• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қаңтар, 2021

Жоба-жоспар нақты деректерге сүйенуі тиіс

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Туған ай тураған етпен бірдей, күні кеше  басқан жері сықырлап,  күнтізбенің жаңа парағын  «үсті-басы ақ қырау, түсі суық, демалысы үскірік аяз бен қар кәрі құда» – қыспен бірге келіп ашқан ақ киімді, денелі, ақ сақалды қаңтар да енді міне, түгесілуге таяу. Дәстүр бойынша көтеріңкі көңілмен есеп беретін шаруашылық мекемелері, кәсіпорындар биыл үнсіз. Оларды былай қойғанда, әлемдік биржалар мен талдама орталықтар, индекстер де жыл басынан бері жұмған  аузын ашпай отыр. Іскер топтар әзірге Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы былтырғы желтоқсанда жасаған жорамал-болжамға сүйенуде. Оған сәйкес үстіміздегі жылы әлемдік экономика өсімі  4,2 пайызды құрайды.

Баянсыз бағдарламалардың тайғанақ тармақтарын таяныш қылмай, нақты цифрларға үңілгенді жөн көретін экономист қауым ел дамуының биылғы жоба-жоспарларын көптен күткен еді. Сондықтан  да осы аптаның басында Мемлекет басшысы  өткізген үкіметтің кеңейтілген отырысы мамандар назарынан тыс қалмады. «Бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сондықтан бюд­жеттің әкімшілері тікелей жауап беретін болады. Бұл орайда бізге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыздысы – дұрыс есептеу. Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаның кез келген өнімі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отырған ешкім жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне  берілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын», деген Президент сөзі жылы қабыл алынғанын осылайша түсіндіруге болар. Дерек пен дәйек алшақтамауы керек десек те, осындай олқылықтар орын алып отыр. Мәселен, халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша да берілген есеп пен жасалған жұмыстардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлінген. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілген. Бағдарлама халықты жұмыспен қамтуда және іскерлік белсенділікті қолдауда маңызды рөл атқарғанымен, бірақ құжаттағы ондаған, жүздеген мың жұмыс орындарының ашылғаны туралы мәліметті тексеру кезінде айырмашылық бар екені анықталған. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізілген. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған. Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында  орын алған. Жалпы, еңбекпен қамтылғандардың 40 пайызға жуығы «көлеңкеде» қалып қойған. Жұмыспен қамтудың жол картасына бөлінген 1 триллионнан небәрі 5,5 миллиард теңге салық төленген. Бұл – жарты-ақ пайыз деген сөз. Сондықтан да мемлекеттік кіріске жауапты органдар мәселені қатаң бақылауға алмақ. «Салықтық-бюджеттік саясатты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу керек», деп атап өтті Президент. Былтыр салық және кеден саласынан түскен қаржының кіріс көлемі 47 пайызға қысқарған. Әйтсе де, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Кедендік төлемдердің жинақтық деңгейі төмен екені байқалуда. Тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық жалған декларация толтырылғаны туралы дерек анықталған. Қытаймен арадағы ашық статистика бойынша айырмашылық 5 миллиард доллардан астам қаржыны құрайды. Сондықтан да Мемлекет басшысы жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшейтуді талап етті. Ресми бағалаулар бойынша ішкі жалпы өнімнің төрттен біріне, ал Дүниежүзілік банктің деректері бойынша 40 пайызға жуығы «көлеңкелі» аймақта. «Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылатын болды.

Толғағы жеткен түйткілдердің бірі – азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету.  Оның түйінін тарқату жоғары өнімді ауыл шаруашылығы мен бәсекеге қабілетті қайта өңдеу салаларын жолға қоймай мүмкін емес. Ресурстарды тиімді пайдалану да күн тәртібінде тұр. Мәселен, жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Сондықтан жылдың соңына дейін осындай жайылымдар қайтарып алынып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілуге тиіс. Сонымен бірге су ресурстарын сақтап, тиімді пайдалану қажет. Аграрлық өнімдерді шеттен тасу көлемі өсе түсуде. Өткен жылдың 11 айында азық-түлік импорты 3,6 млрд долларды құрап, 2019 жылдың жылдық көлемінен 9 пайыз асып түскен. Сонымен бірге, 2017-2021 жылдарға арналған  агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жарияланған көрсеткіштерге қол жеткен жоқ. Былтыр  халықтың табысы төмендеген кезде тамақ бағасы керісінше өсе берген. Мемлекеттік органдардың бағаларды ұстау бойынша қабылдаған шаралары, оның ішінде сауда желілерін жеңілдетілген несиелендіру және сауда үстемелерін белгілеу оң нәтиже бермеген. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 11 пайызға өскен. Олардың жалпы инфляцияға қосқан үлесі 60 пайыздан асқан. Сондықта да үкімет нарықтық тетіктерге сүйене отырып, жоғарыда аталған мәселелерді шешуге бағытталған шаралар кешенін әзірлемек. Ұлттық дистрибьюторлық жүйені іске қосуды жеделдету қажет, бұдан бұрын жазғанымыздай, оның құрамына 24 көтерме дистрибьютерлік орталықтың құрылысы кірмек. Бүгінгі күні жасыл көкөністер импортының 90 пайызы Өзбекстаннан келеді. Бұл елдің Ресеймен сауда-саттықтарының барлығы дерлік біздің аумағымыз арқылы өтетіндіктен, «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығын құру қолға алынбақ.

792 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы