• Өндіріс
  • 15 Қазан, 2020

Отандық техника егістікті бағындыруда

Аграрлық сектордың табысты дамуы бүкіл ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін белгілейді. Осы тұрғыда саладағы стратегиялық маңызды міндеттердің бірі – өнімділікті, әртараптылықты қамтамасыз ететін жоғары технологиялы ауылшаруашылық техникаларын шығару.

Өндіріс құралдарының түгел, тұтас, тиімді болуы – кез келген сала үшін базалық мәселе. Соңғы жылдары елімізде аграршылар мен фермерлерді қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Осылармен қатар, нарық дамуы аясында өнім түрлерін кеңейтуге және фермерлер үшін технологияның қолжетімділігін арттыруға ықпал ететін отандық ауылшаруашы­лық техникаларын шығарудың маңызы зор. Өйткені, тозығы жеткен парк елдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуын қиындатады, бұл қазақстандық фермерлер өнімінің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етеді. Ескі техниканы пайдалану шаруа қожалықтарының және тұтастай ауылшаруашылық салаларының экономикалық тиімділігін төмендетеді. Соның ішінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге жөндеу жұмыстары, құрал-жабдықтар, жанар-жағармай материалдары үшін қомақты қаржы жұмсауына тура келеді. Осыған байланысты фермерлер үшін қолжетімді бағамен өз жоғары технологиялы жабдықтарымызды өндіру еліміз үшін әрқашан өзекті болып келді.
Бүгінде бірқатар көрші елдер көбінесе өздерінде жасалған агромашиналарға басымдық беріп, оларды жарты немесе одан да көп көлемде қолданады. Бізде де бұл бағытта көшбасшы өндірушілер қалыптасып келеді. Оның ішінде KAIK – Қазақстандық агроинновациялық корпорациясын атап өтуге болады. «Вираж» тобының еншілес компаниясы болып табылатын KAIK өз жұмысы барысында металл дайындау, дәнекерлеу, бояу және құрастыру секілді бірқатар технологиялық операцияларды жүргізді. Зауыт фермерлерге әртүрлі типтегі ауылшаруашылық машиналары мен жабдықтарының 50-ден астам үлгілері мен модификациясын: астық жинау комбайндары, тракторлар, тіркеме және орнатылған жабдықтарды ұсынады. KAIK отандық зауытында құрастырылған ауылшаруашылық техникасы жоғары өнімділікпен, қазақстандық климаттық жағ­дайларға бейімделгіштігімен, жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Қолжетімді баға, қосымша құн салығының болмауы, сондай-ақ қаржыландырудағы жеңілдіктер фермерлер үшін өте қолайлы.
Ағымдағы жылы компания комбайндар өндірісін үш есеге дейін арттырып, 120 данаға жеткізді, оның ішінде аграршылардың жоғары сұранысына ие ACROS астық жинайтын комбайндар мен жаңа қуатты TORUM роторлы комбайндары бар. Кәсіпорын МТЗ тракторларын құрастыру желісін құрды және жылына 1000 данаға дейінгі тракторлардың алғашқы өндірістік қуаттылығына жетті. Алдағы уақытта кәсіпорынның өндірістік қуатын жылына 5500 бірлікке дейін жабдықтауға, жұмыс орындарының санын 2 еседен астам арттыруға мүмкіндік беретін өндірістік блоктың екінші кезеңін салу жоспарлануда. Сонымен өндіріс аясы кеңейіп, 12 мыңнан астам шаршы метр пайдалануға берілмек. Зауытта күнделікті 200 адам жұмыс істесе, енді қосымша 400-ден астам жұмыс орны құры­латын болады.
Бүгінде диқандар егін жинау кезінде отандық техниканы белсенді пайдаланады. Биылдың бірінші жартыжылдығында отан­дық ауылшаруашылық техникаларын өндірушілердің шығарылымы 33,7 млрд теңгеден асты, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 125%-ке көп.
Отандық ауылшаруашылық техникаларын өндірушілер алдында өндіріс көлемін және оқшаулау деңгейін арттыру бойынша әлі де көп жұмыс тұр. Бұл мүдделі мемлекеттік органдармен және ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен тығыз байланысты үлкен жүйелі жұмыс. Әлбетте, осы жолда салаға мемлекеттің нақты назары, тұрақты қолдауы қажет болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы