- Атамекен
- 09 Қыркүйек, 2020
Инфрақұрылымның жоқтығынан экологиялық туризм дамымай жатыр

Экологиялық туризм – қазіргі таңда бүкіл әлемдегі ең ауқымды мәселелердің бірі. 2019 жылы ҚР үкіметінің қаулысымен туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған болатын.
Туристердің жыл сайынғы келуінің өсіміне қарамастан, демалу үшін қарапайым жағдайлар мен қажетті инфрақұрылымның болмауынан елімізде экологиялық туризм тиісті түрде дами алмай жатыр. Соның бірі – Шарын ұлттық паркі. Үкіметтің қаулысымен бұл парк 2004 жылдың 23 ақпанында құрылған.
Қазіргі уақытта «Шарын» мемлекеттік ұлттық паркінде туризм мәселесін дамыту күн тәртібінде тұрған өткір проблемалардың біріне айналды. Ұлттық парктегі туризмнің қазіргі инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай келмейтін көрінеді.
Бұдан бөлек, аталған парк аумағын дамытуға инвесторлар тарапынан қызығушылық төмен болып тұр. Осыдан-ақ жұмсалған шығынның өзін-өзі ақтау мерзімі ұзаққа созылатын түрі бар. Осы орайда бірқатар елдердің тәжірибесі, оның ішінде АҚШ-тағы ұлттық парктің жұмысы, экотуризмді дамыту бағытындағы заңнамасы зерттелді. Және де алдағы уақытта америкалық нұсқа бойынша дамыту қарастырылуда. Жобаны әзірлеушілер АҚШ пен Қазақстанның ұлттық парктері ұқсас болғандықтан, америкалық модельге сүйенген.
«Шарын» ұлттық паркінде жеке инвестициялар тарту есебінен экотуризмді дамыту қарастырылған. Бұл тұрғыда заманауи екі сапарлау орталығын, жаяу жүргіншілер үшін төрт бағдарды, этноауылдарды, көру алаңдарын және басқа да нысандарды құру жоспарланған. Рекреациялық жүктемені азайту үшін барлық нысандар шатқалдан тыс аумақта орналасады. Туристер сапарлау орталығына келген кезде, оған осы аумақ туралы ақпарат беріледі. Осы ретте жаяу жүру, велосипед бағдарлары айқындалған.
Қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында 4 туристік бағдар бар. Олар: Шарын шатқалы; Қамалдар алқабы; Қорған обалары; Кіші Темірлік шатқалы. Мәселен, былтыр Шарын шатқалында алғаш рет қысқы маусым ашылды. Өкініштісі, шатқалда электр қуаты мен мобильді байланыс жоқ. Жарықты тарту үшін 380 вольтты электр сымын жүргізу керек екен. Сондықтан, демалыс орнындағы мамандар рацияны пайдалануда. Егер, туристерге алғашқы медициналық көмек қажет болса, ұлттық парктің мамандары көмектесуге тас түйін дайын екендіктерін алға тартты.
«Шарын» мемлекеттік ұлттық паркін дамытуға арналған қазіргі жобада негізінен туристік маршруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға баса назар аударылуда. Заманауи визит-орталықтар, Глэмпинг, кэмпингтер, этноауылдар салынады. Караванингке арналған орын болады. Парк аумағында күрделі құрылыс жүрмейді, нысандар жеңіл жиналатын конструкциялар арқылы тұрғызылады. Осылайша қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, сапалы қызмет ұсынатын бірегей туристік өнім жасауға мүмкіндік туады. Аумақта экотуризмді жеке инвесторларды тарту арқылы дамыту жоспарланып отыр. Екі заманауи визит-орталық салынады. Төрт жаяу жүргінші маршруты болады. Түнейтін орындар дайындалады. Этноауыл салынады. Үш көру алаңы қойылады. Глэмпинг, кэмпинг, караванинг пункттері, қоғамдық тамақтану орындары, кәдесый дүкендері орналастырылады. Қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктемені азайту үшін қызмет көрсету нысандарының бәрі шатқалдың сыртында салынбақ.
Жоба Қоғамдық кеңес мүшелерімен талқыланып, қабылданғаннан кейін ғана инвесторлар ашық байқау негізінде тартылады. Ұлттық парк жерлері заң бойынша ешқандай жағдайда жеке меншікке берілмейді. Тек белгілі бір аумақтар ғана туризмді дамыту мақсатында уақытша пайдалануға берілуі мүмкін. Алайда инвестор өз міндеттерін орындамаған жағдайда мемлекет кез келген уақытта келісімшартты бұза алады.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, ұлттық парктің экологиялық туризмін дамытудың қадамдары айқындалды. Сонымен бірге, негізгі екпін туристік бағдарларды, соқпақ жолдар желісін дамытуға қойылады.
Нұрлан ҚҰМАР

373 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *