- Өндіріс
- 10 Желтоқсан, 2020
«Богатырь»: Жарты ғасырлық жетістік
30 қарашада 1985 жылы қуаттылығы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең үлкен «Богатырь» көмір кенішіне 50 жыл толды. Даңқты кең орны бүгінде де биік белестерден көрінуде.
Кейіннен «Богатырь» аталған № 5/6 Ертіс көмір кенішінің бірінші кезегі 1970 жылғы 30 қарашада пайдалануға берілген болатын. Әлемге әйгілі көмір алыбының тарихы дәл осы атаулы күннен басталады. Бүгінде «Богатырь» кеніші «Самұрық-Қазына» қазақстандық ұлттық әл-ауқат қорының «Самұрық-Энерго» АҚ бірлескен кәсіпорны – «Богатырь Көмір» ЖШС және «РУСАЛ» ресейлік біріккен компаниясының құрамына кіреді. «Богатырь Көмір» ЖШС-нің үлесіне Екібастұз көмір бассейнінде өндірілетін барлық көмірдің 65 пайызы және Қазақстанда өндірілетін көмірдің жалпы көлемінің 40 пайызы тиесілі. «Богатырь Көмір» ЖШС – ашық тәсілмен көмір өндіру бойынша әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі, оның баланстық қоры – 2,6 млрд тонна. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 42 млн тонна көмірді құрайды, оның ішінде «Богатырь» кеніші бойынша – 32 миллион тонна, «Северный» кеніші бойынша – 10 миллион тонна. Компания Қазақстанда да, Ресейде де орналасқан Топтың және үшінші тұлғалардың қуат өндіретін объектілеріне көмірді нарықтық шарттар бойынша жеткізеді. Көмір кесіктерінің Екібастұз 1-ГРЭС-тен 35 км және Екібастұз 2-ГРЭС-тен 53 км аралықта (темір жол бойынша қашықтық) орналасуы Топ үшін көмірді тасымалдауға кететін шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстандағы көмір электр станцияларының көбі «Богатырь» көмірін пайдаланады. Жыл соңына қарай «богатырьлықтар» тұтынушыларға 43 миллион тоннадан астам көмір жөнелтеді.
Алдағы уақытта «Богатырь» кенішінде көмір өндіру мен тасымалдаудың циклдік-ағындық технологиясы (ЦАТ) енгізілмек. Ол көмірді темір жолмен тасымалдаудан конвейерлік тасымалдауға көшуге мүмкіндік береді. Қолданыстағы көмір тасымалдау технологиясымен салыстырғанда ағынды технологияның көптеген артықшылықтары бар. Мысалы, ол арқылы көмірдің сапасын арттырумен қатар, оны 200 метрден астам тереңдікте өндіруді жүзеге асыруға болады. Бұл өз кезегінде кеніштің қуатын жылына 40 миллион тонна көмірге дейін арттыра алады.
Сонымен қатар кәсіпорын табиғатты қорғау жөніндегі іс-шараларды жүйелі жүргізуде. Өтіп бара жатқан жылы «Богатырь Көмір» қоршаған ортаны қорғауға 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсады. Олардың басым бөлігі көмір өндіру кезінде алынатын аршыма тау жыныстарын ішкі және сыртқы үйінділерге орналастыруға бөлінді. Мәселен, 2020 жылдың тоғыз айы ішінде ішкі үйінділерге 40,7 мың тонна, сыртқы үйінділерге 26,4 мың тонна аршыма тау жыныстары орналастырылды. Тұтастай алғанда, биыл өткізілген жұмыстардың нәтижесінде қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттардың көлемі 40,4 млн тоннаға азайды. Соның ішінде, ауаға ұшатын зиянды тозаң көлемі 32 тоннаға төмендеді. Тұз және Ақбидай көлдеріне төгілетін қалдықтар көлемі 3,4 тоннаға қысқарды. Кәсіпорындағы барлық бұрғылау қондырғыларының 90%-ы тозаң ұстап қалады, бұл да табиғатты қорғау шараларының маңызды бөлігі.
Компания үшін аз қамтылған және көп балалы отбасыларға, мүгедектерге және жалғыз тұратын зейнеткерлерге көмірді тегін беру – кәсіпорынның көптеген жылдар бойы жүргізіп келе жатқан игі дәстүрі. Жуырда серіктестік қайырымдылық көмек ретінде пешпен жылытылатын үйлерде тұратын аса мұқтаж екібастұздықтарға 3000 тонна көмір бөлді. Қыстың қаһарлы суығында 600 Екібастұз отбасы үшін бұл әжептәуір көмек болды.
Мерейтой аясында «Богатырь Көмір» компаниясында бірқатар мерекелік іс-шаралар жоспарланған. Осы орайда «Богатырьда» 40 жылдан астам жұмыс істеген кеншілер ведомстволық наградалармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Ал тамашалау алаңында ашылған «Богатырь» кенішіне – 50 жыл» ескерткіш монументі – тарих парақтарында сақталатын ерекше сый.
БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ
934 рет
көрсетілді0
пікір