- Атамекен
- 02 Қыркүйек, 2020
Алатауда тау туризмі дамыса...

Алматыдағы Шымбұлақ тау курортында туризм саласындағы қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар басшыларының кездесуі өтті. Кездесуді ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев ашып, қазіргі күрделі жағдайда нарықты нығайта отырып, бизнес пен мемлекет арасында сындарлы диалог құру қажеттілігін алға тартты.
Талқылаудың басты тақырыбы таудағы 2020-2021 жылғы қысқы маусымға дайындық және ұлттық парктерде экотуризмді дамыту мәселелері болды.
Шымбұлақ жыл бойынғы тау курортының тұсаукесері барысында компанияның бас директоры Ринат Әбдірахманов туроператорлармен бірге пакеттік ұсыныстарды қалыптастыруға ерекше назар аударып, туристік қауымдастықтар басшыларымен курортты одан әрі дамытуды талқылады.
«Тау шаңғысы демалысын ұйымдастыру – Қазақстанда өте перспективалы бизнес. Өйткені шетелдік туристердің біздің тауларымызға деген қызығушылығы үлкен және біздің туристеріміздің Еуропаның немесе Орталық Азия елдерінің тау шаңғы курорттарына деген сұранысы бар», – деді Turan Asia LLP директоры Гүлғайша Қасенханқызы.
Айта кету керек, статистикаға сәйкес, тау шаңғысы турисі демалыс үшін күніне орташа есеппен 250 доллар жұмсайды, ал салыстырмалы түрде жағажайға баратын турист тек 50 доллар жұмсайды екен.
Кездесудің екінші бөлімі толығымен экотуризм және туристердің экологиялық сауаттылығын арттыру мәселелеріне арналды.
«Тамыр» табиғат аясы мектебінің идеялық жетекшісі Әсел Исанова туристерді қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйрету жоспарлары туралы айтып берді. «Біз жұртшылыққа таудағы жүріс-тұрыс ережелерін қоғамдық дәрістер, ақпараттық турлар, білім беру және шабыттандыратын медиа контент арқылы таныстыратын боламыз. Біздің басты мақсатымыз – адамның табиғатта қауіпсіз болуын, сондай-ақ табиғатты адамның зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету», – деді Әсел Исанова.
Әрі қарай спикер мектеп жанынан эко-волонтерлік қозғалыс құрылатынын, оған аз уақыт ішінде 600-ден астам адам тіркелгенін хабарлады. Қозғалысқа қатысушылар арасында мектеп оқушылары мен студенттерден басқа, кәсіби еріктілер, шығармашылық адамдары, экологтар, биологтар, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар және басқа да мамандандырылған тұлғалар бар. «Бірлескен іс-әрекеттердің арқасында біз парктің ластануы, флора мен фаунаның жойылуы, туристік ағындарды реттеу және тағы басқа маңызды мәселелерді шешуге үлкен үлес қоса алатынымызға сенімдімін», – деп қорытындылады Әсел Исанова.
Айта кету керек, бұл кездесу алғаш рет теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте өтті.
Жалпы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Қазақстан Республикасы үкіметінің 2017 жылғы шілдедегі қаулысымен құрылды. Компанияның негізгі міндеттері елдің туристік әлеуетін шетелде ілгерілету, MICE іс-шараларын тарту, сондай-ақ Қазақстанның туристік саласына инвестициялар тарту болып табылады.
Еліміздегі саяси жағдайдың тұрақтылығы, қазақ халқының қонақжайлығы, тұрақты нарықтық бәсекелестік, мемлекеттік қолдау өз кезегінде туризм индустриясының гүлденуіне қолайлы кеңістік қалыптастырып үлгерді. Десек те, туризм саласында әлі де шешілмеген көптеген мәселелер бар. Алматы облысындағы тау шаңғы курорттарына келетін туристер үшін жағымсыз жаңалықтардың бірі – қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туризм және қонақжайлылық индустриясы нысандарының жетіспеушілігі. Бүгінде туризм әлемдегі ең пайдалы бизнестердің бірі екені анық. Сондықтан Алатауда тау туризмін уақыт талабына сай дамытсақ, ел экономикасына мол қаржы әкелері ақиқат.
Нұрлан ҚҰМАР

372 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *