• Атамекен
  • 01 Қазан, 2020

АСТЫҚ САПАСЫ ДИҚАНДАРДЫ ҚУАНТТЫ

 

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын екенін және биыл оның қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары екенін мәлімдеді. Бұл туралы ведомствоның Баспасөз қызметі хабарлайды.

Министрдің айтуынша, рес­публика бойынша барлығы 14,8 млн гектардан астам дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе жалпы егін алқабының 93,4%-ы жиналды, ал өткен жылы осындай уақытта 10,3 млн гектар немесе алқаптың 67,6%-ы жиналған болатын.
Өткен аптаның басында ми­нис­трлік сайты гектарына 12,3 центнерден өнім алынып, 18,2 млн тонна астық бастырылды (2019 жылы 11,4 млн тонна) деп жазған болатын. «Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өн­дірісінің болжамды көлемі елдің ішкі қажеттіліктерін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді», – дейді С.Омаров.
Сонымен қатар, отырыс барысында егіннің сандық және сапалық сақталуын қамтамасыз ету жағдайы қозғалды. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 28,8 млн тоннаны құрайды, оның 12,1 млн тоннасы – астық қабылдау кә­сіп­­орындарында, 16,7 млн тон­­насы – ауыл шаруашылығы өндіру­­шілерінде. «Жаңа егіннен лицен­зияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3,0 млн тонна астық түсті, бұл былтырғы жылғы осындай мерзімде астық қа­былдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп. Аталған деректер егін жинау науқаны қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін тағы бір рет растайды», – деп мәлімдеді АШМ басшысы.
Сапархан Омаров биыл астық­тың сапасы жоғары көрсеткіш көр­сеткенін тілге тиек етті. Мәселен, ли­цен­зияланған астық қабылдау кә­сіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8 пайызы 1-3-сыныптарға жатқызылған. «Егістік алқаптарынан сапалы өнімнің алынуы мемлекеттің өсімдік шаруашылы­ғына қолдау көрсету жөніндегі мақ­сатты саясатының арқасында мүмкін болды. Ағымдағы жылы тұқым шар­уашылығын субсидиялау көлемі 49%-ға ұлғайды (9,4 млрд теңгеден 14 млрд теңгеге дейін). Тыңайтқыш сатып алуды субсидиялау көлемі 38%-ға (19,0 млрд теңгеден 26,1 млрд теңгеге дейін), бұл тыңайтқыш енгізу көлемін ғылыми қажеттіліктің 20%-ына дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті С.Омаров.
Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұнның негізгі экспорты дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатын болады. Астық сапасының жоғары болуынан Қытайға бидай жөнелтілімі артуы мүмкін.
Елімізде ауыл шаруашылығы өн­дірушілерінің өтініштері бойынша Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға республикалық бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінген. Бүгінде 516 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға келісімшарт жасалыпты. «Нарықтағы қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ бидайды сатып алу бағаларын сапасына қарай 83-87 мың теңге дәлізінде, 4-сыныпты бидайға – 78 мың теңге, 2-сыныпты арпаға – 50 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынады. Ал, форвардтық мәмілелер бойынша күнбағыс пен қарақұмықтың сатып алу бағалары осы дақылдарды жинау аяқталған кезде, кейінірек белгіленетін болады», – деді Ауыл шаруашылығы министрі.

 БИДАЙ ҚАЙДА
ЭКСПОРТТАЛМАҚ?

Қазіргі күні еліміздегі егістік алқа­бының 93,4 пайызы жиналып, қамбаға 18 миллион тоннадан астам астық қабылданып, бастырылған.
Ауыл шаруашылығы министрі үкімет отырысында биыл егін жинау науқанының қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары екенін және гектарына орташа есеппен 12,3 центнерден өнім жиналғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3,0 млн тонна астық түсті, бұл былтырғы жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп екен.
Сонымен қатар Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің басшысы отан­дық бидай мен ұн қай елдерге экспорта­латынын да атап көрсетті. «Жаңа маусымда қазақстандық бидай мен ұнның негізгі жеткізілімдері дәстүрлі түрде Орта Азия елдері мен Ауғанстан нарығына жолданатын болады», – деді С.Омаров.

САТЫЛЫМ БАҒАСЫ
БЕЛГІЛЕНІП, АЙМАҚТАР
ОРАҚ НАУҚАНЫН АЯҚТАҒАН

Қазіргі күні еліміздегі астық алаңының 93,4 пайызы жиналып, қамбаға 18 миллион тоннадан астам астық бастырылғанын жоғарыда атап өткен едік. Үкімет отырысында салалық министрлік басшысы биыл егін жинау науқанының қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары екенін және астық шығымдылығы гектарына орташа есеппен 12,3 центнерден айналғанын да мәлімдеген болатын.
Енді еліміздің астықты аймақта­рының бірі – Қостанай облысын­дағы егін орағы науқанының қорытын­дыларына тоқталып өтсек.
Атап айтқанда, биыл Меңдіқара ауданында 235,3 мың гектар алқапқа дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар себілген. «Ауа райы қолайлы болып, егін ерте жетілді», – дейді диқандар. Толысып піскен егінді күзгі жауын-шашынға қалдырмай, әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып, дер уақы­тында жинап алу мақсатында астық жинау науқанына 580 комбайн мен 277 қоқыс жинайтын орақ жұмыл­ды­рылды. Диқан қауымының жұ­мыла кіріскен қажырлы еңбегінің нәтижесінде 225,9 мың гектар ал­қаптағы егін алқабы орылып, жоспарлы меже 96,3%-ға орындалған. Бидайдың орташа шығымдылығы гектарына 12 центнерден айналды. Мұның есесіне, 75,1 мың га алқапқа себілген майлы дақылдардың 17,7 мың гектарына, яғни 23,6 пайызы ғана орылыпты.
Меңдіқара ауданына қарасты Долбушка ауылындағы «Егін» ЖШС директоры Марат Молдашевтің айтуынша, жұмыс жоспарға сай жүргізілуде екен. «Ауыл шаруашылығының кә­десіне бас-аяғы 3951,4 га жер жаратылып жатса, оның 3108 га алқабына дән себілді. Атап айтқанда, 2692 га егістік алқабының 2307 гектарына дәнді және 385 га алқапқа майлы дақылдар салынды. Бүгінде 1570 га алқаптағы дән жиналып алынды, егін өнімділігі гектарына 11,4 центнерді құрайды. Шаруа қожалығында барлығы 48 адам жұмыс істейді. Негі­зінен бұл жергілікті тұрғындар», – дейді Марат Молдашев.
Астық жинау науқанының мер­­зімінде аяқталуына жұмысшы қолы­ның жеткіліктілігі, техниканың сай болуы септігін тигізген. Шаруа қожа­лығының бір МТМ, бір мұнай базасы, 20 тракторы мен 14 комбайны, 7 жүк көлігі бар екен. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға арналған 5 қойма бар. Қазіргі уақытта бұл шаруашылықтағы күзгі жиын-терім жұмыстары өз мәресіне жеткен, енді серіктестік еңбеккерлері өнімді кептіріп, сақтау жұмыстарына кіріскен.

Исатай ҚАМБАРОВ

1981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы