• Мәселенің мәнісі
  • 24 Желтоқсан, 2020

Енді ауа тазарар ма екен?!

Алматының Қазақстандағы ауа бассейні ең лас қалалардың бірі екені осында тұратындардың ішіндегі кімге де болса құпия емес. Соңғы кезде жағдай тіпті қиындап кетті. Бұрындары тау жақтан Алматыға қарағанда, көз алдында тұратын қара түтінге оранған қала көрінісінен адамның жүрегі айнитын. Қазір тіпті қарауға кісі жүрексінеді. Бұндағы экологияның бұрынғыдан бетер нашарлап кеткенін мамандар көбіне қаладағы автомашиналар санының соңғы жылдары күрт ұлғаюымен түсіндіреді. Иә, шынында да санаулы жыл ішінде автокөлік әбден көбейіп кетті. Тіпті қала көшелеріне сыймайтын болды.

 

2018 жылы жергілікті әкімдік Канада мен Еуропадан келген халықаралық кеңесшілермен бірлесе отырып, қаланың даму серпінін бағалау мақсатында зерттеу жүргізген еді. Нәтижесінде 2035 жылға қарай Алматы тұрғындарының саны үш миллионды құрайды екен деген болжам жасалды. Осыны тілге тиек еткен әкімдік мұндай жағдайда жайлы өмір деңгейін сақтау үшін қаладағы қоғамдық көліктің санын анағұрлым, яғни 1,5 мыңнан 6 мыңға дейін арттыру қажет және сонымен қатар көрсетілген уақытқа дейін жеке автокөліктер санын бұрынғы қалпында сақтау керек деген тұжырымға келді. Бұл орындалуы мүмкін шаруа ма? Өткен екі жыл ішінде не өзгерді? Мәліметтерге көз жүгіртіп көрелік.

Біріншіден. 28 қазанда «Алматы» телеарнасы арқылы эфирге шыққан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза былай деді: «Мы продолжаем мониторинг общественного транспорта. Понятно, что в час пик на остановках большое скопление людей. К сожалению, сегодня одномоментно решить вопрос увеличения количества общественного транспорта невозможно, так как в городе дефицит автобусов в 1 тысячу единиц. Мы можем только с одного маршрута снять, но тогда на другом маршруте интервал увеличится, и еще больше будет скопление».

Екіншіден. 2018 жылы Алматыда 472 мыңға жуық автокөлік тіркел­ген болса, қазір оның саны 492 мың­нан асқан. Яғни ауыз толтырып айтарлықтай жетістік көрінбейді.

Бірақ қаланың атмосферасын ластайтын жалғыз ғана сол автокөлік емес. Бұған ірі-ірі өндірістік кәсіп­орындар да өз үлестерін қосып жатыр. Өткен онжылдық барысында қала басшылығы ондай өндірістерді бірте-бірте сыртқа көшіру сияқты шараларды қолға алған еді. Алматыдан осындағы облыс аумағына көшірілген алғашқы ірі кәсіпорын темекі комбинаты болды. Аталмыш шара ауқымында қаладағы тағы бір 10 шақты өндірістік кәсіпорын мекенін ауыстырды. Осы ірі зауыттар мен фабрикалардың көпшілігі Алматы облысының Іле ауданына көшірілді. Негізінен бұндай шара Алматының ортасында орналасқан кәсіпорындарға қатысты болған.

Олардың ішінде, ең алдымен, қаланың орталығына жақын жерде, Төле би және Гоголь даңғылдарының екі арасында, үлкен аумақты алып жататын Алматы ауыр машина жасау зауытын (АЗТМ) атауға болады. Оның басшылығы Қапшағай қаласындағы өнеркәсіптік зонадан өзіне жаңадан жайғасатын жер таңдап алды.

2016 жылға дейін бұндағы ауа ластануының деңгейі 194-тен 140 мкг/текше метрге дейін төмендетілген болатын. «Алматы – 2020» бағдарламасы бойынша, осы көрсеткішті 36 мкг/текше метрге дейін түсіру яғни Мәскеудегідей және Варшавадағыдай қылу жоспарланып еді. Бұндай мақсатқа қол жетті ме, әлде жетпеді ме? Осындай сұрақтың жауабы әзір белгісіз. Қалай дегенде де, коронавирус (COVID-19) пандемиясына байланысты жарияланған карантин жағдайында Алматының ауа бассейні біраз тазарған болар. Бірақ ауызды қу шүберекпен сүрте беруге де болмайтыны рас.

Үстіміздегі жылы 20 қазанда ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен отырыс барысында Алматы 2-ЖЭО (жылу-электр орталығын) жаңғырту жобасы қаралып, сол бойынша тиісті шешім қабылданды. Ол жөнінде Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі мынадай хабарды жария етті: «Қоғамдық пікірді ескере отырып, жылу электр станциясын жаңғыртудың қарастырылған төрт нұсқасынан қолданыстағы энергетикалық қазандық агрегаттарын реконструкциялау жолымен ЖЭО-2-ні көмірден газға ауыстыру мақұлданды. ЖЭО газдандырудың таңдалған нұсқасы қолда бар жет­кізу және бұру инфрақұрылымын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте қоршаған ортаға әсері барынша азайтылады – күкірт тотығының, күлдің шығарындылары болмайды, азот тотығының және көмірқышқыл газы шығарындыларының деңгейі төмен».

Бұл ретте қазіргі уақытта пайдаланылып жатқан қазандық агрегаттарын жаңғыртып, ЖЭО-2-ні көмірден газға ауыстыру арқылы оған жұмсалатын еңбек пен құн шығынын оңтайландыру бойынша қайта құру нұсқасы таңдалды. Модернизация­лау жұмыстары қоршаған ортаны күкірт оксидімен және күлмен ластауды шектеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде ауаға тарайтын азот оксиді мен көмірқышқыл газының мөлшері минимумға дейін азаюға тиіс.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мырза Іnstagram-дағы парақшасында бұл жобаның жос­пар бойынша 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы көзделетінін хабарлады.

Сонымен, Алматы қаласында зиян шеккен экологиялық ахуалды қалпына келтіруге қатысты іс-шаралар жігерлі түрде қолға алынып жатыр.

Ал тоқетерін айтар болсақ, қорша­ған ортаға залал келтірмеуді парыз деп санау қажет. Анығы – осы.

Аққали КӨПТІЛЕУОВ

409 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы