• Атамекен
  • 05 Қараша, 2020

Оралмандарды ендігі жерде «қандастар» деп атайтын болдық

Жақында болып өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауға қатысты пікір білдірді.

 

«Келер жылы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ол экономикалық әрі сая­си реформалар, цифровизация, адам құ­қықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны қорғау ұранымен өтуі керек», – деді ол. Прези­дент осы мерейтойды мерекелеу­ге дайындық жөніндегі мемлекеттік комис­сияны құру туралы жарлыққа өткен жылдың 30 қыркүйегінде қол қойған болатын. Бұл құрылымның жұмыс органы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі. Осы орай­да айта кететін маңызды бір нәрсе бар.

Алдағы жылы елiмiздiң мем­лекеттік тәуелсiздiк алуының 30 жыл­дығын ғана емес, сонымен қатар шетелдегi қандастарымыздың ат басын тарихи отаны Қазақстанға қарай бұрып, осылай қарай көш түзуiнiң де 30 жылдығын атап өткенiмiз абзал болар едi. Мемлекет басшысының осы істі үнемі жіті назарда ұстайтынына күмән жоқ. Кезінде ол тарихи отанына келген қазақтарды «оралман» деп атаудан бас тартып, оны «қандас» деп өзгерту туралы пікір айтқан еді. Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan және Aiqyn газеттеріне берген сұхбатында «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандас­тарымыздың басын туған жерде бірік­тіру – біздің парызымыз», – деген болатын. Оның тапсырмасы бойынша, жақында тиісті заңдарға осы атауға қатысты өзгерістер енгізілді. Алдағы жылдан бастап «оралман» атауының орнына «қандас» атауы ресми түрде пайдаланылатын болды.

Ал енді өткенге көз жүгіртсек. 1991 жылы көктемде Алматы мен Талдықорғанның екі ортасында орналасқан Сарыөзек станциясына Моңғолиядан тарихи отанына бет алған алғашқы оралмандар (7 отбасы) келіп түсті. 1991 жылы 18 қарашада Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес түрде республиканың министрлер каби­неті «Өзге республикалар мен шетелдерден Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығында еңбек етуге тілек білдірген жергілікті ұлт өкілдерін көшіріп алу тәртібі мен жағдайлары туралы» қаулы қабылдады.

Осындай ғана шешім шығаруға себеп болған жайт мынадай еді. Қазақстан бұл кезде әлі оралман­дарды қабылдаудың заңды мүмкін­діктеріне ие емес болатын. Бірақ ол өзге елдерден қазақ оралмандарын қабылдаудың заңды негізін анықтау туралы мемлекетаралық келісімдер жүргізу үшін қажетті заңды құжаттар даярлауға байланысты шым-шытырық жұмыстарды бастап жіберуге негіз болды.

Келесі жылы Қазақстанға ал­ғашқы лекпен жаңа туған нәресте кезiнде келген оралман балалары отыз жасқа толмақ екен. Ғылыми тілмен айтқанда, бұл табандай үш декадалық кезең болмақ. Сонда қазір мемлекетiмiз де, оралмандар көшi де отыз жас асуына қарай аяқ басқалы отыр. Бұл жерде мемлекетiмiз бен оралмандарды қатар атауымыздың өзiндiк мәнi және ретi бар.

Өйткенi сырттағы қазақтар мың өлiп, мың тiрiлген  халқымыздың үштен бiрiн құрайды. Және олардың ешбiреуi де атамекеннен жат жерге жақсылықтан кеткен жоқ. Өткен замандарда қазақтың жан-жаққа тарыдай шашылуының себеп-салдары мен мағына-мәнiсiн тереңiнен қамтитын шынайы тарих әлi жазыла жатар. Ал олардың сонша уақыттан кейiн отанына оралуы тарихы тап қазiр болып жатыр. Осы процестiң басталғанына сонша уақыт болуы ендi оған қатысты барлық жәйттердi тiзiп жазып, саралап зерттеудiң кезi келгенiн мегзей­тiн сияқты. Қалай дегенде де, кез-келген тарих ең алдымен уақытында тiркелген фактiлерге негiзделе жазылады. Сондықтан бiз де қазiр осы оралмандар көшiне қатысты мәлiметтердi жалпы да, сала-салаға бөле де жүйелеп тiзбектеудi бастап кетсек, артық бола қоймас деп ойлаймын. Оған бүгiнгi таңда толық негiз бар. Өйткенi аталмыш процестiң басталғанына тура бес айдан соң бақандай 30 жыл толмақ.

Алғашқы оралмандар көшi 1991 жылы наурыздың 17-сі күнi Моң­ғолиядан берi қарай жолға шығып, 22-і күнi Талдықорған облысына келiп жетiп, ту тiктi. Қазiр ендi бұл факт тарихқа айналды. Ал оралмандар мен олардың содан бергі уақыт iшiнде қордаланып жиналған проблемалары бүгiнгi күн шындығы. Ендi олардың iшiнен азаматтық алу мәселесiн бөлiп алып, осыған орай жағдайдың бүгiнгi таңда қалайша қалыптасып жатқанын қарастырайық.     

2002 жылға дейiн Қазақстанда оралмандар үшiн азаматтық алу мәселесi ең қиын мәселелердiң бiрi ретiнде жиi ауызға алынатын. Бiрақ кейінде осы қиындықтың түйiнi бiршама тарқатылғандай болды. Өйткенi мемлекет басшылығы мен жергiлiктi өкiмет органдары бұл мәселенi шешуге айрықша ден қойды. Осындай саясатқа негiзделген жедел шаралардың арқасында көптен азаматтығын бұрындары ала алмай жүрген бiрталай оралман атажұрт төлқұжатына ие болды.   

ҚР Еңбек және халықты әлеумет­тік қолдау министрлігі жария еткен мәліметтерге қарағанда, биыл 1 қазанға дейінгі уақыт ішінде 10,9 мың адам тарихи отанымен табысып, оралман мәртебесін алған. Үстіміздегі жыл барысында Қазақстанға келген оралмандардың 27,7% – Өзбек­стан­нан, 9,1% – Түрікменстаннан, 3,4% – Моңғолиядан және 2,9% – басқа елдерден. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (53,1%) және Маңғыстау (13,2%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Шымкент қалаларына (3,3%) қоныстанған. Алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша, еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны 57,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 32,5%-ды және зейнеткерлер 10,3%-ды құрайды.

Алдағы жылы олардың санының бiрталай көбейетiнiн болжауға болатын шығар. Өйткенi, мемлекетiмiз бұл үшiн қолынан келетiнiн аяп жатқан жоқ. Жалпы алғанда, 1991 жылдан осы кезге дейін республикаға 1 миллион 68,3 мың этникалық қазақ оралған. 

Қазақстан сыртындағы қазақтар ең көп шоғырланған елдер алдымен мыналар: Қытай, Ресей, Өзбекстан және Моңғолстан. 1980-iншi жылдардың басындағы Кеңес Одағында қабыл­данған ресми мәлiметтер бойынша, әлемде барлығы 7,5 млн. қазақ бар деп есептелетiн. Оның 5,3 млн. адамы Қазақстанның өзiнде, 1,3 млн. адамы КСРО-ның басқа республикаларында және тағы 900 мың адамы алыс шетелде (негiзiнен Қытайда) тұрады деп саналатын. 1989  Кеңес Одағында ақырғы рет санақ жүргiзiлгенде, тек Ресей мен Өзбекстандағы қандас­тарымыздың саны жоғарыда аталған 1,3 млн. адамнан әлдеқайда көп болып шыққан. Сонда Ресейде  635 мың 865 қазақ  (оның 400 мың 456-сы – ауыл-село тұрғыны, қалған 235 мың 409-ы – қала тұрғыны) болған. Ал Өзбекстанда олардың саны 808 мың 227 адамды (487 мың 867-сi – ауыл-село тұрғыны, қалған 320 мың 360-ы – қала тұрғыны) құраған. Сонда тек осы екi республиканың өзiндегi бауырластарымыздың саны 1,45 млн. адамға жеткен.

Қазiр Ресей мен Өзбекстан потенциалды түрде Қазақстанға ең көп оралман бере алатын елдер ретiнде қарастырылып отыр. Бiрақ iс жүзiн­де олардың осы жағынан алғандағы мүмкiндiгi екi түрлi. Егер 2005 жылға дейiн оралман көшiнiң едәуiр бөлiгiн Моңғолстаннан келгендер (65 мыңнан астам, яғни жалпы мөлшердiң үштен бiрi) құраса, одан кейінгі кезеңде Өзбекстан жақтан келетiндер көп­тігі жағынан алға шықты. Ондағы қазақтардың саны ресми санақтың өзiне жүгiнгенде де 1 млн. адамнан асты. Өзбекстандағы әлеуметтiк-экономикалық жағдайдың кейiнгi жылдары нашарлауы, Арал эко­ло­гиялық дертiнiң шегiне жеткен­ше меңдеуi және өзбектендiру процесiнiң күшейе түсуi осы қауым елдiң басым көпшiлiгiн ат басын атажұртқа бұруға итермелеп отыр. Бiрақ Өзбекстан қазақтарының ол жақтан көшiп, осы жаққа келiп жайғасып, Қазақстан азаматтығын алуға деген талпынысын қиындататын себептер жеткiлiктi. Бiрiншiден, ол жақтағы үй құны мен бұл жақтағы үй құны арасында бiраз айырмашылық бар. Жетпейтiн ақша мөлшерiн жинақталатын жалақы-табыс есебiнен толтыру өте қиын. Өйткенi Өзбекстандағы жалақы дең­гейi Қазақстанмен салыстырғанда өте төмен. Екiншiден, атажұрт аза­маттығын алардан бұрын, өзбек аза­маттығынан шығу қажет. Ал бұл үшiн адам басына 679 330 сум немесе 71,4 доллар пұл төлеу керек. Өзбек­стан қазақтары үшiн бұл – көп ақша. Дегенмен, алдағы жуық жылдарда Өзбекстаннан берi бет алатын қазақтар көшiнiң ұлғая берерi хақ. Жылдан жылға көбейiп келе жатқан халқына жұмыс тауып беру мәселесiнен басы қатқан ресми Ташкент саясатының бұған қарсылығы жоқ.

Ресейдегi жағдай басқаша. Бiрiн­шiден, ол елде тап бiздегi сияқты демографиялық жай-күй өте қиын. Егер 1991-1999 ж.ж. аралығындағы 8 жыл iшiнде Қазақстанда халық саны 16,9 млн. адамнан14,9 млн. адамға дейiн, яғни бақандай 2 млн. адамға қысқарған болса, Ресейде осы кезең iшiнде – 150 млн. адмнан 146 млн. адамға дейiн, яғни 4 млн. адамға қысқарған. Оның үстiне орыс елi эмиграциясы сыртқа кетудiң ке­сiрiнен емес, бала туудың азайып, қайтыс болудың көбеюi себебiнен қысқарып барады. Сондықтан ресми Мәскеу халықтың iштен сыртқа кетуiне емес, қайта сырттан iшке келуiне мүдделi. Әрине, кез-келген халықтың емес. Ең алдымен сыртта жүрген өз қандастарының. Одан қалса, ТМД елдерiнiң азаматтары да жарап қалады. Ал өз азаматтарының (тiптi олар орыс болмаса да) кетуi Ресей үшiн жақсы емес. Бiрақ ресми Мәскеу сол, мәселен, ресейлiк қазақтарға кетемiн деген күнде еш кесел жасамайды. Екiншiден, ондағы қазақтар жаппай көшемiз деп құлшынып та отырған жоқ. Себебi Ресейде әлi де болса бiзде алынылып тасталған әлеуметтiк жеңiлдiктердiң көбi сақталған. Мәселен, ондағылар әзірше зейнет демалысына бiзде­гiден ерте шығады. Оның үстiне зейнеткерлердiң өз жеңiлдiктерi тағы бар. Жалпы алғанда, көп балалы отбасылар мен жас ортасына келiп қалған адамдар үшiн Ресейдегi өмiр Қазақстандағыға қарағанда қолайлырақ. Оның үстiне ол жақтың жерi бiздегiге қарағанда әлдеқайда шұрайлы. Демек, тiптi болмаса, тек жерге ғана қарап күн көрiп, жан сақтау мүмкiндiгi жоғары.

Қалай дегенде де, Ресейдегi қазақ саны соңғы 30 жыл iшiнде азая қойған жоқ. Мәселен, Астрахань облысында қазақтар 1989-2020 ж.ж. аралығында саны жағынан 3-iншi орыннан 2-ншi орынға көтерiлдi. Басқаша айтқанда осы көрсеткiш бойынша жергiлiктi Едiл татарларынан басып озды. Олардың жергiлiктi халық iшiндегi үлесi 14,79%, яғни 150 мыңға жуық адам. Орынбор жерiндегi қазақтар үлесi 5,91%, яғни 120 мыңнан астам адам. Ресейдiң бiзбен тұстас басқа облыстарындағы жағдай да осы шамалас. Бiр сөзбен айтқанда, ол жақтан жуырда оралмандардың қалың көшi келер деп күтуге әзiрше ерте.

 Райгүл ЕҢСЕПОВА

2425 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы