• Өндіріс
  • 10 Желтоқсан, 2020

Керек-жарақты өзімізде өндіреміз

Елімізде жүзеге асырылып жатқан «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы сырттан келетін киім-кешекті, азық-түлікті, құрал-жабдықты және өзге де заттарды өзімізде өндіріп, бір сөзбен айтқанда халық тұтынатын тауарлар импортының көлемін азайтуды, сол арқылы қаржы капиталын үнемдеуді, ұлттық экономиканы дамытуды көздейді.

Елбасы өзінің Жолдауында: «Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек. Сонымен бірге, халық тұтынатын тауарлардың ауқымды номенклатурасын игеріп, «Қарапайым заттар эко­номикасын» дамыту үшін кәсіпорындарымызға көмектесу қажет. Бұл экспорттық әлеуе­тімізді жүзеге асыру тұрғы­сынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды», – деп қарапайым заттар экономикасы салаларын дамытуға мән-маңыз берген болатын. Бұл әлемдік конъюнктура ауытқуларына төтеп беруге, жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындардың, өн­ді­ріс­тік нысандардың жұмыс қуаты көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жас мамандарды еңбекке тартуға, тоқетерін айтсақ, халықтың әл-ауқатын көтеруге әсер етеді.
«Даму» кәсіпкерлікті да­мыту қоры» АҚ қаржылық агент ретінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлердің несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауды, банктер алдында кәсіпкерлердің несиелеріне кепілдік беруді іске асырады. Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетеді, қаржылай қолдау мониторингін жүргізеді.
– «Қарапайым заттар эко­но­микасы» бағдарламасы ке­лесі бағыттарда жұмыс істейді: агро­өнеркәсіптік кешендегі өндіріс және қайта өңдеу, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс пен қызмет.

 

Аталмыш бағдарламаның басты ерекшелігі мынада: мұнда кәсіпкерлерге инвестициялық мақсатта 10 жылға дейін және айналым қаражатын толықтыруға 3 жылға дейін ұзақ мерзімді қаржыландыру және субсидиялар беру қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі 15%-дан аспауы керек, оның ішінде клиент тек 6%-ын төлейді. Қалған 9%-ын мемлекет субсидиялайды, бұл кәсіпкерге үлкен көмек, оның қаржылық жүктемесін айтарлықтай төмендетеді. Бағ­дарламаның талаптарына және несиелеу мақсаттарына толық сәйкес келген жағдайда ғана кәсіпкер жеңілдетілген несиені алады. Егер кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда, «Даму» қоры несие шамасының 50%-ын қоса алғанда 3 миллиард теңгеге дейін, 30%-ын 3 миллиард теңгеден жоғары несиелер бойынша 5 миллиардты қоса алғандағы несиеге кепілдік береді, – дейді «Даму» қорының Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының клиенттермен жұмыс жөніндегі бас менеджері Тілек Қазбалиев.
Сонымен қатар өңдеу өнеркә­сібі саласындағыларға айналым қара­жатын толықтыруға бағытталған несиеге кепілдеме беруге және несие шамасын субсидиялауға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда оған сәйкес айналым қаражатының мөлшері жоба шамасының 50%-ынан аспауы керек. Егер бұл несие мөлшері жобаның жалпы несиеленген шамасының 50%-ынан аспаса, айналым қаражатын 100%-ға толықтыруға бағытталған несиеге де кепілдік беріледі.
– Агроөнеркәсіптік ке­шендегі қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру банктердің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылған жағдайда, айналым қаражатын 100% толықтыруға бағытталған несие бойынша кепілдендіру, субсидиялау жүзеге асырылады. «Даму» қоры субсидиялау мен кепілдеме алуға өтініштерді электронды үкімет (E-Gov) және OnlineDamu платформалары арқылы онлайн режимінде қарастырады, – деді Тілек Қазбалиев.
«Даму» қоры арқылы биылдың өзінде жалпы шамасы 5,6 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба мақұл­данған. Оң шешім шығарылған соңғы жобалардың бірі – «Uniserv Medikal Center» ЖШС-ның меди­циналық жабдық алу жобасы. Бұл жобаға «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында берілетін несиесінің 14,95%-дық мөлшерлемесінің 8,95%-ын мемлекет өтейтін болады.

EURASIAN TREND – ЕСІКТЕР ӘЛЕМІ

«Даму» қорының қолдауына ие болған кәсіпкерлердің қатарында есік шығаруды және оны сатуды бастаған Биболат Хайрушев те бар. Ол 2009 жылдан бері дайын есік түрлерін сатумен айналысты. Осы жылдар ішінде Биболат Өтегенұлы Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау, Ақтау, Қарағанды, Ақтөбе, Шымкент қалаларында сауда орнының филиалдарын ашып, сату нүктелерінің жағырапиясын кеңейтті. Біртіндеп тәжірибе жинақтап, есіктер шығаратын зауыттарды аралап, осы бизнестің барлық қыр-сырын мұқият зерттей келе, кәсіпкер Қазақстан нарығындағы шетелдік есік өндірушілерді ығыстырып, өз орнын алатын кез келді деген батыл шешімге келеді. 2017 жылы Б.Хайрушев айналым қаражатын толықтыру мақсатында «Центр Кредит Банкіне» қаржыландыруға өтініш береді. Банк кәсіпкерге «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Даму» қорының шарттары бойынша 10%-ы субсидияланатын несиені береді. Сол жылдың аяғында ол Оралдағы Полевая көшесі 5/1 мекенжайындағы ғимаратты жалға алып, есіктер шығаратын цехтар іске кіріседі. Қазір мұнда 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Есік жасаушы серіктестік шикізатты Ресейден алып отыр.
«Есік» индустриясы саласының соңғы үрдістерін ұстануға тырысатын кәсіпкер «Даму» қорының қолдауымен есіктер шығаруға арналған итальяндық жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр. «Eurasian trend» ЖШС өнімдері Қазақстанның құрылыс материалдары нарығында кеңінен танымал.
Биболат Хайрушев қол жет­кізген жетістіктерге тоқмейілсі­мей, өндірістік қуаттылықты арттырып, өз өнімдерін ТМД ел­дерінің нарықтарына шығаруды армандайды. Құр армандаумен іс бітпейтінін білетін кәсіпкер өзінің зауытын салудың ауқымды жоспарын құрған. «Облыста индустриялдық аймақ құрылса, содан бізге де орын табылар деп үміттеніп отырмыз. Тек Алла амандығын беріп, сол күнге жетуді нәсіп етсін», – дейді ол.

Батыс Қазақстан облысы

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

1327 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы