- Өндіріс
- 17 Қыркүйек, 2020
Жеке кәсіпкер шағын өндірісті жолға қойды

Орал қаласындағы «Қыстаубаева» жеке кәсіпкерлігі мемлекеттік бағдарламамен несие алып, ірі қара етінен мұздатылған жартылай дайын өнімдер өндіру жұмысын қолға алды.
Өткен жылдың қараша айында оралдық Айдана Қыстаубаева «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасы арқылы білім алып, кәсіпкерлікке бет бұрды. Ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстағы филиалы арқылы 12 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Қазір кәсіпкерлік ірі қара етінен мұздатылған жартылай дайын өнімдерді, соның ішінде тұшпара, мәнті, котлет, тефтель, фрикаделька, чебурек және лапша өнімдерін шығарумен айналысады.
Жас кәсіпкер несиеге Ресей, Италия, Қытай мемлекеттерінен дайын өнімді сақтайтын мұздатқыш, ет тартатын және қамыр илейтін құрылғыларды сатып алды. Карантин кезінде шет елден құрылғыларды тасымалдау қиындығынан біраз уақыт жоғалтып, құрылғылар екі айға кешігіп келді. «Қазіргі уақытта кәсібімізді бастадық. Өнім толықтай таза, бағасы да соған лайықтап қойылады», – деді Айдана Есенжолқызы.
Оның айтуынша, кәсіпкерлік тұтынушылардың тапсырысы бойынша жұмыс істейді, өнімдерді үйлерге жеткізіп береді. Тапсырыс берушілер қатарында тек оралдықтар емес, атыраулықтар да бар.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы қызметінің басты бағыты – өңірде кәсіпкерліктің кеңінен қанат жаюына көмек, қолдау көрсету. «Былтырғы жылдан бастап «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында қаламыздағы шағын бизнесті несиелендіру жұмысымен айналысып жатырмыз. Басты мақсат – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. 2019 жылы қор тарапынан 50 миллион теңге бөлініп, 37 кәсіпкерге несие берілді. Ал биылғы жылы 500 миллион теңге қаражат бөлінді», – дейді БҚО филиалының директоры Ербұлан Түшкенов.
Бағдарлама арқылы әр азамат өз кәсібін ашып немесе бизнесін кеңейте алады. Егер кәсібін жаңадан ашамын деген жандар болса, басты шарт – бизнес негіздемелері бойынша арнайы курстан өту. Ал, жеке кәсібін бастағанына үш жыл толған кәсіпкерлерге оқу маңызды емес. Биылғы жылы бөлінген 500 миллион теңгеге кем дегенде 31 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда палатаға әзірге екі өтініш келіп түскен. Шарт бойынша биыл шағын несие сомасы 16 миллион теңгені құрайды. Несиелеудің мерзімі 5 жылға дейін, үстеме – жылдық 6 пайыздан аспайды. Айта кетейік, аталымыш несие көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 6,5 жылға 4 пайыздық мөлшерлемемен беріледі.
ГҮЛБАР ДЫБЫСҚАЛИ
Орал қаласы

350 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *