• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қаңтар, 2021

Қоғамдық бақылаудың негізгі принциптері

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету мақсатында Қоғамдық бақылау туралы  заң әзірлеп, қабылдауды тапсырғаны мәлім. Осы бағытта ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелері бойынша қоғам өкілдерімен кездесті.

Кездесу барысында министр заң жобасын іске асырудың негізгі бағыттары мен механизмдері туралы айтты. Жұмыс тобының пікірі бойынша негізгі заң шеңберлік сипатта болуы керек, онда жалпы тәсілдер айтылады. Заң жобасының мақсаты – қоғамдық бақылау жүйесінің құқықтық негізін құру болу керек.

Аида Балаева қоғамдық бақылау­дың негізгі нысандарын, міндеттерін, принциптерін, оның объектілері мен субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ оны жүзеге асыру тәртібін таныстырды. Құжат ведомствоның сайтында ашық жарияланғанын және жобаны әрбір азамат талқылай алатындығын жеткізді. Бұдан бөлек, интернет-петициялардың бірыңғай заңды институтын құруға бағытталған тү­зетулер блогын қамтитын ілеспе заң жобасына жеке тоқталды.

Құжатты талқылауға, оны заңна­малық тұрғыдан шоғырланды­руға түрлі тәсілдер ұсыну үшін Эдуард Полетаев, Аида Әлжанова, Дәулет Байделдинов, Ажар Жандосова, Ирина Ким, Сергей Понамарев, Дос Көшім, Жәмила Асанова, Марат Шибутов және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері мен сарапшылар белсенді қатысты.

Министрлік заң жобасын қазақ­стан­дық және халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірледі. Айта кету керек, бүгінде қоғамдық бақылау институттарының жұмысы кейбір шет елдердегі мемлекеттік басқару жүйесінің қызметіне тиімді әсер ететін факторға айналды. Осыған байланысты заң жобасын әзірлеу кезінде Азия, Еуропа және Американың 30-ға жуық елдерінің тәжірибесі зерттелді. Заң жобасын әзірлеудің өзектілігі қоғамдық бақылау жүйесін қалыптастыру үшін құқықтық  жағ­дайлар жасау қажеттілігімен байла­нысты. Құрылымдалған заң қоғам­ды елдің саяси және әлеуметтік-эконо­микалық жаңару процестеріне тартуды жеңілдетеді, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың азаматтық қатысуы үшін барынша ашықтығын қамтамасыз етеді, сонымен қатар мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім деңгейін арттырады деп күтілуде.

Іс-шара соңында министр кезде­судің барлық қатысушыларына белсенді қатысқаны және азаматтық қоғамды дамыту үшін ерекше маңызы бар мәселені іске асырудағы жауапкершіліктері мен сындарлы көзқарасы үшін алғыс білдірді.

Қазіргі кезде Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі Қоғамдық бақылау туралы заң жобасын талқылау бойынша бірқатар кездесулер сериясын ұйымдастыруды жалғастыруда. Жұмыс тобының онлайн-режимде өткен кеңейтілген отырысында қоғам тарапынан ұсыныстар алдағы жұмыста қаралып, ескерілетін болады. Жұмыс тобының мүше­лері, Парламент депутаттары, са­рапшылар мен қоғам өкілдері қа­тысқан кездесуде азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет қоғамдық бақылау туралы заң жобасының негізгі міндеттері мен нысандары, объектілері мен субъектілерінің құқықтары туралы айтты. Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заң жобасын әзірлеу­дің негізгі ережелері туралы халықты ақпараттандыру жұмыстарын кү­шейтуді және сарапшылардың ұсы­ныстарын ескеруді ұсынды.

Министрлік тарапынан сарапшылар мен жұртшылық өкілдерінің қатысуымен заң жобасын жария талқылауларды, кеңейтілген отырыстар мен кездесулерді онлайн-режимде ұйымдастыру жоспарлануда.

АРУЖАН АМАНОВА

806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы