• Өндіріс
  • 27 Тамыз, 2020

Балық баптағанға бітеді

Атырау облысы – экономикалық көрсеткіштері бойынша елдегі көшбасшы өңірлердің бірі болса, бұл негізінен көмірсутегі шикізатын өндіру мен өңдеу есебінен екендігі белгілі. Мұнымен қоса, мұнайлы өлкенің экономикасын диверсификациялау тұрғысынан әлеуетті салаларды атағанда, ауызға алдымен балық өнеркәсібі алынатыны аян.

Облыста мұнай-газ саласынан басқа, балық аулау ісін дамытудың маңыздылығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып: «Жергілікті экономиканың мұнай-газ, мұнай-химия кешендерінен басқа да салаларын дамыту қажет. Өңірдің балық өнеркәсібін қалпына келтіру және осы секторға инвесторлар тарту керек. Азаматтар қабылданған шаралардан нақты нәтиже күтеді. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі мен әкімдік бұл іске басым назар аударуы тиіс», – деген болатын.
Бүгінге дейін аймақта жаңа өнді­рістер ашып, жұмыс істеп тұрған­дарын жаңғырту бойынша қомақты шаруа атқарылға­ны мәлім. Десе де, бұрындары Аты­раудың әйгілі аты дамыған б­алық шаруашылығымен тікелей байланысты еді. Әлеуетті саланы өрістету қашанда өзекті, бү­гінде балық өнімі өндірісін қайта жаңғыртып, берік жолға қою міндеті тұр. Облыста балық аулаумен және оны өңдеумен әр түрлі меншік ныса­нындағы 19 өндірістік кәсіпорын, қуаттылығы жылына 7 миллион шабақ болатын екі бекіре тұқымдас балық өсіру зауыты айналысады. Ысталған, тұздалған, салқындатылған және мұздатылған балықтардың өнді­рісі 2022 жылға қарай 1,9%-ке өсіп, 12 847 тоннаға жетеді деп күтілуде, ал терең өңделген балық өнімдерін қапталған түрде өндіру 8,3%-ке артып, 453 тоннаға жеткізілмек. Балық шаруашылығы саласында тауарлы балық өндіру экономикалық тұрғыдан перспективалы бағыт болып табылады. Атыраудың балық өнімдері Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Украина, Франция, Литва сияқты елдерге экспортталады. Өткен жылы балық экспорты 8,9 мың тоннаны құрады.
Атырау бекіре балық өсіру зауыты бекіре балықтарының табиғи өсімі көлемінің қысқаруына және Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында көмірсутегі шикізатын өндіруді қарқындатуға байланысты Орал өзенінің атырауында өтемдік нысан ретінде 1998 жылы салынып, пайдалануға берілді. Кәсіпорын қызметінің мәні – Жайық өзеніне жасанды тәсілмен алынған және өсірілген бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын шығару жолымен Кас­пий теңізі бекіре балық түрлерінің қорларын толықтыру. Зауыт директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, жыл сайын зауытта 3,5 млн дана бекіре тұқымдас балықтардың шабағы – негізінен ақсерке, бекіре, шип және шоқыр шығарылады. 1998-2019 жылдар аралығында Орал-Каспий бассейніне 89 млрд данадан астам бекіре тұқымдас балықтар­дың өміршең шабақтары өсіріліп, жіберілді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын толық орындап жатырмыз. Бекіре тұқымдас балықтардың 3,5 млн шабағын, табиғат пайдаланушылар үшін бекіре тұқымдас балықтың 120 мыңнан астам шабағын өндіреміз. Зауытта 78 адам жұмыс істесе, олардың 60%-ы – балық шаруашылығының мамандары», – дейді Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры.
1934 жылдан бастап балық өнім­дерін шығарумен Амангелді атын­дағы серіктестік айналысады. Жыл­дар бойы ең жақсы, эколо­гия­лық таза балық өнімдерін шығару қағи­датын басшылыққа алған кәсіп­орында тәулігіне 395 тонна балық өңделеді. 2019 жылы 1,1 мың тонна мұз­датылған балық, 225 тонна сүйе­гінен ажыратылған балық еті және 50 тонна өңделген балық шығарылды. «Амангелді атындағы» ЖШС өнімдері өз елімізбен қатар, Ресей, Украина, Әзербайжан, Өзбекстан, сондай-ақ Франция, Болгария, Германия нарықтарында үлкен сұранысқа ие.
«Өнімді біз ЕАЭО, Кеден одағы елдеріне және басқа да шет елдерге жібереміз. Сонымен қатар ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етудеміз. Балық өнімдерінің 20-дан астам түрі Атырау қаласы мен облыс аудандарының сауда орындарында төмен бағамен сатылады», – дейді серіктестік басшысы Сәбит Сағидуллин.
Балық аулау саласында жұмыс істейтін тағы бір кәсіпорын – «Сaspian Royal Fish» ЖШС бекіре балық өсіру зауыты. 2019 жылы зауыт 12,5 тонна тауарлық балық және 620 кг тағамдық уылдырығын өндірді. Caspian Royal Fish бас балық өсірушісі Ахат Ниматовтың айтуынша, көрсеткіш жыл сайын жақсарып келеді. Қазір ішкі нарыққа жыл сайын 700 кг уылдырық жеткізілуде. Мақсат – болашақта 1 тоннаға дейін тағамдық уылдырық дайындау және жартысын экспортқа жіберу. Сонымен қатар Жайық өзенін шабақтармен толықтыру мәселесімен айналысу көзделуде. Сөйтіп, 3-10 грамға дейін шабақтар өсіріліп, өзенге жіберілетін болады. Бұл істі атқаратын тәжірибелі мамандар жеткілікті. Бүгінде заманауи кәсіпорындарда білікті мамандар­сыз озық технология­мен жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан алдымен жер­гілікті мамандар шетелдік технологияны жетік меңгеруі үшін арнайы курстарда оқытылған. Олардың дені – ихтиологтар, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы жоғары, арнаулы орта оқу орындарында білім алғандар.
Балыққа табиғи су айдыны секілді қолайлы орта қажет болғандықтан, мұндай зауытты ашып, балық өсіру оңай іс емес. Мұнымен қоса, елімізде балық өсіру зауытына қажетті жабдық­тарды табу да қиын. Сондық­тан гол­ландиялық технологияға негіздел­ген қондырғылар алынып, оны әлемге танымал Hesy компаниясы орнатқан. Қазір зауытта балық өсіретін 26 бассейн, тұйық сумен қамтуға арналған 4 қондырғы бар.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

271 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы