• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қаңтар, 2021

Қауіпті дертке қарсы тосқауыл

Қазіргі таңда елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация мәселесі қызу талқыланып жатыр. Себебі тұмаудың түрлі штамы болатыны белгілі. Соған қарай екпенің де түр-түрі бар. Осы ретте дәл қазір соның қандай түрін салғызған жөн, еліміз бойынша тұмауға қарсы вакцинаның қай түрі егілмек, бұл вакцина COVID-19 вирусынан қорғай ма  деген  сұрақтар туындап жатқаны анық. Осыған орай төменде күмәнді ойға  берілген жұртшылық көкейіндегі көп сұраққа тиісті сала мамандарының  жауабын ұсынып отырмыз.  

– Қазақстанда вакцинация міндетті  әрі мәжбүрлі түрде іске асырыла ма?

– Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. ҚР «Ха­лық денсаулығы және денсау­лық сақтау жүйесі туралы» кодек­сінің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның тек ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізіледі. Қа­зақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көз­делмеген, кез келген қысым көр­сету заңсыз болып табылады.

– Біздің елімізде қандай вак­цина қолданылады?

–Биылғы жылдың келесі айдың басынан бастап Қазақ­станда Ресейде шығарылған Гам-КОВИД-Вак («Спутник V») вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакци­нация басталады. Бұдан кейін вакцинациялау үдерісіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылатын болады. 2021 жылдың 2-ші тоқсанынан бастап вакцинациялау үдерісіне отандық өндіріс – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр, бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтардың 3-кезе­ңінен өтуде.

– Коронавирусқа қарсы вакци­наны кім ала алады?

– Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуіне  байланысты кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Бұл ретте, бірінші кезекте, ко­ро­­навирустық инфекцияны жұқ­тыру және тарату тәуекелі жоғары халықтың осал топтары коронавиустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға жатады, одан әрі иммундауға жататын халықтың осал топтары қамтылады.

 

 

Бірінші кезеңде инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, реанимация, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, сани­тарлық-эпидемиологиялық қыз­мет қызметкерлері вакцинациямен қамтылады. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарын, бірінші кезеңге кірмеген медициналық  қызмет­керлер вакцинациялаумен қамты­лады. Үшінші кезең мектеп-интернаттардың, мектепке дейінгі мекемелердің педагогтары, студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар қамтылады. 

Бұдан басқа, халықтың қо­сымша осал топтары: ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, Мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлерін және басқа­ларды қоса отырып, контин­гентті кеңейту жоспарлануда.

– Вакцинация ақылы бола ма? Бір вакцинацияның құны қанша?

– Халықтың осал топтары үшін коронавирустық инфек­цияға қарсы вакцинация тегін ұсынылады.

– Коронавирусқа қарсы вакцина қауіпті ме? Вакцинаның жанама әсерлері бар ма?

– Қарсы көрсеткіштерді анық­тау үшін вакцинаның көрсе­тілімдері, қарсы көрсетілім­дері, иммунизациядан кейінгі ықтимал көріністері, вакцинаны енгізу, сақтау және тасымалдау шарттары туралы толық мәліметтері бар вакцинаның нұсқаулығы талап етіледі. Осыған байланысты қарсы көрсеткіш­терді қазіргі уақытта тізіп шығу мүмкін емес. Адамның организмі  кез-келген вакцинаны енгізуде иммунитетті қалыптастыратынын, сондай-ақ иммундаудан кейін дене температурасының қысқа мерзімді жоғарылауы, вакцина орнында қызару мен ісіну сияқты жағымсыз көріністердің пайда болатынын  атап айту маңызды.

– Адамда коронавирустық вак­цинаға аллергиялық реакцияның болуы мүмкін бе?

– Медицина қызметкерлері кез-келген вакцинаны салмас бұрын адамның аллергиясы бар-жоғын анықтайды. Егер ауыр аллергиялық ауру болса, адамға вакцина салуға медициналық тұрғыдан бас тартылады. Бұл ретте аллергиялық реакцияны болжау мүмкін емес, себебі әрбір адамның организмі әр түрлі. Уақтылы ден қою үшін адам вакцинация алғаннан кейін алғашқы 30 минут ішінде (медициналық мекеменің қабырғасында) дәрігердің бақылауында болуы керек. Дәл осы аралықта вакцинаға аллергиялық реакция болуы мүмкін.

– Ресейде вакцина алған адам­дарға күнделікті телефон арқылы хабарласып, зерттеп-қарау жүргізі­леді. Бізде де осындай техни­калық сәттер қарастырылған ба?

– Вакцина алған барлық адамдар алғашқы 30 минут бойы  медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Ордан әрі 3 күн бойы, тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмір­лері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.

– Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егіле ме?

– «Спутник V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды. Екпені тек Қазақстанның кәмелетке толған,  60 жасқа дейінгі азаматтары ғана ала алады. Қазақстанда өндірілген вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-ші кезеңінен өтуде. Бүгінгі күні отандық вакцина жөніндегі бекітілген нұсқаулық жоқ, сондықтан осы вакцина бойынша контингент анықталуда.

– Қарағанды зауытында шыға­ры­латын вакцина қайда қолданы­лады?

– Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы тек Қазақстан Республикасында қолдану үшін пайдаланылатын болады.

– Не себептен вакцинаны екі ке­зеңде алу керек?

– Коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізу керек. Бі­рін­ші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

– Ресейлік «Спутник V» вакци­насының сапасы жеткілікті деңгейде тексеруден өтті ме?

– Аталған вакцина Ресей Федерациясында мемлекеттік тіркеуден өтті және бірнеше ай бойы халықтың осал топтарын иммундау үшін қолданылып келеді. Ресей Тікелей инвестициялар қорының мәліметтері бойынша  бұл вакцинаны сатып алуға 50-ге жуық мемлекет өтініш берген, ал кейбір елдер (Белоруссия, Аргентина, Сербия) қазірдің өзінде оны сәтті қолдануда.

Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Қазақстан Республика­сының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар құжатының электрондық көшірмесі болуы қажет (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты). Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілді.

– Ресейден басқа тағы қандай вакцина өндіруші елдермен  ынты­мақтастық туралы келіссөздер жүргізілуде?

– Қазіргі уақытта ҚР Ден­сау­лық сақтау министрлігі «Sinovac», «Sino­pharm» (Қытай), «Phizer» (АҚШ) қоса алғанда, коронавирустық инфек­цияға қарсы вакцина өндіруші бірқа­тар мемлекеттермен келіссөздер жүр­гізуде.

– Біздің елімізде қандай вакциналар әзірленуде?

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген корона­вирустық инфекцияға қарсы вакциналар арасында Қазақстан өндірісінің 5 үміткер вакцинасы бар. Біріншісі – клиникалық зерттеулер кезеңінде тұрған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі – БҚП ҒЗИ) әзірлеген инактивті вакцина. Қалған төртеуі – Қазақ ұлттық аграрлық университеті Огайо штатының университетімен бірлесіп (АҚШ); Қазақ ұлттық аграр­лық университеті; М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы; БҚП ҒЗИ әзірлеп жатқан және клиникаға дейінгі зерттеулер сатысындағы суббірлік вакцина.

– Вакцинацияның электрон­дық паспорты дегеніміз не?

– Вакцинацияның электрондық паспорты дегеніміз – бұл вакци­наның медициналық тарихы. Бұл вакцина қабылдайтын халықты бақылау және үздіксіз мониторинг жүргізу үшін ден­саулық сақтау саласындағы негізгі модуль (функционалдылық). Қазіргі уақытта Вакцинацияның электрондық паспортын әзірлеу аяқталып келеді. Паспорттың жұмыс қабілеттілігі медицина қызметкерлері үшін Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық ресурстары арқылы, ал пациенттер үшін – eGov Mobile мобильдік қосымшасын пайдалану арқылы іске асырылатын болады.

Вакцинацияның электрондық паспорты  вакцинация ем-шарасынан өткеннен кейін тікелей eGov Mobile мобильдік қосымшасында қолжетімді болады. Вакцинацияның электрондық паспорты  азамат туралы, ол алған вакцинаның түрі, вакцинация  ем-шарасының кезеңділігі, сондай-ақ вакцинациядан кейінгі кезеңдегі бақылау туралы ақпарат  қамтылады.

– Интернетте халықты вакцинация арқылы жаппай чиптеу туралы айтылып жүр. Бұл қаншалықты ақылға қонымды?

– Қазақстан Республикасында бірде-бір вакцинация адамды чиптеумен байланысты емес. Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.

– Неліктен коронавирустық ин­фекцияға қарсы вакцина тез әзір­ленді?

– Пандемия кезеңінде осы вакцинаға аса қажеттілік туындады. COVID-19 вакцинасын әзірлеу бүкіл әлемде коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыру және адамдың жаппай өлімі орын алғандықтан  аса шұғыл жағдайда өтті. Бұдан басқа, фармацевтикалық компаниялар пробле­маның ғаламдық деңгейде болуы­на байланысты вакцинаны тез әзір­леуге айтарлықтай ресурстар жұмсады. Бірақ оның жылдам әзір­ленуі компаниялардың қауіпсіздік хат­та­­маларын айналып өтті деген сөз емес. 

Н.Ф.Гамалея атындағы ЭжМҒЗО-ның «Спутник V» вакцинасына келе­тін болсақ, ол алдыңғы әзірлемелерге сүйене отырып жасалды. Орталық пандемияға дейін SARS-CoV-2 коронавирусы да жатқызылған РНҚ бар қабықты вирустарға қарсы вакциналар мен препараттар жасаудың технологиялық платформасын ашқан болатын.

– Бүгінгі таңда әлемде көшбас­шылар мен танымал тұлғалардың қайсысы коронавирусқа қарсы екпе алды?

– АҚШ-та вакцинаны жаңадан сайланған президент Джо Байден алды – ол 78 жаста және тәуекел тобына жатады. Байденге Pfizer және BioNTech вакцинасы егілді. Гвинея президенті Альфа Конде – «Спутник V» вакцинасымен егілген елдің алғашқы көшбасшысы. Сондай-ақ жоғары лауазымды 19 тұлға, оның ішінде қорғаныс министрі егілді.

Түркия президенті Режеп Ердоған СoronaVac қытай препаратымен коро­навирустық инфекцияға қарсы егілді. Қазақстанда коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны алғашқылар­дың бірі болып білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алды. Сондай-ақ еріктілердің қатарында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев вакцина алды.

P.S. Атам қазақ сақтықта қорлық жоқ деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Осы ретте коронавирусқа қарсы вакцинацияның тиімділігі көп болмақ. Ал әлемде 100 миллионнан астам адам коронавирусқа шалдыққанын ескерсек, аурудың  алдын алу мен сақтық  шараларының қаншалық маңызды екені түсінікті.                                 

 Дайындаған

Нұрлан ҚҰМАР

 

782 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы