• Ақорда & Үкімет
  • 02 Қыркүйек, 2020

Президент Жолдауы: Әрбір тапсырма табандылықпен орындалуы тиіс

Үкімет жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.

«Жолдауда алға қойылған мін­деттерді орындау экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қа­білеттілігін арттыру факторына айналады. Мемлекет басшысы жаңа жағдайға сәйкес келетін мемлекеттік және экономикалық саясатты уақытылы әзірлеу бойынша нақты іс-қимыл жоспарын белгіледі», – деді А. Мамин.
Премьер-министр халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономиканы одан әрі дамыту бойынша үлкен міндеттер жүктелгенін атап өтті. Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бәсекеге қабілетті нақты секторды белсенді дамытуды және экспорт құрылымын әртараптандыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Жолдауды іске асыру стратегиялық маңызды салаларды мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтуге ықпал етеді. Қазақстандық үлесті арттыру бойынша жаңа ұсыныстар дайындап, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеу қажет. Үкімет басшысы бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі ұлттық басымдықтарды қамтамасыз етіп, жоспарлау жүйесінің бір бөлігіне айналуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар бюджеттен тыс қорларды ескере отырып, «кеңейтілген бюджетті» енгізу керек. Тікелей және портфельдік инвестицияларды тарту, отандық тауарлар мен қызметтердің экспортын ілгерілету мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңы пайдаланылады.
«Жолдау мақсаты тұрғын үйдің қолжетімділігіне, қолайлы отбасылық-демографиялық жағдайларға, жақсы экологияға, қолжетімді әрі сапалы білімге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіне негізделген азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына бағытталған», – деді А.Мамин.
Премьер-министр Мемлекет басшысының Жолдауы мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалып­тастыруға, кадр саясатын, шешім қабылдау және олардың орындалуы үшін жауапкершілік жүйесін қайта қарауға арналғанын атап өтті. Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін экономиканы одан әрі дамыту бойынша үлкен міндеттер қойылды. Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру бойынша биылғы 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Президенттің бекітуіне енгізіледі. Үкімет басшысы Президенттің әрбір тапсырмасының орындалуына қатаң бақылау орнатылып, нақты орындалу мерзімі мен жауапты адам белгіленуі тиіс екенін баса айтты.
Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов баяндағандай, қосымша көмек көрсету мақсатында шағын және орта бизнестің қазіргі кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау жүзеге асырылады, әрі түпкілікті жылдық мөлшерлемелері 6%-ке дейін жеткізіледі. Субсидиялау төтенше жағдай жарияланған кезден бастап 12 ай мерзімді қамтиды. Бұл шара «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағыты аясында іске асырылады. Бизнес ахуалды одан әрі жақсарту бойынша шаралар кешені қабылданады. Кәсіпкерлік кодекске тиісті өзгерістер енгізу арқылы реттеушілік апелляция институтын енгізу бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ қаржылай және қаржылай емес мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жалғасады. Бүгінде Салық кодексінде 12 салық, 48 кіші салық түрі, 10 төлемақы және 6 алым көзделген. Тиісінше, салықтар мен төлемдер санын барынша азайту бойынша жұмыс жүргізіледі. Экономиканың аса көп зардап шеккен секторлары үшін баламалы негізде айналымнан бөлшек сауда салығын төлеу құқығын қолдану мәселесі зерделенеді. Сондай-ақ салық мөлшерлемелерін саралау мүмкіндіктері қаралады. Бюджеттің түйінді коэффициенттері жиынтығы әзірленіп, бюджет саясатының тиімділігі мен тұрақтылығын бағалау енгізіледі. «Кеңейтілген бюджетті» енгізу шеңберінде шоғырландырылған бюджетке одан тыс қорларды қосу арқылы мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау кіргізіледі. Инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық мерзіміне заңнамалық талаптар­дың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық инвес­тициялық келісімдер енгізіледі. Осы мақсатта кәсіпкерлік және салық кодекстеріне, «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңға түзетулер қарастырылады. Стратегиялық инвестициялық жобалар пулы қалыптастырылып, олардың тиімділігін арттыру үшін әрбір ірі инвесторды жеке тәсілмен қамтамасыз ету болжанады. Инвестициялық жобаларды іске асыру процесінде заманауи инфрақұрылымды, ағылшын заңнамасын және жеңілдетілген салық және көші-қон режимін ұсынатын «Астана» халықаралық қаржы орта­лығының әлеуеті белсенді пайдаланылады. Еліміздің өңірлік дамуына әрбір нақты өңірдің бәсекелестік артықшылығын көрсету жөніндегі шараларды қамтитын жаңа тәсілдер әзірленеді. Ауылдардағы өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасын белсенді іске асыру жалғасады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру шеңберінде ауыл округтері бюджетінің қаржылық мүмкіндіктері кеңейтіледі. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп, оның шеңберінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау, жергілікті мемлекеттік басқарудың мүліктік құқықтарын және мәслихаттардың өкілеттікте­рін кеңейту бойынша ұсыныстар дайындалады. Мемлекеттік аппа­ратты және квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерін қысқарту шең­берінде ағымдағы жылы олардың саны 10%-ке, келесі жылы тағы 15%-ке қысқарады. Кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде мемлекет пен квазимемлекеттік сектордағы жылжымайтын мүлік объектілері бойынша шағын және орта бизнес үшін жалдау төлемақысын есептеу жыл соңына дейін тоқтатылады. Экономиканы одан әрі мемлекет иелігінен шығару үшін 2025 жылға дейін жекешелендірудің жаңа жоспары қабылданады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

282 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қуантайұлы Нұржан

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редакторы