• Атамекен
  • 09 Қыркүйек, 2020

Жер қатынастарын цифрландыру: Бюрократия мен жемқорлықты жоюға мүмкіндік береді

Ауыл шаруашылығы дамуын жолға қоймайынша, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Мемлекет басшысы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында аграрлық саладағы шешімін күткен өзекті мәселелер мен маңызды міндеттерді атап көрсетті. Осыған орай Үкіметтің баспасөз орталығында өткен дүйсенбі күнгі брифингі барысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Жолдау жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды іске асыру шаралары туралы айтып берді.

Аграрлық сектор алдында тұрған басты міндеттер – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен елді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру. еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, өнім экспортын екі есе арттыру. Осы ретте баспасөз мәслихатында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа бірқатар маңызды сұрақ қойылды. Оның бірі – коронавирусқа байланысты шектеулер жағдайында өтіп жатқан биылғы жыл астық түсімінің қалай болмағына деген алаңдаушылық еді.
Министр биыл жиналатын астық көлемі 18 млн тонна деңгейінде жоспарланып отырғанын, бұл еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты. Қазіргі таңда Жамбыл облысында дәнді дақылдар жинау науқаны мәреге жеткен болса, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында аяқталуға жақын. Жедел деректерге сәйкес, бұл күнде республика бойынша барлығы 9,9 млн га дәнді және бұршақты дақылдар алқабы жиналды, бұл жалпы егістіктің 63% (былтыр осы кезеңде 5,1 млн га немесе 34% жиналды). Орташа өнімділік гектарына 11,7 центнерден айналып, 11,5 млн тонна астық бастырылды (2019 жылы – 5,8 млн тонна).
2020-2021 маркетингтік жылға арналған экспорттық әлеует ұнды қоса алғанда шамамен 7 млн тоннаны құрайды. Осы ретте министр жаңа егіннің түсімі мен сапасына байланысты экспорт көлемін 7,5-8 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болатынын атап өтті. Экспорт бағытында дәстүрлі нарықтар қамтылады. Яғни астық біздің негізгі серіктес елдер – Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Иран мемлекеттеріне тасымалданады. Сондай-ақ Қытайға астық пен ұн экспорты көлемін арттыру көзделіп отыр. Министр атап өткендей, биыл 18 млн тонна жиналады деп күтіліп отырған астықтың тиісті бөлігі осы нарықтарға жөнелтілетін болады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша агроөнеркәсіп кешені өнімдері әлемнің 67 еліне жөнелтіліп, экспорт көлемі 3,2 млрд доллар сомаға 14,4 млн тоннаны құрады. Ведомство басшысы АӨК өнімдеріне ветеринарлық және фитосанитарлық карантиндік талаптарды ҚХР, ЕО, Парсы шыға­нағы елдерімен, Иран, Жапония және Үндістанмен келісу жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар Еуропалық одақпен қазақстандық бал, ет және сүт өнімдерін жеткізуге байланысты ветеринарлық талаптарды келісу бойынша келіссөздер жүргізілуде. «Қазіргі таңда ЕО елдеріне бал өнімдері мен өңделген күнбағыс майы экспортын ұлғайту қарастырылуда. Сондай-ақ Жапонияға жылқы және сиыр етін экспорттау көзделіп отыр, Қытай мен Таяу Шығыс елдеріне де экспортты ұлғайтпақпыз. Бүгінде біз 67 елге өнім шығарып отырған болсақ, жыл соңына қарай олардың қатары 80-ге жетеді деп ойлаймын», – деді С.Омаров.
Бұдан кейін министр жер қаты­нас­тарын цифрландыру жұмыс­тары қалай жүргізіліп жатқанына тоқтала келіп, қазіргі таңда жерді электрондық форматта беру туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын хабарлады. Бұл ретте жер комиссиясы алынып тасталады, қағазсыз қызмет көрсету енгізіледі, жер учаскелерін беруді коммуналдық қызметтермен келісу рәсімі автоматтандырылады. Цифрландырудың арқасында жер телімдерін беру мерзімдері айтарлықтай қысқарады, мысалы, жер учаскесін тікелей беру бойынша жалпы мерзім 1 жылдан 30 күнге дейін қысқарады. Өз кезегінде коммерциялық мақсаттарға арналған жер учаскелері Қаржы министрлігінің электрондық сауда алаңы арқылы өткізілетін сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) беріледі. Кез келген азамат жер учаскесін аукционға қатысу арқылы жария картада таңдап алу мүмкіндігіне ие болады.
Агроөнеркәсіп кешенін цифрлан­дыруға қатысты жоспар көп. Осы тұрғыда министр үш негізгі мәселеге тоқталды. «Біріншісі – жер қатынас­тарын цифрландыру. Бұл ретте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге тиісті заң жобасы әзірленіп, оған сәйкес жер аумақтарының бәрі цифрландырылады. Жалпы қазір ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы да цифрландырылып қойғанын атап өту керек. Ендігі кезекте барлық жерді осы әдіспен цифрландырамыз. Заң жобасы қабылданғаннан кейін жердің бәрі электронды форматта берілетен болады», – деді Сапархан Омаров.
Бұл, ең алдымен, адам факторын, бюрократия мен сыбайлас жемқорлықты жою, жер учаскесін алуға қатысты түскен өтінімдерді қарау мерзімін қысқарту мүмкіндігі тұрғысынан маңызды болмақ. «Екінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерін бақылау. Қазір ІТ-компаниялардың бірі осы мәселеге қатысты жоба әзірлеуде. Үшінші – ауыл шаруашылығы өнімдерінің электрондық саудасына басымдық беру», – деді министр.
Ал элеваторлардың жұмысын цифрландыру олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, астықты ұрлау және ысырап ету фак­ті­лерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Келтірілген ақпаратқа сәйкес, бүгінде республикамызда 40-қа жуық элеватор технологиялық тұрғыда астықты автоматты тазалап, кептіру жүйелерімен және электрондық таразылармен жарақтандырылған, сондай-ақ зиянкестердің залалдауын бақылау жүйесі орнатылған. Қойма­лауды автоматты есепке алу жүйесін енгізу қолға алынған. «Елімізде астық қабылдау кәсіпорындары қызметінің ашықтығын арттыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Міне, екі жылдан асты, электрондық астық қолхаттары жұмыс істеп келеді, олар элеваторларда астықты қосып тіркеуге жақсы тосқауыл болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Қазіргі таңда он шақты АТ-компания өз бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Солардың ішінен ең тиімдісін таңдап аламыз. Бұл жерде цифрландыру астық қабылдау кәсіпорындарына қо­­­сымша қаржылық шығындар әкеле­тінін түсіну қажет, сондықтан бұл мәсе­лені бизнеспен бірлесіп талқылау қажет», – деп түйіндеді Сапархан Омаров.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

448 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы