- Атамекен
- 02 Қыркүйек, 2020
Әлеуметтік өнім тапшы болмайды

Елдегі пандемия мен карантиндік шаралар жағдайында Өскемен, Макинск, Қарағанды, Алматы құс фабрикалары өнім шығару көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін өндірістік және әкімшілік шығындарды оңтайландыруда.
Өскемен және Макинск құс фабрикалары әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін – құс етін шығаратын Aitas компаниялар тобына кіреді. Карантиндік кезеңде кәсіпорындар өндіріс көлемін бұрынғы деңгейде ұстап тұру үшін барлық шараларды қолдануды жалғастыруда. Aitas басшылығы экономикалық дағдарыс компаниялар тобының қызметіне кері әсерін тигізгенін айтады. Шетел валютасы айырбас бағамының өсуіне байланысты өндірістің өзіндік құны қымбаттауда, бұл ретте шығындар үлесіне импорттық компоненттер – инкубациялық жұмыртқа, соя тағамдары, вакциналар, тағы басқа қажеттіліктер кіреді. Компаниялар тобының өндірістік қуаты – жылына 50 мың тонна бройлер еті болса, оның жартысы – Өскемен құс фабрикасы базасында, жартысы – Макинск базасында. Кәсіпорындар тауық етін Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарына, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларына жеткізеді. Айтуларынша, құс етін өндіруде төмендеу болмайды.
– Бройлер еті – бұл ең арзан ақуыз, ол әр адамның күнделікті рационында өте қажетті тағам. Экономикалық өсу бәсеңдеген жағдайда біз басқа ет түрлерімен салыстырғанда құс етіне сұраныстың анағұрлым қолжетімді болатындығын болжаймыз. Қазір логистика мен сатып алудың оңтайлы жүйелері құрылды, – дейді «Айтас KZ» АҚ бас директоры Серік Толықпаев.
2018 жылы Макинск құс фабрикасының бірінші кезегінің құрылысы және пайдалануға берілуі Kazyna Capital Management еншілес қоры Baiterek Venture Fund-ты жалпы сомасы 5,8 млрд теңгеге қаржыландыруға тартумен жүзеге асырылған. 2019 жылы құс фабрикасы толық жобалық қуаттылығына жетті, сол жылдың аяғында жеңілдікті қаржыландыру бағдарламасы бойынша қолдау тапты. Бұл жобаның қаржылық тұрақтылығын уақытында нығайтуға, оның Қазақстандағы инвестициялық тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді. Болашақта жалпы қуаттылығы жылына 100 мың тонна ет болатын Макинск құс фабрикасы Орта Азия аймағындағы ең үлкен бройлер өсіру зауытына айналмақ.
Осы секілді экологиялық таза тауық жұмыртқаларын өндіруге маманданған Қарағанды облысындағы «Қарағанды-Құс» ЖШС құс фабрикасы да өндіріс көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін тиісті шаралар қолданды. Құс фабрикасының қуаттылығы – жылына 135 млн жұмыртқа. Кәсіпорын еліміздің ішкі нарығына, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар, Көкшетау, Петропавл, Екібастұз, Ақсу қалаларына өнім береді, сонымен қатар Қырғызстанға, Ауғанстанға экспорт жасайды.
– Бүгінгі таңда өнімдеріміз Қазақстан нарығында өзін жақсы жағынан көрсетті, енді халықаралық нарықтарға белсенді түрде көшудеміз. Кәсіпорында 124 адам жұмыс істейді, олардың әрқайсысы біздің өндірісіміздің құнды әлеуетіне ие, – дейді «Қарағанды-құс» ЖШС директоры Вадим Мартынюк. – Біз кәсіптің өсуі мен дамуы үшін бизнеске әрбір маманның қатысуын негізгі алғышарт санаймыз. Сондықтан барлық қызметкерлердің біліктілігін көтеру арқылы өндіріс тиімділігін арттыруға аса мән береміз. Елде төтенше жағдай және карантин шаралары енгізілгеннен бері кәсіпорын ешбір қысқартуларға жол берген жоқ. Елімізде, әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдау – аймақтың дамуы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды элементі. Kazyna Capital Management-тің уақытылы қаржыландыруының арқасында біз COVID-19 кезеңінде зауыттың тұрақты жұмыс істеуі үшін жем сатып алдық.
Алматы облысында орналасқан экологиялық таза жұмыртқа өндіруші «Алсад Қазақстан» ЖШС құс фабрикасы да қиын жағдайда өндіріс көлемін өз қалпында сақтауда. 2012 жылы серіктестік ҚКМ-нен еншілес Falah Growth Fund арқылы 23 млн доллар көлемінде қаржыландыру алған болатын. Қаражат зауыт сатып алуға және қажетті инфрақұрылым салуға жұмсалды. Бүгінде фабрика қуаттылығы – жылына 155 млн жұмыртқа. Кәсіпорын еліміздің ішкі нарығына, атап айтқанда, Алматы облысына, Алматы, Тараз, Талдықорған, Шымкент қалаларына өнімдерін ұсынады. Бүгінгі таңда 242 адам жұмыс істейтін зауытта өндіріс тиімділігінің артуы әр қызметкердің біліктілігімен тікелей байланысты. Пандемия кезіндегі қиын уақытта кәсіпорын отандық өндіруші ретінде ел экономикасын дамытуға үлес қосуға және де өз қызметкерлерін қолдауға барынша тырысып жатыр.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

305 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *