• Жолдауға қолдау
  • 15 Қазан, 2020

Жоғары мектеп: Ғылым – өндіріс – инновация

Елбасы – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің халықаралық талапқа сай жоғары білімді мамандар даярлайтын білім беру ұйымдарының әлемдегі үздік университеттер қатарынан көрінуін талап еткен. Осыған орай Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде білім сапасын әлемдік университеттермен теңдестіру мақсатында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.

Жаһанды жайлаған дағдарыс жағдайында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын нығайту үдерісі өндірістің, әсіресе ауыл шар­уашылығының тиімділігін арттыру үшін шаруашылық жүйені жетілдіруді қажет етеді. Бүгінде экономиканы қайта құру кезінде бірқатар өзекті мәселелерге, әсіресе халықтың өмір сүру дең­гейін анықтайтын аса маңызды стратегиялық сала ретінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тиім­ділігін арттыруға барынша назар аударылуда.
Агроөнеркәсіп құрылымдары шаруашылық тетіктерінің жетіл­меуінен, коммерциялық ақпараттың жеткіліксіздігінен, сыртқы орта фак­торларының (тұтыну­шы­лардың іс-әрекеті, нарықтық конъ­юнктураның өзгеруі, жаңа өнім­дердің пайда болуы, т.б.) төменгі деңгейде талдануынан және нарықта қолдану тәжірибесінің жоқтығынан тұрақсыз шарттарда әрекет етіп келеді. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімін тұтынушыға дейін тиімді әдіспен жеткізуге бағытталған ғылыми зерттеулер өзекті мәселелердің бірі болып отыр.
Заман талабына сай қазақ­­стандық зерттеу университеті мәр­те­бесіне ие жоғары оқу орындары үшін бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуы шы­ғармашылық ізде­ністерді жүзеге асыруға мүмкіндік ашып отыр.
Бүгінгі күні ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет тиімділігі нысаналы қаржылан­дыру көлемімен және ғылыми-техникалық жобаларды орындау көлемімен анықталуда. Осы ретте Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті (ҚазҰАЗУ) мемлекеттік, грант­тық қар­жы­лан­дырудан тыс агро­өнер­кәсіп кешендерімен бірлес­­кен зерттеулер жүргізуде. Уни­верситет серік­тестерімен бірлесіп жұмыс орындауы негізінде қаржы­ландыру көзін игеруге мүмкіндік туды.
Университеттің ғылыми-зерттеу саясатының басты мақсаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалы бар жоғары білікті ғылыми мамандарды даярлау болып табылады. Сондықтан университет жаңа білімді қалыптастырудың негізі ретінде іргелі зерттеулерді дамыту, бәсекеге қабілетті коммерция­лық зерттемелер мен іргелі және қол­данбалы зерттеулерді үйлестіру, ауыл шаруашылығы салалары орталықтарын дамыту, ғылыми-зерттеу нәтижелерін коммерцияландыру мен білім беру жүйесінде инновациялық белсенділікті дамыту мақсатында ғылыми мамандарды даярлауға көп көңіл бөліп отыр.
Заман талабына орай Қазақ ұлт­тық аграрлық зерттеу универ­ситетінде білім сапасын әлемдік университеттермен теңдестіру мақсатында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, бүгінде озық ғылым мен білімді тарту мақсатында QS әлемдік рейтингте бірінші орын алатын Вагенинген Нидерланды зерттеу университетінің тәжірибесін басшылыққа алып, бірқатар шаралар атқарылуда. Оқу орнындағы зерттеулер еліміздің озық технология алға озған әлемнің дамыған елдері қатарына енуіне ықпал ететін әлеуетті күш екеніне күмән жоқ.
Университетте білім мен ғылым­ды ұштастыра жүргізу мақса­тында бірқатар ғылыми-зеттеу инсти­­туттарымен келісімшарттар жасалды. Зерттеу жұмыстарының бағыт­тары анықталып, оқытушы-профес­сорлар құрамын, магистранттар мен докторанттарды жұмылдыру бағ­дарламалары айқындалды. Факультеттер мен кафедралардың және әр оқытушының жеке жұмыс жоспары жасалып, оның орындалуы тұрақты бақылауға алынған. ҚазҰАЗУ-дың ұлттық зерттеу университетіне көшу бағдарламасының қалыптасуы – әлемдік топ-университеттердің орташа тобына енудің бастапқы қадамы.
Ғылыми-зерттеу университетіне ауысудың басты ұстанымы, ол – инновацияға негізделген білім. Сонымен қатар мұнда бірнеше ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары бар. Жалпы елімізде ауыл шаруашылығы саласында жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының 80 пайыздан астамы – осы университеттің еншісінде.
Демек, ғылыми-зерттеу универ­­ситеті үшін басты талап:
– басқару жүйесі, білім беру үдерісі және заманауи талаптарға сай ғылым жүйесі, ғылыми және агроөнеркәсіп кешенімен тығыз байланысы әрі тұрақты дамуы;
– ғылыми ортаның ұлттық және әлемдік деңгейде беделінің артуы;
– жоғары кәсіби инженерлік, ауыл шаруашылығы және эконо­микалық ғылымдардың басымдық­тары бойынша зерттеуші мамандар даярлау;
– кешенді түрде ғылымаралық, пәнаралық зерттеу жүргізілетін ғы­лыми-зерттеу орталықтарының болуы.
Университеттің меншігіндегі шаруашылықтардың болуы зерттеу қызметіне таптырмас негіз болып саналады. Әрбір зерттеу университетінің өзіндік басым бағыттары және соған сай боларлық қуатты базасы, әлеуетті күші және өндірістік алаңы бар. Дегенмен бұл ауыл шаруашылығы салаларының ғылыми инфрақұрылымдарды шоғырландыру, ғылымның басты бағыттары бойынша ұлттық зертханалар санын арттыру, соған сай эксперименталдық алаңды дамыту мәселелерін университеттің оқытушы-профессор құрамына біліктілікпен, кәсібилікпен жүзеге асыруды міндеттейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының алдағы жалпыұлттық бағдарын және оның негізгі басымдықтарын анықтап берді. Президент Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға кедергі келтіріп отырған түйткілді мәселелерді, салада еңбек өнімділігінің аз және өнім өңдеу деңгейінің төмен екенін, сондай-ақ отандық агросекторда озық технологияның мүмкіндіктерін пайдалану жұмысы жүйелі жолға қойылмағандығын атап өтіп, ал­дағы уақытта осы және басқа да мәселелерді шешу үшін бірқатар нақты шаралар қабылдау қажеттігін алға тартқан еді. Осы мақсатта ғылыми-зерттеу кешендерін құру арқылы зерттеу шараларын жүзеге асыру міндеттелді. Осы ретте Үкімет қаулысымен берілген «Ұлттық зерттеу» мәртебесі біздің оқу ордасы ұжымына үлкен жауапкершілік жүктейді, табысты жұмысты талап етеді. Еліміздегі 22 университетте ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау – аграрлық саланы уақыт талабына сай дамыту, өркендету міндетін жүзеге асыратын жоғары білікті кәсіби мамандармен қамтамасыз ету. Сондықтан зерттеу университетінің әлемдік тәжірибеге сәйкес табысты жұмыс істеуі үшін озық технологиялар мен ғылыми-зерттеу әдістерін дамыту – басты міндет.

А.К. БЕЙСЕНБАЕВА,
Б.М. АСАНОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық
зерттеу университетінің
қауымдасқан профессорлары

231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы