• Өндіріс
  • 24 Желтоқсан, 2020

Былғары зауыты жаңа өнімдер шығаруда

Семейдегі 10 жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған тері-былғары зауыты жарты жыл ішінде өндірісті қалпына келтіріп қана қоймай, экспортқа да бет алды. Енді кәсіпорын өндірістік қуаттылықты арттырып, өнім желісін кеңейтуді көздеп отыр.

Осы жылдың жазында Қазақ­стан­ның инвестициялық қоры және Kusto Group халықаралық компаниялар тобына кіретін Semey Tannery серіктестігі арасында Семей қаласындағы былғары комбинатын кейіннен сатып алу құқығымен мүлікті жалға алу жөніндегі шартқа қол қойылған болатын. Нәтижесінде инвестор бірқатар жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тамыз айында жұмысқа кірісті. Комбинат іріқара мал терісін өңдеу, wet blue хромды илеудің экспортқа бағдарланған жартылай фабрикаты былғары өнімін өндіру және сату сынды негізгі қызмет түрлері бойынша іске қосылды. 100-ге жуық адам жұмыс істейтін комбинатта айына 250 тоннаға дейін шикізат өңделеді. Өндірістің ең жоғары қуаттылығы жылына 1,7 млн шаршы метрге дейін wet blue жартылай фабрикатын құрауға қабілетті. Wet blue – бұл хромды илеудің жоғары сапалы жартылай фабрикаты, оның өндірісі үш фазалы тотығу үдерісін қамтиды. Бұл өнім жоғары сапасымен қоса, беріктігімен, қолайлылығымен және өзіндік құнымен ерекшеленеді. Жартылай фабрикатты жеңіл әрі жылы күртешелер, аяқ киім, аксессуарлар шығару үшін пайдалануға болады, сондай-ақ қақпақтардың барлық түрлері, белдіктер және басқа да бұйымдар жасалады. Жартылай фабрикаттарды өндіру технологиясында қолданылатын шикізат пен қажетті химиялық заттарды жергілікті өнім берушілер жеткізеді, кейбірі Ресейден сатып алынады.
Алдағы уақытта өндіріс оша­ғында жаңа өнім шығару көзделген. «Келесі жылы өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Яғни, егер қазір, желтоқсан айында 250 тонна шикізатты қайта өңдеуге алсақ, қаңтардан бастап ай сайын оны 300-350 тоннаға дейін ұлғайтуға көшпекпіз. Сапасыз шикізатты пайдалануға байланысты, теріні кейіннен қайта өңдеуді көздейтін арнайы ауқымды тәжірибенің жоқтығынан, біздің жоспарымызда осы зауыт үшін жаңа өнім – белкозин мен желатин шығарылатын болады. Мұндай өнім елімізде де, шетелде де сұранысқа ие, бірақ әзірге Қазақстанда шығарылмайды», – деп атап өтті кәсіп­орын­ның коммерциялық директоры О.Бауэр.
Белкозин – бұл теріні және шелді алып тастағаннан кейін қалатын табиғи ақуыз өнімі, ол тағамдық қоспаларды, арнайы жемді, сондай-ақ шұжыққа ар­налған жеуге жарамды қабықты жасау үшін қолданылады. Ал келесі деңгей – желатин, Қазақстанда ол 100% импортталады. Желатин – бұл ішінара гидролизденген ақуыз, жануарлардың дәнекер тінін өңдеудің өнімі. Ол негізінен азық-түлік өнімдерін, капсула түріндегі фармацевтикалық дәрілік заттар, дәрілік капсулаларға арналған суда еритін қабықтар, сонымен қатар кір жуғыш және ыдыс жуатын машиналардың таблеткаларын дайындау үшін қолданылады.
Биылғы пандемия компанияның жоғары қуаттылыққа жету жөніндегі жоспарын тежеп, межесін өзгертті. Елдер мен аймақтар арасындағы шекаралар жабылған кезде дайын өнімді экспорттау мен қажет­ті химикаттарды импорттауға, ай­мақтардан шикізат жеткізуге мүмкіндік болмады. Қиындықтарды еңсеріп, өндіріс қарқынын біртін­деп арттырып жатқан зауыт жүк­темесі қазірде шамамен 30-40 пайыз. Өңдеуге дайын 800 тоннаға жуық ірі қара терісі сатып алынған. «Қазан айында өнімнің алғашқы партиясы экспортқа жөнелтілді. Біз Қазақстан бойынша шикізат сатып алу желісін құрып, отандық тауар өндірушілермен серіктестікті жолға қойдық», – деп бөлісті «Semey Tannery» ЖШС атқарушы директоры Р.Бисенов.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

2057 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы