- Атамекен
- 09 Қыркүйек, 2020
Дәрі-дәрмек дер кезінде жетуде ме?

Пандемия халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайының да осал тұстарын ашып, дәрілік заттарды жеткізудегі ашықтық пен жылдамдық мәселесі ушығып тұрғанын көрсетті. Бұл процесс қазір қай деңгейде, орын алған бюрократиялық кедергілер толық жойылды ма?
Қазірде дәрі-дәрмекті өңірлерге жылдам, уақытылы жеткізу мәселесі өте өзекті болғандықтан, бұл түйткілді ынтымақтаса шешудің барлық мүмкін болатын қосымша нұсқалары пысықталуда.
Оған СҚ-Фармация базасында кедендік және шекара қызметтерінің, Азаматтық авиация комитетінің, көлік-логистикалық нарықтың қатысушылары – Air Astana, SCAT, Қазпошта, ҚТЖ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары, ҚазАТО, Қазақстан көлік қызметкерлері одағы бірлесе кіріскен. Атқарылып жатқан жұмыстар мен проблемалар «Магистраль» сарапшылық кеңесінде назарға алынуда.
СҚ-Фармация басқарма төрағасы Ерхат Есқалиевтің айтуынша, компанияның логистикалық тізбегі тиімділіктің ең жоғары деңгейіне шығу үшін шұғыл әрекет етуді талап етеді, бұл ретте қолда бар логистикалық қуатты максималды деңгейге шығару көзделген. СҚ-Фармация үшін еліміздің әрбір бұрышына дәрі-дәрмек жеткізуде логистикалық тізбекті қамтамасыз ететін компаниялар қосымша шаттлдарды іске қосуда, суық тізбектің талаптарын ескере отырып, мемлекеттік сектор үшін тегін дәрі-дәрмек жеткізуге тартылған автопарктерді ұлғайтуда. Дәрі-дәрмек жөнелтуді жедел ұйымдастыру үшін қоймалар жұмыстың 24/7 форматына көшкен.
Қазіргі күні ауруханаларда аса қажет елге келіп түсетін дәрілік препараттары мен медициналық бұйымдары бар жүктерді жедел қабылдау үшін әуежайлардың басқарушы компаниялары қолдау көрсетуге дайын. Енді елге келетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған барлық жүктер, мейлі ол гуманитарлық көмек немесе медициналық препараттарды жоспарлы түрде жеткізу болсын, қажетті процедуралар мен кедендік тазартудан кідіріссіз өтіп, медициналық мекемелерге бірден жеткізіледі. Он екі сағаттың ішінде гуманитарлық көмек әкелуге рұқсат ететін құжаттар беріледі. Кеден және шекара қызметінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін келетін жүкті жедел рәсімдеу мәселелеріне жетекшілік ететін және үйлестіретін жауапты тұлғалар анықталған. Бұл шараның елеулі әсері байқалады. Еліміздің барлық өңірлерінде дәрі-дәрмекке деген өткір қажеттілікті ескере отырып, әкімдіктердің, азаматтық авиация комитетінің және қазақстандық әуе компанияларының қолдауымен шұғыл қажеттілік кезінде әуе қатынастары тарапынан дәрі-дәрмекті жедел тасымалдау мүмкіндігі қарастырылды. Air Astana және SCAT өкілдері дәрі-дәрмекті авиакөлікпен жедел жеткізу қажет болған жағдайда ынтымақтастық туралы өз ұсыныстарын жеткізуде. Пандемияның екінші толқынына дайындық негізінде әуе компанияларымен қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекті әуе арқылы жеткізу туралы келісім жасалды. Азаматтық авиация комитеті сондай-ақ тиісті бағыттарда борттары болған кезде дәрілік препараттарды жедел тасымалдау мүмкіндігі үшін тиелгенге дейін ішкі және сыртқы тасымалдардың тізімін бере отырып, жәрдем көрсетуге дайын.
KAZLOGISTICS сайтында көлік компанияларымен кездесу өткізіліп, олар аймақтарға дәрі-дәрмек пен медициналық техниканы жеткізуге көмектесуге дайын екендіктерін білдірді. Air Astana медициналық жүктерді тасымалдау үшін Боинг 676 қайта жабдықтауға, SCAT – дәрі-дәрмек жеткізуге арналған шағын ұшақтарды ұсынуға дайын. Қазпошта 25 автокөлік беруге әзір, ҚазАТО-да 1500 рефрижератор бар, KTZ Express дәрі-дәрмектерді уақытша сақтау қоймасы ретінде 400-ден астам тоңазытқышпен қамтамасыз ете алады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында қажетті температуралық режимі бар уақытша сақтау қоймаларының болуы пысықталуда. Барлығы осындай 15 уақытша сақтау қоймасы бар.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство өкілдері мен қоғамдық белсенділер дәрі-дәрмектің таралуын қатаң қадағалауда. Дәрі-дәрмек жеткізудің бүкіл логистикалық жүйесі қайта іске қосылып, аймақтардағы қоймалар тәулік бойы жұмыс істеуге көшкен. Қазір өңірлерде дәрі-дәрмектің бір айлық қоры, СҚ-Фармация қоймаларында екі айлық қоры құрылды. Сондай-ақ басқару жүйесін автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Енді онлайн режимінде стационарлардағы дәрі-дәрмек қалдығын бақылауға болады.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

337 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *