• Атамекен
  • 19 Қараша, 2020

Жануарлар да жайлы өмір сүруге құқылы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында қазақстандықтардың экологиялық мәдениеті жайлы сөз қозғай отырып, қоршаған орта мен жануарларға деген қарым-қатынасты сынға алды. «Жыл басынан бері түрлі жабайы әрекеттердің куәгері болып жүрміз. Қазақстан әлемдегі экологиялық антирейтингте бекер көш бастап тұрған жоқ. Бізге экологиялық мәдениет қалыптастыру керек», – деді ол.

Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ осы жағдайларды ескере отырып, «Қазақстандағы эко-жобаларды таныстыру және дамыту» бойынша жұмыстарын бастап кетті. Биыл осы бағытта арнайы грант бөлініп, елдегі түрлі эко-жобалар насихатталуда. Елімізде жануарлар мәселесін, көшедегі қаңғыбас иттер мен иесіз мысықтардың мәселесін көтеріп жүрген қоғамдық ұйым­дар бар. Бірақ аздық етеді. Со­лардың бірі – Өскемендегі «Дво­рянин» жануарлар құқығын қор­ғау қоғамдық қоры.
2007 жылдың қазанында құ­рылған бұл ұйым сол уақыттан бері хайуан атаулыға қамқорлық жасаумен айналысып келеді. Мақсат – қоғамда қалыптасқан «иесіз жануарларды жоюға болады» деген көзқарасты өзгерту, үй жануарларының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. «Жануарларды қорғау ісін осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алдым. 2004 жылы жануарларды қорғаушы жерлесім екеуіміз қорапқа салынған алты күшікті тауып алдық. Неміс овчаркасы екен. Қайда жіберерімізді, не істейтінімізді білмедік. Ақыры төртаяқтыларға жақсы күтім жасай алатын адамдарды көшелерге хабарландыру іліп, іздедік. Тағы бірде иесіз ғимараттар жанынан өтіп бара жатып, бір күшіктің дауысын естідім. Сол жердегі адамдарға жалтақтап, тамақ бере ме деп тұр екен. Үстіне мазут төгілген бе, лас. Ашыққан күшік­ті үйге әкеліп, телевизияның жү­гіртпе жолына хабарландыру бердім. Асырап алғысы келетіндер көп болды», – дейді тәжірибелі кинолог, «Дворянин» қоғам­дық қорының басшысы Лариса Прокопьева.
Осыдан кейін зооқорғаушы басқа да энтузиастармен бірге көшеде адасқан, асыраусыз қалған, қожайыны бас тартқан иә жетім ит-мысықты қамқор қолға берумен жүйелі айналысуға кіріскен. Қоғамдық қор құрып, иесіз жануарларды уақытша асырауға аумақ бөле алатын жеке және заңды тұлғаларды, ветеринарлық клиникалар­ды және жануарларға қорекке қаржы бөле алатын демеуші­лер­ді тапты. Ол қамқорлықсыз қалған әрбір жануарды есепке алады. Оларға жеке-жеке құжат әзірлейді. Мысалы, көшеден табылған бір күшіктің құжатында оның тұқымы, жасы, жағдайы, денсаулығына қатысты және басқа да бар мәлімет жазылады. Күшікті асырауға жауапкершілік алған адамның да құжаты мен қосымша мәліметін тіркеп отырады. Әрбір ит-мысықтың қандай қолға өткенін, қандай үйге тап болғанын білген маңызды. «Қожайын тауып берген жануар­лардың әрқайсын жатқа білемін, бәрінің жағдайын жүрегімнен өткізгенмін. Пәтерімнен адам­дардың қолына 200 мыңнан астам күшікті бердім. Олардың әрқайсына не себепті айрықша көңіл бөлу керек деп ойлайсыз? Бізде иттің бәрі ит, мысықтың бәрі мысық деп қарайтын жаң­сақ түсінік бар. Жоқ, бұлай емес. Өйткені әр иттің тұқымы бар. Біріне қолданылған дрес­сировка екіншісінің пси­хика­сы мен табиғатына қайшы бо­луы мүмкін. Сондықтан мен ит асырап алам деушілерден ең әуелі «ішкі дүниеңізге қажет пе, әлде шаруашылыққа ма?» деп сұраймын. Олардың мақсатына қарай тиісті кеңес беремін», – дейді Лариса Васильевна.
2009 жылы «Дворянин» қоры­ның басшысы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қолданыстағы заңнамаға азаматтардың үй жануарын асырауға қатысты жауапкершілігі мен оларға қаті­гездік жасағандардың жаза­сын күшейту туралы өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныс Қылмыстық және Әкімші­лік құқықбұзушылық туралы кодекстерге енді. Биыл Лариса Прокопьева жануарларды қорғау туралы жаңа заң жобасының сарапшылар кеңесіне мүше болды. Оның ұсынысы – жер­гілікті атқарушы органдардың қараусыз жүрген ит-мысық аулау қызметін реттеу, жануарларды ұрықсыздандыру ісін жолға қою, жануар аулаудың ізгі әдістерін қалыптастыру. Жаңа заң бір облыс орталығында жыл сайын 300 мыңдай үй жануарының өлтірілуіне тосқауыл қоюы керек. Бұл цифр «Дворянин» қорының 13 жылдағы статистикасынан алынып отыр. Қор басшысы әр өңірде үй жануарларын қолға беруге және адасқан жануарларды табуға арналған сайт жұмыс істеуі керек деп есептейді. Үй жануарларына медициналық көмек беретін, оқыс жағдайға ұшыраған жануарларды құт­қаратын қызмет ашу да – «Дворянин» қоры көтеріп жүрген бастама.
Әр үйде ит пен мысық болуы міндетті емес, бірақ әр ит пен мысықтың баспанасы болуы керек. Жануарларды қорғау ұйы­мының девизі – осы.

Болатбек МҰХТАРОВ

2438 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы