• Бизнес & Қоғам
  • 29 Қаңтар, 2021

Басты басымдық – халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту

Алдағы бес жылда  Жетісу өңірінде 5 млн 400 мың шаршы метр тұрғын үй салынады.  Соның  ішінде 1,1 млн шаршы метр баспана құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында іске асырылады. Осы кезеңде баспанамен үш мыңнан астам тұрмысы төмен және 5500-ден астам көпбалалы отбасы қамтамасыз етілмек.

Алматы облыстық мәслихатының VII шақырылымының  бірінші сессиясында өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын таныстырған  облыс әкімінің орынбасары  Жеңіс Тұяқов  тұрмыс-тіршілікке қолайлы, табиғаты көркем Жетісу өңірін халықтың өмір сүруі үшін одан да келісті, жайлы да қауіпсіз  аймақ ретінде дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.

 

Осы ретте бағдарламада халықты тұрғын үймен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Облыста алдағы бес жылда 5 млн 400 мыңдай шаршы метр тұрғын үй салу көзделсе, соның 1,1 млн  шаршы метрі «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы шешілмек. Сондай-ақ  58 мың пәтерлік бір мыңнан астам коммерциялық үй салынады, оның 5 мыңы «7-20-25» бағдарламасы бойынша беріледі. Соның арқасында тұрғын үймен үш мыңнан астам тұрмысы төмен және 5527 көпбалалы отбасы қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр.

Бағдарламада халықты сапалы ауыз сумен қамта­масыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, 9 ауданның 33 ауылына орталықтан­дырылған су жүйесі салынады, 72 ауылда су желілерін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның нәтижесінде 2023 жылы қалалар орталықтандырылған сумен 100% қамтылса, ауылдар 2025 жылы толық қамтамасыз етіледі.

«Алматы – Талдықорған» магистралдық газ құбы­рын салу мен елді мекендерді газдандыру деңгейі 2014 жылғы 20%-тен 2020 жылы 59%-ке дейін өсті. «Талды­қорған – Үшарал» және «Шелек – Кеген» магис­тралдық газ құбырларын салу арқылы Ақсу, Сарқан, Алакөл, Кеген және Райымбек аудан­дары­ның 195 елді мекені газбен қамтылатын болады. Сөй­тіп 1,6 млн тұрғын  немесе бүкіл халықтың 76% көгіл­­дір отынның игілігін көру мүмкіндігіне ие болады.

Сондай-ақ  бағдарламада шағын қалалардағы көп қабатты тұрғын үйлерге газбен жұмыс істейтін блокты-модульді қазандықтар орнату қарастырылған. 2018 жылы Талғар қаласынан басталған бұл жұмыс былтыр Қаскелеңде жалғасты. Осы үш жылдың ішінде аталған екі қалада 4898 пәтерлі 152 үй орталық жылу жүйесіне қосылды. Ендігі кезекте Есік, Жаркент қалалары мен басқа да ірі елді мекендер қамтылады, сөйтіп автономды жылыту мәселесі толығымен шешіледі,  деп атап өтілді.

Бағдарламада  маңыз берілген мәселенің тағы бірі – жергілікті жолдарды жақсарту. Бес жыл ішінде төрт мың шақырымнан астам жолды қайта құру және жөндеудің барлық түрлерімен қамту жоспарланған. Осының есебінен 118 ауылдағы жолдардың сапасы жақсарады. Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 2025 жылға қарай 100%-ке жеткізу көзделіп отыр.

Жалпы Алматы облысында инженерлік инфрақұ­рылым мен әлеуметтік нысандардың жағдайын жақсарту үшін  590 млрд теңгеге – 1 129 жоба, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 104 млрд теңгеге 445 жоба қолға алынады. Бұл жұмыстармен барлығы 407 ауыл немесе ауылдық елді мекендердің 56%-і қамтылады. Осы шаралардың нәтижесінде 2025 жылға қарай өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келетін ауылдардың үлес салмағын 54%-тен  90%-ке дейін ұлғайту көзделген.

Айта кетейік, Алматы облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 трлн теңге қарастырылған, оның 2 трлн 300 млрд теңгесі – бюджеттік, 1 трлн 200 млрд теңгесі – жеке қаражат.

922 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы