсібі 0,4%-ке төмендеді. Өндірістік секторда 2,1%-ке өсім байқалады, оның ішінде құрылыста – 6,3%, өңдеу өнеркәсібінде – 3,8%, ауыл шаруашылығында – 2,5%. Сонымен бірге, қызметтер секторы салаларында, оның ішінде жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 4,3%, әкімшілік қызметтерді көрсету – 5,3%, сауда – 11,9% және көлік қызметтері – 15,6% төмендеу көрсетті. Бұл ретте байланыс қызметтері 8,7%-ке артты. Қаңтар-маусымда сыртқы сауда айналымы $42,5 млрд болды. Экспорт $26 млрд, импорт $16,5 млрд құрады. Сауда балансының оң сальдосы $9,5 млрд деңгейінде сақталуда. Министр атап өткендей, өңірлерде 7 экономикалық көрсеткіш бойынша жалпы жағдай келесідей. Карантиндық шараларға байла­ныс­ты 2 көрсеткіш – сауда және көлік салаларында төмендеу байқалуда. 5 көрсеткіш бойынша Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қоста­най, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында өсім бар. 4 көрсеткіш бойынша 7 өңірде өсу тіркелді, бұл орташа деңгей. Ал 3 өңірде 3 көрсеткіш бойынша ғана өсу байқалады. Олар – Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылор­да облыстары. Экономикалық белсенділікті қалпына келтіру жө­нінде қабылданып жатқан шараларды ескере отырып, орталық және жергілікті атқарушы органдар біратар аспектілерге назар аударуы қажет. Атап айтқанда, 2020 жылға арналған экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды уақытылы және тиімді іске асыруды қамтамасыз ету; өңірлік дағдарысқа қарсы штабтарда кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерін мүмкін болатын қолдау шараларын көрсету тұрғысынан қарау; егіннің уақытылы жиналуын және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді пысықтауды қамтамасыз ету; мониторинг, интервенция жүргізу, шекті бағаларды белгілеу арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу; өңірлік еңбек нарықтарындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізу және мемлекеттік бағдарламалар жобаларын іске асыруда барынша жұмыспен қамту жүзеге асырылуы тиіс. «Өңірлер белсендірек жұмыс істеп, экономикалық өсімді қалпына келтіру жолында қабыл­данған барлық шараларды тиімді іске асыруы керек. Отандық өн­дірісті қолдауды, инвестиция тартуды, экспортты ілгерілетуді, халықтың жұмыспен қамтылуын сақтауды және тұрақты жұмыс орындарын құруды барынша қамтамасыз ету қажет», – деді А. Мамин. Осы орайда Үкімет басшысы өңірлік дағдарысқа қарсы штабтардың жұмысын жандандыруды, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шұғыл қарауды және тиісті шешімдерді қабылдауды тапсырды.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы