• Ақорда & Үкімет
  • 10 Желтоқсан, 2020

Волонтерлік қозғалыс: ЫСТЫҚ ҚАЙРАТ, НҰРЛЫ АҚЫЛ, ЖЫЛЫ ЖҮРЕК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылының ресми жабылу рәсіміне қатысты. Президент жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Волонтер жылының табысты болғанын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұл жыл біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем тарихында аса күрделі кезеңдердің бірі болғанына қарамастан, «қайырымды істер» жалпы­ұлттық идеясы он мыңда­ған қазақстандықтың қайы­рымдылығы мен жанашыр­лығының арқасында өмір шындығына айналды. Прези­дент өз сөзінде отандас­та­ры­мыз ұлт рухының мыз­ғымас беріктігін, бірлік пен ын­­ты­мақтың, тұтастық пен тілек­тестіктің, шынайы ықылас пен бір-біріне деген қамқор­лықтың жарқын үлгісін көрсетті, деп атап өтті.
– Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойын­дағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқор­лыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жан­дарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құн­дылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Қауіпті дерт ел-жұрттың ден­саулығын ғана емес, бекем бірлігін де сынға алды. Біз бір ел, бір халық болып бұл сынға төтеп бердік, – деді Президент.
Жыл бойы 100 мыңнан астам адам ерікті қызмет көрсетті. Волонтерліктің жаңа бағыттары да тиімді дами бас­тады. Мемлекет басшысы жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын болатынын атап өтті. Еріктілер қызметі барша азаматтарымызға үлгі болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатынына сенім білдірді.
– «Birgemiz» жалпыұлттық бас­тамасы аз ғана уақытта көпте­ген мейірімді отандасымызды жұдырықтай жұмылдырды. Олар осындай қиын кезеңде мұқтаж жандарға қол ұшын созды. Аталған бастама аясында «Qamqor», «Saulyq», «Sabaqtastyq» жобалары жүзеге асырылып, жүз мыңдаған тұрғынға көмек көрсетілді. Өзендерді, ормандарды тазалау, ағаш егу, қоқысты сұрыптау жөніндегі «Taza Alem» волонтерлік қозғалысының қызметі де көпшіліктің қолдауына ие болды. Бүгінде экобелсенділік – сән қуу емес, шынайы қажеттілік, өмір қағидаты. Сол арқылы біз таби­ғатымызды сақтай аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік органдар, архив ұйымдары, ғылыми институттар еріктілердің ресурсын пайдалануы қажет деп санайды. Оның айтуынша, Арыс пен Мақтаралдағы қайғылы оқи­ғаларды ескере отырып, күр­делі техногенді апаттардан кейінгі құтқару жұмыстарын жүргізу үшін еріктілер дайындайтын арнайы оқыту курстарын ашу қажеттігі туындап отыр. Табиғатты және жан-жануарларды қорғау мәселесі де ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондай-ақ қайырымдылық қызметіне жүйелі түрде қолдау көрсету мәселесіне де басымдық берген жөн. Президенттің тапсырмасы бойынша қайырымдылық саласындағы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік беретін Қайырымдылық туралы заң жобасы әзірленуде.
– Әлеуметтік бағыттағы қыз­метті ынталандыру және оны қол­даудың баршаға түсінікті әрі тиімді құқықтық тетіктері қажет. Бұл үшін Үкімет атқарылатын мін­деттерді пысықтауы тиіс. Қайы­­рымдылық ұйымдарын ал­ғаш­қы ашылған жылдары және одан кейінгі уақытта дамыту үшін олар­дың жеңілдетілген несие алуына, мемлекет меншігіндегі нысандарды жеңілдікпен пайдалануына мүмкіндіктер жасау керек.

 

Бизнес пен жеке тұлғалар­дың қайырымдылық және волонтер­лік жобаларға қатысуын жанама ынталандыру үшін оның тиімді тетіктерін, соның ішінде, мемлекеттік қолдау көрсету шаралары кезінде оларға құқықтық басымдық беру маңызды. Қайы­рымдылық және волонтерлік ұйымдарға мемлекет тарапынан да, бизнес тарапынан да көрсетілетін қаржылай және басқа да көмектердің аясын кеңейту керек. Үкіметке тиісті ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қайы­рымдылық қызметінің ашық­тығын қамтамасыз ету мақсатында Қайырымдылық ұйымдарының реестрін енгізу мәселесін ойластыруды тапсырды. Бұл тізбе осы саладағы барлық ақпараттық жүйеге енгізіліп, қайырымдылық ұйымдарының қызметімен, олардың қаржылық есебімен танысқысы келетін кез келген азаматқа қолже­тімді болуы тиіс. Электронды қайы­рым­дылық саласында азаматтарды алаяқтардан қорғау жүйесін әзірлеу де маңызды.
– Бүгінде бұл – қаржылай көмек аударудың танымал түрі. Қазақстанның әрбір үшінші азаматы онлайн садақа беруді жөн көреді. Алаяқтыққа жол бермей, азаматтардың сеніміне көлеңке түсірмеу үшін онлайн-банкингтер арқылы садақа беру қызметін жедел пайдалану тетігін енгізу қажет. Бұл қаражаттың түсуін және жұмсалуын бақылауға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы волон­терлік ұйымдарды қолдау және оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Қайы­рымдылық істерді жалғастыру үшін еріктілікті дамытудың жол картасын және оларды даярлауға арналған бағдарлама әзірлеу керек. Үкіметке волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын жасау тапсырылды.
– Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес. Тіпті, бір күнде қалыптасатын әдет немесе дағды деуге де болмайды. Бұл – көптеген адамдардың саналы түрде таңдаған өмір салты. Қайырымдылық – адамның бала кезінен бойға сіңетін қасиет. Сондықтан, өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу – өте маңызды міндет. Осы ретте, барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсынамын. Қоғамға қызмет етуді зердесіне түйген ұл-қыздарымыз нағыз азамат болары анық. Дана Абай айтқан «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дәл қазіргі кезеңде ауадай қажет. Бұл асыл қасиеттер волонтер қатарына қосыламын деген әрбір жастың бойынан табылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының сөзінде волонтерлік және қайырымдылық қызметтердің, сондай-ақ корпора­тивтік волонтерлікті дамыту аясында әлеуметтік серіктестіктің әлеуетін арттыруға баса мән берілді.
Қазақстан әлемнің әртүрлі елде­ріндегі мұқтаж жандарға көмек қолын созу арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еріктілер бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқан елдердің бірі болды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында Волонтерлерді жұ­мыл­дырудың халықаралық жылын жариялау жөнінде ұсыныс айтты. Бұл бастама Қазақстанның волонтерлік дәстүр мен мәдениетті елімізде ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемде дамытуға ниетті екенін білдіреді.
– Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-шаралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама. Қазіргідей күрделі кезеңде жақсы істер жасауға мән бергеніміз елдігімізді ны­ғайта түсетіні анық. Бұл үшін ұлт болып ұйысудың маңызы зор, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті пан­демия­ның қиын-қыстау кезінде бейтарап қалмай, халыққа көмек­тесіп жүрген, сондай-ақ волон­терлердің бірқатар ұсынысы мен бастамасына қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірді.
Іс-шара барысында «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Вера Ким, Арыс қаласының еріктісі Олжас Мамыр, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының үйлестірушісі міндетін атқарушы Тойли Курбанов, Теміртау қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берлікбай Ордабаев, «Қоғамдық бақылау» тобының республика бойынша үйлестірушісі Саида Тәуекелева, Ресей Волонтерлік бастамалар ассоциациясы орталығының төрағасы Артем Метелев, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің офицері Богдан Петров, «INUCOBO» жан-жануарларды қорғау ұйымының президенті Лилия Сәрсенова, БҰҰ Еріктілерінің халықаралық волонтері Айнұр Қанафина, «Шаг навстречу» штабының еріктісі Максим Панченко, «АВК» атыраулық еріктілер корпусының басшысы Бекасыл Самиғолла, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының төр­айымы Динара Сәдуақасова сөз сөйледі.

Дайындаған
Бекет Көкенайұлы

32604 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы