• Бизнес & Қоғам
  • 15 Қараша, 2012

Қазақстан-Польша: ырысқа бастар ынтымақ

Польша Республикасы өнеркәсібі, соның ішінде фармацевтика саласы жақсы дамыған ел болып табылады. Шымкенттің «Химфарм» дәрі-дәрмек зауытын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуды қолға алған Польшаның Еуропа нарығына кеңінен танымал «Польфарм» компаниясы жаңа ампулалық-инфузиялық цехты салып бітті.

Келесі жылдың шілде айында мұнда заманауи құрылғы орнатылады. Цех GMP стандарттары бойынша 2013 жылы өзінің жоспарланған қуатына шығып, жылына 350 миллионға дейін ампула мен 4 миллион инфузиялық пакет шығарады. Жаңа цехта 400 қызметкер жұмыс істемек. Цехтың өндірістік қуаттылығын арттыру, инфрақұрылымды оңтайландыру мен технологияларды ауыстыру 2014 жылға дейін жалғасады. Компания жаңа өнімге 84 миллион долларға жуық қаржы салуды жоспарлап отыр.   Мемлекет Басшысы 2014 жылдың желтоқсанына қарай ел тұрғындарын 50 пайыз отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы тапсырма жүктегенін ойға оралтсақ, бірлескен кәсіпорын өнімі үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жемісті жүзеге асырудың нақты көрінісі болып табылады.

       Польша Қазақстан үшін Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екендігі мәлім. Ол Қазақстанмен тауар айналымының көлемі бойынша Орта және Шығыс Еуропа мемлекеттері арасында алдыңғы орында тұр. Нақтырақ айтсақ, Еуро­па Одағы мемлекеттері арасында 7-ші орын, әлем мемлекеттері арасында 15-ші орын алады. Соңғы жылдары Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 10 есе көбейіп, ары қарай өсу үрдісін байқатып отыр. Елбасымыз поляк журналистерінің сауалдарына жауап бере отырып, қазақ-поляк қарым-қатынастарының маңызын былайша сипаттаған еді: “...Қазақстан Польшаны Орта және Шығыс Еуропадағы маңызды экономикалық және саяси серіктес ретінде қарастырады, екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары дәрежедегі сенімділік пен шешілмеген мәселелердің жоқтығымен ерекшеленеді...”. Бүгінгі күні ең әуелі сауда-экономика саласындағы ұтымды ынтымақтастықпен бекітілген бұл қатынастар Еуропа Одағы шеңберінде де, екіжақты тұрғыда да жемісті жалғасып келеді. Қазақ-поляк экономика саласындағы қатынастарының негізін үш маңызды үкіметаралық келісім құрайды: Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісім, Инвестицияларды тарту мен өзара қорғау жөніндегі келісім, Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция. Ынтымақтастықты дамытуға экономиканың жекелеген салаларындағы әрекеттерге бағытталған бірқатар басқа да құжаттар оң ықпал етіп отыр.

     Қазіргі таңда мұнай-газ өндірісі, көлік, коммуникациялар, құрылыс, кәсіпкерлік, ауылшаруашылық өндірісінің тауарларын қайта өңдеу, мәшине жасау, туризм, жиһаз және фармацевтика салаларындағы байланыстардың қарқын ала бастағанын айта кеткен орынды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық ынтымақтастық артып келеді. Екі ел арасындағы тауар айна­лымының құрылымы бірнеше жыл бойы тұрақты болып қалуда. Тек тауарлық позициялар ғана өзгеруде. Қазақстанның Польшаға жіберген экспорты құрылымындағы басым тауарлар: отын-энергетика, химия, қара металлургия өндірісінің өнімдері, ауылшаруашылық өнімдері, соның ішінде астық пен ұн. Ал Польшадан Қазақстанға келетін импорттың негізгі салалары: химия өндірісінің өнімдері, мәшинелер мен жабдықтар, электр құралдары, асыл емес металдар мен олардан жасалған бұйымдар, целлюлоза, қағаз, синтетикалық материалдар мен резеңкеден жасалған бұйымдар, көліктер, мал шаруашылығы мен өсімдік өнімдері, жиһаз бен оның жинақтаушы бөлшектері, азық-түлік.

     Екіжақты байланыстың дамуы мен оның ырғағына елеулі үлесін мемлекеттік даму институттарының қолдауымен бекітілген екі мемлекет кәсіпкерлері арасындағы қатынастар қосып келеді. Қазіргі кезде Польша жеке капиталы қазақстандық экономиканың көптеген саласында белсенді жұмыс істеп жатса, Қазақстанда 100-ден астам қазақ-поляк бірлескен кәсіпорны тіркелген. Біздің ойымызша, бұл әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс зардаптарын жеңе білген Қазақстан экономикасына деген қызығушылықтың айғағы болып табылады және басқа мемлекеттердің іскер топтарына елде қолайлы инвестициялық ахуал мен іс жүргізудің кең мүмкіндіктері бар екенін білдіреді. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-поляк үкіметаралық комиссиясы деңгейіндегі әрекеттестік үдерістері де арта түсіп отыр. Қазақстанның еуропалық серіктестерімен ықпалдасуын көздейтін “Еуропаға жол” бағдарламасын іске асырудың арқасында серіктестік шеңбері де кеңейіп келеді. Аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде және Қазақстан экономикасының дағдарыстан кейінгі даму жоспары аясында “ДАМУ кәсіпкерлікті дамыту қоры” мен Польша кәсіпкерлікті да­мыту агенттігі арасында ынтымақтастық қарым-қатынас қалыптасқан.

     Өндірісті технологиялармен қамтамасыз ету және қазақстандық экспортты ілгерілету мәселелері бойынша сындарлы ынтымақтастық ары қарай жалғасуда. Бұл салада біздің белсенді серіктестеріміз “KAZNEX” экспортты дамыту және ілгерілету корпорациясы мен 2008 жылы құрылған Варшавадағы Польша-Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасы болып табылады. Осы құрылымдар арасындағы әрекеттестік нәтижесінде экономикалық форумдар мен екі мемлекет кәсіпкерлерінің бірқатар бизнес-миссиясы ұйымдастырылды. Ең алдымен, қазақстандық кәсіпкерлер байланыстың тиімділігі мен жемістілігін атап өтті. Ал ұлттық даму институты-“KAZNEX” корпорациясы Польшамен ынтымақтастық байланыстарды кеңейту ниеті бар екенін білдірді. Ол бойынша отандық өңдеуші сектор өкілдерінің салалық сапарларын ұйымдастыру, Қазақстан тауар өндірушілерінің Польшада өтетін халықаралық сауда көрмелеріне қатысуын белсенділендіру көзделуде. Нәтижесінде аталмыш іс-қимылдар қазақстандық экспорт құрылымын кеңейту бойынша жасалған “Еуропаға жол” бағдарламасын іске асыруға мүмкіндік туғызып, тауарларымызды сыртқы рынокқа шығаруға көмектеседі. Осы орайда озық технологияларды енгізу және бірігіп қолдану, бірлескен кәсіпорындар ашу, жеке капитал салуда поляк фирмаларының қазақстандық серіктестерімен белсенді жұмыс істеуін қолдау өте маңызды екенін атап өтеміз.

     Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықтың келешегі үлкен. Еуразия құрлығында халықара­лық экономикалық байланыстардың тереңдеуімен және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасқынының өсуімен байланысты Ұлы Жібек жолын қайта өркендетіп, континентаралық көпір салу идеясының өзектілігі арта түсті. Бұл ретте мемлекеттеріміздің көлік-транзиттік инфрақұрылымын кеңірек қолдану керектігі де күн тәртібіне шығады. Өйткені, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ұлттық көлік жүйесінің еуропалық және әлемдік көлік жүйесімен бірігуіне бағытталған еліміздің 2015 жылға дейінгі көлік стратегиясы жемісті жүзеге асуда. Қазақ-поляк экономикалық қатынастары үшін жаңа перспективалар Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кеден одағының құрылуына байланысты ашылып отыр. Қазақстан нарығы бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін поляк шаруашылық субъектілеріне тартымды болғандықтан, бұл жағдай поляк компанияларының капиталын Қазақстан экономикасының шикізатты емес секторына орналастыруға ынталандырады.

     Сонымен қатар Польшаның экономика мекемелерімен, сауда-өнеркәсіп палаталары және іскер топтарымен байланыстарда инвестициялық жобаларға Қазақстан тарапынан кең де ұзақ мерзімді қолдау қажет болатыны да түсінікті. Өйткені, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей: “Қазақстанды индустрияландыру, соның ішінде инфра­құрылымды дамыту бағдарламасын бастадық. Мұнай мен газ сатылымынан түскен қаражаттың бәрі индустрияландыруды жүзеге асыру үшін Ұлттық қорға аударылады. Салықтарды төмендетіп, шағын бизнесті дамыту үшін жағдай туғызамыз. Қазақстанда еркін кеден аймақтары бар, оларда іс жүргізуге ерекше жағдай жасалған”. Мұның барлығы екі мемлекет арасында экономикалық ынтымақтастық құруға барлық алғышарттар қалыптастырады.

Жетпісбай Бекболатұлы, Польша, Познань қаласы

373 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы