• Өндіріс
  • 24 Қыркүйек, 2020

21 мың шақырымдық ескі желі, 200 бос жұмыс орны...

Энергетика саласы мемлекеттен қолдау күтеді

Ақ Жайық өңірінде жаздың жайнаған күні райынан лезде айнып, оп-оңай «долданып», қатты жел тұрып, соңы әп-сәтте қара дауылға айналады. Қыстың көзі қыраудағы ақ түтек боранның соғуы не қардың еріп, күннің жылымықтануы да көзді ашып-жұмғанша... Осындай табиғат құбылыстарында қалада да, ауылда да жалп етіп жарық сөніп, сиқырлы уақыт сағаты кейінге қарай айналып кететіндей сәттер азаймай тұр. Соңғы жылдары мұндай «қараңғы түнек» басатын кездер жиіледі.

Өзімізді электр қуатымен 100 пайыз қамтып, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткіздік деп бөрікті аспанға атқанымызбен, жағдайымыз әлгіндей.

 

Өңір тұрғындарын электр қуатымен қамтуда іркілістерді жою үшін алдымен энергетика саласындағы түйінді түйткілдерді шешу қажет. Өмірлік маңызы зор және стратегиялық салалардың бірі ретінде энергетика саласына мемлекет тарапынан көңіл бөлінбесе, жарық өшетін кездердің азаймайтыны айқын. «Біздің өңір еліміздің энергетикалық картасынан ойып тұрып орын алмайды. Өйткені электр желілерінің ұзындығы бойынша 3-ші орында болғанымен, «пайдалы» қуатты жеткізуден көш соңындағылардың қатарында. Инвестициялық бағдарлама бойынша да бөлінетін қаржы аса қомақты емес. Оның үстіне компания 20 жыл бойы коммуналдық меншік түрінде қызмет көрсетіп келді. Сонымен қатар өңірлердегі өзге компаниялармен салыстырғанда ең соңынан сенімгерлік басқаруға берілді. Сала мамандарының айтуынша, облыс аумағындағы қуат тасымалданатын электр желілері өткен ғасырдың 70-жылдары, КСРО-ны жалпы электрлендіру саясаты қайнап тұрған кезеңде тартылған. Содан бергі елу жыл бойы сол ескі желілер үздіксіз пайдаланылып, энергетикалық құрал-жабдықтарды жаңалау жұмыстары тоқыраған. Өйткені жаңа желі тартып, саладағы жабдықтарды жаңартуға қомақты қаржы қажет. Ал саланы қаржыландыру тек тариф есебінен жүргізіледі.
Тарифтің халықтың «қал­тасына» тәуелді екендігі белгілі. Сондықтан халықтың қамын ойлайтын Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (АРЕМ) тарифті өсіруге аса құштар емес. Қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауда оның маңызын жоққа шығаруға болмас. Бүгінде компания 2021 жылға арналған жаңа тарифті бекіту үшін тиісті құжаттарды аталмыш агенттікке жолдаған. Бесжылдыққа арналған жоспарға сай жылдан жылға өсе түсетін тозу көрсеткішін ескере отырып, желілерді, қосалқы стансаларды, құрал-жабдықтарды жаңалау, қайта құру, цифрландыру көз­делген», – деп түсіндірді «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ бас инженері Серік Жұмағалиев.
Өткен жылдары облыс аума­ғындағы электр желілері мен қосал­қы стансалардың физикалық тозуы 82%-ды көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш инвестициялық бағдарламаның есебінен сәл-пәл төмендеп 81,6%-ды құрады. Осылайша компанияның пайдасы мен амортизациялық аударымдары есебінен қаржыландырылатын инвестициялық бағдарлама актив құнының өсуіне түрткі болды. Сала мамандары инвес­тициялық бағдарламаның ша­пағатымен «БҚЭЖТК» АҚ-ның «мүлік-мүкәмалының» жалпы тозу көрсеткіші төмендеуде деп сендіреді. Оған қоса жаңа жабдықтар алынып, моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген құрал-жабдық жөнделіп, қосып-ажыратқыштар, трансформаторлар қал-қадірінше жаңартылуда деседі. Қаржы жоқтығынан қосалқы стансаларды, энергетикалық жаб­дықтарды, трансформаторларды жаңалау, жаңадан салу мүмкін емес. Соңғы жылдары там-тұмдап трансформаторлар жаңаланған. Онда да жанып кеткен трансформаторларды компанияға қарасты электр цехында өздері жөндеп, ішкі бөлшектерін жаңалап, май құйып, сыртын жылтыратып бояп қайта орнатады. Қазіргі уақытта кем дегенде жылына 60 трансформатор жөнделеді. Бұрынғы кеңестік заманда механикалық колонналар, арнайы кәсіпорындар электр желісіндегі, жабдықтардағы ақауларды жөндеумен айналысып, тұрақты жұмыс істеген. Бүгінде соның бірі жоқ, барлығы құрдымға кеткен. «Әдетте жыл басынан бастап жөндеу жұмыстарының кестесін жасап, қажетті материалдарды алып, қамданамыз. Қазіргі уақытта қаладағы кабель және тоқ желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары 45%-ға орындалды. Бірақ күзгі-қысқы маусымға дайындық жұмыстары жоспарынан қалыс келеміз. Оған басты себеп пандемия, жұмысшылардың тұрақтамауы болып отыр. Бүгінде компанияда 200 бос жұмыс орны бар. Мамандығы барлар электрик болуға «құштар» емес, өйткені жалақысы (электрмонтер 50 мың теңге, шеберлер 70 мың теңге алады) өте төмен. Бірқатар қызметкеріміз коронавирус індетімен ауырды. Басшылық қашықтықтан қызмет етті. Осындай жағдайларға байланысты өңірдегі жөндеу жұмыс­тарын ауа-райына қарай жыл­дағыдай сәуір айында емес, мамыр айының соңында бастадық. Теректі, Жәнібек аудандарындағы барлығы 18 қосалқы стансаның жөндеу жұмыстарын аяқтап, қазір Орал қаласының төңірегіндегі үлкен қосалқы стансаларды тек­серістен, жөндеуден өткізудеміз. Бүгінде қосалқы стансаларды жөндеу, қысқы маусымға дайындау жұмыс жоспары 78%-ға орындалды. Сондай-ақ жоспар бойынша өңірдегі барлық 312 жинақталмалы қосалқы трансформатор стансасының (КТП) 43%-ы жөндеуден өткізілді», – деді Серік Жұмағалиев.
Бас инженердің түсіндіруінше, өңірдегі қосалқы стансалардың дені ескі, алғашқылары Оралдың төңірегіне 1967-1968 жылдары, соңғылары 1988-1989 жылдары салынған. Шаһардың жаңа шағын аудандарындағы жаңа («Зашаған», «Северный», «ГТС-54») қосалқы стансалар бұл компанияның емес, қалалық әкімдіктің теңгерімінде. Бірақ оларды да компания электр қуатын тарату жұмыстарына пайдаланады және жөндеуін де мойындарына алған.
Компанияның инвестициялық бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарына қаржы бес жылға бөлінеді. Биыл бірінші бесжыл­дықтың жоспары аяқталмақ. Биыл инвестициялық бағдарлама бойынша 439 млн теңге бөлінген. Осы қаржының есебінен 150 қосалқы стансаның 18-інің ескі үлгідегі (ПСН) айырғыштары соңғы үл­гідегі вакуумдық айырғыштармен алмастырылып, жаңалануда. Ондай құралдар желіде тоқ тұйықталғанда микропроцессорлық қорғаныспен аутоматты түрде айырылып, қосылады. Жалпы облыс бойынша 174 млн теңгеге 18 вакуумдық айырғыш сатып алынған. Соның біреуі Оралда, 17-сі ауыл-ауданда ауыстырылып, қойылады. Қазіргі уақытта қосалқы стансаларда бұрынғыдай ПСН-ді ауыстыратын кезекші қызметкер де қалмаған. Сондықтан бірінші кезекте сондай орындарға аутоматты түрде айырып-қосатын вакуумдық айырғыштар қойылмақ. Оның үстіне мұндай айырғыштар күштік трансформаторды жанып кетуден сақтайды әрі айырылып қалған электр қуатының қайта қосылу мерзімінің ұзақтығын азайтады. Соның ішінде Оралда шағын аудандар арасындағы 2 шақырымдық 10 кВ кабельдік желілері жаңартылады. Одан басқа әлеуметтік нысандар, көп қабатты тұрғын үйлер арасындағы 4 шақырымдық 0,4 кВ кабель желісі, қала ішіндегі ұзындығы 3,5 шақырымдық 10 кв әуе желісі ауыстырылады. Бүгінде кабель сымдары сатып алынып, тиісті жұмыстар жүріп жатыр. 10 кв вакуумдық айырғыштар алуға 10 млн теңге қаржы бөлініп, жұмсалған. Одан басқа ауылдық жерлердегі темір сымдар жаңаланбақ. Темір сымдармен тасымалданатын электр қуатының бір бөлігі көп жоғалады. Әсіресе, аудан, бұрынғы кеңшар және ферма орталықтарындағы темір сымдар әлдеқайда сапалы аллюминий сымдардармен ауыстырылады. Бұдан электр желісіндегі апатты жағдайлар және тоқты ысырап ету көрсеткіштері азаяды. Компания (шартты түрде бөлінген 16 аудандағы) аудан-ауылдағы темір сымдарды ауыстыруға 23 тонна аллюминий сым сатып алуда.
Қосалқы стансалардағы жаб­дық­тарды, желілерді, трансформаторларды күрделі жөндеуге компания есебінен 295 млн теңге бөлініп, бүгінде оның 120 млн теңгесі игерілген. Электриктер облыс аумағындағы қуат тасымалдауға пайдаланылатын сым бағандарын да жөндейді. Қисайған бағанды түзетіп орнатады, босаған сым желісін тартып, кереді, үзілгенін жалғайды, оқшаулағыштарды ауыстырады, әйтеуір, өмірі бітіп болмайтын тірліктері қысы-жазы жалғасады.
Аталмыш компания бас инже­нерінің эксплуатация бойынша орынбасары және бас диспетчер Асқар Ғайсиннің әңгімесіне құлақ түрсек, облыстың ауа-райы қыстыгүндері қолайсыз бол­ғандықтан, тұрақты тоқпен жұмыс істейтін «ВУКН 14/1400» деген құрылғы өткен ғасырдың 70-жылдардың аяғынан бері қолданылады. Сымдарды қыз­ды­ратын құрылғыны қажетіне қарай сымдарға іліп, сызба бойынша мұздақтарды ерітеді. Осы құрылғы көмегімен жылымық не аяз күндері 52 сым желісі мұздан, қатқан қардан арылады. Одан басқа 4-5 жыл бұрын Қарашығанақ кен орнындағы желідегі мұзды еріту үшін «ВУПГ» деген жаңа құрылғы сатып алынған. Бұл құрылғымен желідегі қуатты азайтып-көбейтуге болады. Мұндай жаңа жабдықтар Тасқала, Шыңғырлау, Бөрлі ауданында қосалқы стансаларда орнатылған. Мамандар бұрындары облыстың оңтүстік аудандарындағы электр желілерінде мұздақтар болмайтынын, соңғы кездері жағдай өзгеріп, бұл жақтарда да электр желілерінде мұз «қонақтайтынын» айтады. Бүгінде ондай мұзды айнымалы тоқ арқылы еріту жолға қойылған.
Әйтсе де, энергетика саласына арнайы техника жетіспейді. Қазіргі қолданыстағы «Цифрлық Қазақстан», «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламаларына электр жүйесіндегі компания­лар қатыса алмайды. Өңірдегі «Жайықжылуқуат», «Батыс су арнасы» секілді коммуналдық қызмет көрсететін компаниялар «Нұрлы жол» бағдарламасының көмек-қолдауын көріп отырғанда, бұл компания аталмыш бағдарламалардан электр желісін жаңартуға, күрделі жөндеу жұмыстарына көк тиын да алмайтыны түсініксіз. Қазір жиі айтылатын жасыл экономика, саланы цифрландыру технологияларын енгізу сала мамандары үшін ертегі, арман секілді естіледі. Желілер тозған, оларды қалпына келтіру үшін миллиардтаған қаржы керек. Жыл өткен сайын жөндеуге, жаңалауға қажет қаржы шамасы өсе бермек. Сенімгерлік басқаруға алған компанияның ондай қаржы таппасы бесенеден белгілі. Мамандар кеңестік заманнан қалған 21 мың шақырымдық ескі желілерді сақтап қалу үшін 2-3 жылға кем дегенде 100 млрд теңгенің үстінде қаржы керек деседі. Оның үстіне жыл санап миграцияның есебінен қала халқының саны өсіп келеді. Қазіргі уақытта үй салуға он сотық жерді алған адам оны тағы екіге бөліп, бір бөлігін сатады. Содан соң ол 70-жылдардағы ескі трансформаторға жалғанады. Одан кейін «кеудесі сырылдап» әрең тұрған трансформатор ол жүктемені көтере алмайды. Мысалға, Оралға іргелес Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылында сондай жағдайлар жиіледі. Оралдағы 70 мың халыққа есептелген «Ақжайық» жаңа шағын ауданына үлкен қосалқы станса салынуда. Қосымша тағы бір станса салынуы керек. Соңғы күні кеше болған қатты желден 10 кв кернеулі тоқтың әуе желісі жанып кетті. Плодовощное, Мичурин, Желаев ауылдары мен Зашаған кенті, Оралдағы Старый Курени, орталық шағын ауданындағы желілер де істен шыққан. Сондықтан да бұ­рын­ғыдай механикалық колонна құру қажеттігі қатты сезіледі. Ондай коллонналар Павлодар, Алматы облыстарында сақталған. Кеңестік заманда әр өңірде желі тарту, қосалқы станса салу, стансаларды, трансформаторларды жөндеп, іске қосу жұмыстарымен шұғылданатын осындай мекеме болған. Ондай мекеменің мамандары, техникасы болатын. «БҚЭЖТК»-ның негізгі міндеті желіні пайдалану, халыққа жарықты беру болғанымен, қазіргі уақытта қосалқы стансалардағы, трансформаторлардағы, желілердегі барлық ақау, жөндеуді бір кәсіпорын атқарып отыр. Әбден тозығы жеткен электр желісі мен қосалқы стансаларды жөндеуге мемлекеттің көмек қолдауы қажет. Онсыз өңірдің тұрғындары жарықсыз қалуы әбден ықтимал.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

463 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы