• Атамекен
  • 02 Қыркүйек, 2020

Отандық маска: Ішкі қажеттілік қалай өтелуде?

Коронавирусқа байланысты қатаң карантиндік шаралардың басталуымен елде медициналық қорғаныш маскаларын шығару жайы күрделене түсті. Маскалар дәріхана сөрелерінен жоғалып, түсе қалған кезде ұзын-сонар кезек пайда болды. Тіпті кейбір алыпсатарлар осындай ауыр кезеңді де пайдаланып қалудан тайынбаған-ды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, ағымдағы жылдың жеті айында еліміздің фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 23,2 процентке өсті.

Салада 96 кәсіпорын, оның ішінде 33-і – дәрі-дәрмектер, 41-і – медициналық бұйымдар, ал 22-сі – медициналық техника бойынша жұмыс істейді. Индустрияландыру картасы аясында 5 мың жаңа жұмыс орнын құрумен инвестиция сомасы 62,9 млрд теңге болатын 41 жоба пайдалануға берілді. Фармацевтика индустриясының өсім нүктелері – Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы және Қарағанды облыстарында. Әсіресе, жаппай пандемия жағдайында саланы дамытудың өзектілігі тереңдеп, әлеуеттілігі арта түскені анық. Бас­тысы – жеткілікті қор, кеңейтілген номенклатура арқылы дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың отандық өндірісіне серпін беріп, сапалы медициналық өнімдерге қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Елде наурыздың ортасынан мамыр айының басына дейін болған төтенше жағдайдың аяқталуымен билік медициналық маскаларды сатудың шекті бағасын 118 теңге деңгейінде белгілеп, сәуір айының басына қарай олардың өндірісін күніне 1 миллион данаға көтеру арқылы мәселені шеше алды. Маусым айының басында жарияланған Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екінші жартыжылдықта Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесі үшін маскаларға қажеттілік 82,4 миллион, ал мемлекеттік органдарға тағы 28,8 дана миллион қажет. ИИДМ-нің маусым айы бойынша бағалауынша, алты ай ішінде республика халқының көпреттік маскаларға қажеттілігі 144 миллион дананы құрайды. Бүгінгі таңда медициналық бетперделер өндірісінің көлемі – тәулігіне 1,2 млн дана. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен жабады. Жыл соңына дейін фармацевтикалық компаниялар аталған көрсеткішті тәулігіне 1,5 млн данаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Ведомство мәліметінше, өсім «Dolce-Pharm» ЖШС-да шыға­рылатын өнім көлемінің 67%-ке артуымен байланысты. Бүгінде аталған фармацевтикалық компания ірі медициналық бетперделер өндірушілерінің бірі болып саналады. Dolce-Pharm тоқылмаған материалдардан әр түрлі маскалар шығарады. Мысалы, көмір сүзгісі бар маскаларда талшықты белсендірілген көмірден тұратын бірегей сүзгі материалы қолданылады. Бұл сүзгі материалының технологиялық ерекшелігі 99,5% таза көміртекті қамтиды және зиянды бөлшектерді сіңіре алады. Мұндай материалдың бір грамы 200 мг зиянды заттарды ұстап қалуға қабілетті. Көмір сүзгісі бар бетперделер сүзгіш элемент арқылы зиянды бөлшектер, молекулалар мен вирустардың енуіне жол бермейді. Көмір маскасының әдеттегіден айырмашылығы – қорғаныс қабілеті 4 сағатқа жетеді және онымен тыныс алу айтарлықтай жеңіл. Сонымен қатар аталған өндіріс ошағы 3 қабаттан тұратын бірреттік бетперделер және Fish-Type бетперде респираторларын шығарады. Dolce және Dolce-Pharm біріккен компаниясы медициналық мақсаттағы бірреттік өнімдерді, кәсіби шығын материалдарын, бірреттік киім және медициналық жабдықтар – жинақтар, маскалар, бахилалар, сонымен бірге дәрілік құралдарды шығаратын ірі қазақстандық өнді­руші болып табылады. Компанияда өндірісте 200-ден астам адам үш ауысымда қызмет етеді. Кәсіпорында тәулігіне 300-360 мың маска өн­діріледі.
Сол сияқты, 7 айдың қорытын­дысы бойынша «Химфарм» АҚ оң нәтижелерге қол жеткізді, мұнда өндіріс көлемі 9-%-ке өсті. «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында дәрілік заттар мен меди­циналық бұйымдарды жеткізу ұлғайтылды. Қазіргі уақытта зауыт антибиотиктердің стерильді ұнтақтары, ампуладағы инъекциялық ерітінділер, инфузиялық ерітінділер, таблеткалар, капсулалар, сашадағы ұнтақтар, сироптар түрінде генерик дәрі-дәрмектерінің 113-тен астам түрін шығарады. Өндірістік процестің барлық кезеңдері тестілеуден өтеді және микробиологиялық тазалыққа сертификатталады. Өнім сапасы компанияның қазіргі заманауи жаб­дықтармен жасақталған арнайы зерт­ханасында бақыланады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы