• Өндіріс
  • 24 Желтоқсан, 2020

Astana Ceramic: Заманауи құрылыс келбеті

Ақмола облысының индустриялық картасында талай жылдар бойы дәлелденген берік, сенімді және әрдайым сұранысқа ие құрылыс материалдарын шығаратын заманауи, бәсекеге қабілетті кәсіпорын ерекше орын алады. Мемлекет қолдауының және барлық жоба серіктестерінің тығыз ынтымақтастығының арқасында қазірде «Astana Ceramic» ЖШС өндірісі қайта жаңғырып, жандана түскен.

«Astana Ceramic» кірпіш зауыты ЖШС 2007 жылы өңірдегі Бошан кірпіш зауыты базасында құрылды. Іргелі өндіріс ошағының аумағы 13 гектарды алып жатыр.

 

Өнім өндіруге керекті шикізат – саз компанияға тие­сілі және зауыттың тікелей маңында орналасқан Үшкөл кен орнының карьерінен алынып, пайдаланылады. Бұл осы аймақтағы ірі форматты керамикалық блоктар шығарумен айналысатын жалғыз кәсіпорын.
Cerablock керамикалық тасы ғимараттардың көтергіш, сырт­қы және ішкі қабырғаларын салуда қолданылады. Бұйымның айрықша үлкен форматы қалау жұмыстарын жеңілдетеді, ол үшін уақыт та көп кетпейді. Стандартты кірпішке қарағанда, үлкен блоктық форматты қиындықсыз орнатудың арқасында құрылымды тезірек тұрғызуға болады. Одан жасалған қабырғалар жылу тиімділігіне ие, қосымша жылытуды қажет етпейді. Керамиканың ерекше құрылымы бұл материалдан жасалған үйлерді қарапайым кірпішке қарағанда әлдеқайда жылы етеді және үйді жылытуға кететін шығындарды азайтады. Cerablock керамикалық тасының ерекшелігі сол, тастарды қалау барысында ерітінді қолда­нылмайды, тастардың тығыз жабысуын ойық-тарақ жүйесі қамтамасыз етеді. Сонымен қатар керамикалық тас әр түрлі әрлеу материалдарымен үйлеседі. Cerablock тасының бедерлі бетіне сылақ та оңай, жылдам және үнемді жағылады. Керамикалық тастан жасалған қабырғалар үй-жайлардың экологиялық қауіпсіздігіне кепілдік береді. Табиғи шикізаттан жасалған блоктар сыртқы әсерлермен байланысқа түспейді және зиянды заттарды шығармайды. Жоғары сапалы кірпіштер мен үлкен форматты кераблоктар аз қабатты және көп қабатты құрылыста қолданылады. Өнім құрамына дәстүрлі кірпіштің кемшіліктері емес, беріктігі мен отқа төзімділігі сияқты артықшылықтары біріктірілген. Ассортимент – 2,1NF-ден 12,4NF форматына дейінгі кеуекті кірпіштер. Өнімдер МЕМСТ 530-2012 талаптарына сәйкес ке­леді, аттестатталған және сәйкестік сертификатына ие. Мұндай үлкен форматты керамикалық блоктар Ресей Федерациясының, Украи­наның, Белоруссияның және басқа ТМД елдерінің нарықтарында қарқынды қолданылады.
Бүгінде озық технологиялармен жарақтандырылып, автоматтан­дырылған зауыттың өндірістік қуаты – жылына 30 миллион стандартты кірпіш. Шикізатпен қамтамасыз етуден бастап дайын өнімді орауға дейінгі барлық өндірістік процестер адам факторының әсерін барынша төмендететін автоматтандырылған режимде жүзеге асырылады. Болашақта дайын өнім түрлерін кеңейту жоспарланып отыр. Жаңғыртылған өндіріс дайын өнімнің құнын жоғары сапада төмендетуге және М-200 маркалы керамикалық кірпіш пен көрші елдерден импортталатын үлкен форматты керамикалық блоктарды алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ заманауи қондырғылар өндірістен шығатын зиянды шығарындылар көлемін азайту арқылы қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді.
Компания жергілікті тұрғын­дар үшін 70 жаңа жұмыс орнын құрған. Жобаны жүзеге асыру барысында ынта-жігер танытқан жұмыскерлеріне қауіпсіз, жайлы еңбек жағдайларын жасау арқылы еңбек мәдениетін жаңа деңгейге көтеру – басымдықты міндет. Сондай-ақ компания инфрақұрылымды дамытып, әлеуметтік жобаларға қатысуды жоспарлап отыр.

Ботагөз Әбдірейқызы

1451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы