• Ақорда & Үкімет
  • 29 Қаңтар, 2021

МЕЖЕЛІ МІНДЕТТЕР НАҚТЫ ІСТЕН КӨРІНІС ТАБУЫ ТИІС

Жер шарын коронавирус шарлаған былтырғы жыл біздің еліміз үшін де күрделі болды. Пандемия салдарынан экономикамыз 2,6 пайызға төмендеді. Осы ретте сейсенбі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында экономикалық өсімді қалпына келтіру, инвестиция тарту және халықтың әл-ауқатын  арттыру мақсатында атқарылатын міндеттер нақтыланып, межелі жұмыстар пысықталды.

Президент өз сөзінде пандемия мен шектеу шараларынан, сондай-ақ сауда байланыстарының үзілуінен айтарлықтай зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығына назар аударды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Осы ретте Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бір айдың ішінде қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырды.  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы – халықты жұмыспен қамтудың негізгі құралы. Оның «Бастау-бизнес» бағыты бойынша 150 мыңнан астам адам оқып шықты. Бірақ тек 10 пайызы несиеге, 19 пайызы грантқа ие болды. 100 мыңнан астам адам мемлекет қолдауынан тыс қалды. Әсіресе, бағдарламаның ауылдағы түлектеріне қаржы жетпей жатыр. Сондықтан бағдарламаның қаржы көлемін ғана емес, оны жүзеге асыру ұстанымдары мен тетіктерін қайта қарауымыз керек. Халыққа берілетін шағын несиелердің мөлшерлемесі 6 пайыздан аспауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Үкімет мүшелері мен әкімдер­дің сатып алудағы жергілікті өнімдердің үлесін арттыру бойынша жүргізген жұмыстары сынға алынды. Былтыр 9 айда тауарға, жұмысқа және қызмет көрсетуге қатысты сатып алуларды реттеудің жалпы көлемі 12,5 триллион теңгені құрады. Осы қаржының жергілікті тауарлар мен қызмет көрсетуге бар болғаны 6,4 триллионы немесе 52 пайызы ғана бөлінген. Яғни экономикаға аталған қаражаттың жартысына жуығы жұмсалмаған. «Бюджеттің триллиондаған қаржысын импортқа жұмсауға қақымыз жоқ. Сондықтан бюджеттің әкімшілері тікелей жауап беретін болады. Бұл орайда бізге «семіз» цифрлар қажет емес. Маңыздысы – дұрыс есептеу. Қазақстанда тіркелген заңды тұлғаның кез келген өнімі жиі есепке алынатыны туралы ақпарат бар. Ол өзінің тауарын жеткізе ме, әлде импорттан әкеле ме, оны бақылап отырған ешкім жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілген цифрларды бекітілген әдістемеге сәйкес қайта тексеруді тапсырамын», – деді Президент.

Халықты жұмыспен қамту мәселесі бойынша да берілген есеп пен жасалған жұмыстардың арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыруға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл қаржының 98,2 пайызы игерілген. Бағдарлама халықты жұмыспен қамтуда және іскерлік белсенділікті қолдауда маңызды рөл атқарды. Бірақ ондаған, жүздеген мың жұмыс орындарының ашылғаны туралы мәліметті тексеру кезінде айырмашылық бар екені, азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отырғаны анықталды.

Мемлекет басшысы Үкіметке салықтық-бюджеттік саясатты жетіл­діру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Былтыр салық және кеден саласынан түскен қаржының кіріс көлемі 47 пайызға қысқарған. Әйтсе де, алдыңғы жылы бұл көрсеткіш 65 пайызға жеткен. Кедендік төлемдер­дің жинақтық деңгейі төмен екені байқалады. Тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық  жалған декларация толтырылғаны туралы дерек анықталды. Қытаймен арадағы ашық статистика бойынша айырмашылық 5 миллиард доллардан астам қаржыны құрайды.

Президент жалған кәсіпорындар мен әдейі салық төлемейтіндерге қарсы жұмысты жүйелі түрде күшей­туді талап етті. Ресми бағалаулар бойынша ішкі жалпы өнімнің төрт­тен біріне, ал Дүниежүзілік банк­тің деректері бойынша 40 пайызға жуығы «көлеңкелі» аймақта екен. «Көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес жөніндегі шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылады.

Орталық мемлекеттік органдар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыс нақты қысқартуды қажет ететінін айтып, Үкіметке Прези­денттің Іс басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік органдардың басшы­ларын  қызметтік көліктермен қамта­масыз етудің жаңа жобасы бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Премьер-министрдің жаңадан тағайындалған орынбасары – Сыртқы істер ми­нис­тріне ақпан айының соңына дейін инвестицияларды басқару жүйесін реформалау жөнінде нақты ұсыныс­тар енгізуді тапсырды. Әрбір еркін экономикалық аймақтың лайық­тылығына талдау жасап, олардың жаңа жұмыс модельдерін әзірлеу қажет.

Экономиканы қайта қалпына келтірудегі инвестицияның екінші көзі – банктердің несиелері және қор нарығы. Бірақ ол да ақсап тұр. Инфляцияның орнықты төмендеуі, инфляция мен девальвацияның тұ­рақтануы – ақша-кредит саясатын жұмсартудың маңызды шарты. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны 2021-2022 жылдары 4-6 пайызға қайтарып, 2025 жылы 3-4 пайызға дейін төмендетуі керек. Қаржы секторының орнықтылығы – экономиканы дамытудың анық­таушы факторы.

Азық-түлік қауіпсіздігін қам­тама­сыз ету аса маңызды міндет болып отыр. Халықтың табысы азайған былтырғы жылы азық-түлік бағасы арзандағанның орнына, керісінше, қымбаттаған. Мемлекеттік органдар тарапынан бағаларды ұстап тұру, оның ішінде сауда желілерін жеңілдікпен несиелеу және сауда үстемелерін орнату сияқты қабылданған шаралар оң нәтиже берген жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы 11 пайызға өсіп, оның жалпы инфляцияға қосқан үлесі 60 пайыздан асты. Президент осы ретте үкіметке жоғарыда аталған мәселелерді шешу барысында нарық тетіктерін негізге ала отырып, іс-қимыл жиынтығын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар Президент Жер кодексінің кейбір нормаларына жарияланған мораторийдің биыл аяқталатынына назар аударды. Осыған байланысты Үкіметке Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды және қараша айына дейін түзетулерді қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы жайылымдар мәселесіне арнайы тоқталды. «Бұл жерлер, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керек. Жергілікті әкімдіктер жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отыр. Соның салдарынан ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан об­лыс­тарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Су ресурстарын сақтап, тиімді пайдалану – ұлттық қауіпсіздік пен орнықты даму кепілі. Осы тұрғыда мемлекеттік органдардың алдында су ресурстарын басқару жөнін­дегі ұлттық жобаны қабылдап, қар­жыландыруды жеделдету міндеті тұр. Экология мәселесі үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы керек.

Мемлекет басшысы қазақ­стандық­тардың баспана мәселесін шешу үшін зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі бастамаға тоқталды. Ендігі кезекте тұрғын үй нарығындағы дүрмек пен баға­лардың өсуіне жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Президенттің пікірінше, мем­лекеттік органдар тұрғындар мен құрылыс компанияларының басшыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы алып-сатарлық операцияларға шектеу қоюы керек. Үкіметке екі апта ішінде тұрғын үй саясатын жетілдіру бойынша жаңа ұсыныстар топтамасын енгізу жөнінде тапсырма берілді.

Денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесі ерекше бақылауда. Пандемия кезінде аталған жүйе күрделі сынақтан өтіп, саладағы барша ол­қы­лықтар айқын көрінді. «Әрине, жаппай вакцинациялау дағдарысты еңсерудің нақты әрі жүйелі шарасы болып отыр. Оны сапалы өткізу үшін барлық жағдай жасалуы қа­жет. Дайындық жұмыстарын зерттеу кезінде вакцинаны сақтауға арналған тоңа­зытқыш жабдықтарының қажетті көлемі жетіспейтіні анықталды. Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Түркістан облыстарында аса күрделі жағдай қалыптасып отыр. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындық жұмыстарын толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакци­на­циялауға кірісуді тапсырамын. Отан­дық вакцинаның тестілеуі оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Осы ретте, өзім отандық екпе ектіре­мін», – деді Президент.

Мемлекет басшысы оқушылар­дың білім сапасының халықаралық бағалауына да назар аударып, мек­тептердегі білім сапасының жүйелі түрде нашарлағанын айтты. Сон­дық­тан бұл салаға түбегейлі өзгеріс керек. «Бүгінде оқу бағдарла­ма­сына жаңа пәндер енгізу жөнінде ұсыныстар өте көп. Соңғы он жылда 9 пән енгізілген. Білім беру – тәжірибе алаңы емес. Мұның бәрі негізгі пәндерге бөлінген сағаттың қысқаруына әкеп соғады. Соның өзінде елімізде оқыту жүкте­месі тым жоғары – 67 сағат. Ал Финляндия мен Оңтүстік Кореяда оқыту жүктемесі – 39 сағат, АҚШ-та – 55 сағат. Шәкірт­терді оқыту мен басқа да дамыту шараларының арасында тепе-теңдік болуы аса маңызды. Әлемдік үдеріс­терді ескере отырып, математика, тіл меңгеру және информатика секіл­ді пәндерге ерекше басымдық бер­ген жөн», – деді Мемлекет басшысы.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауды қайта жаңғырту маңызды. Осы ретте өтініш берушілермен жұмыс жасаудың сапасын арттыру үшін 1 шілдеге дейін барлық мемлекеттік органдарда «Е-өтініш» жаңа ақпараттық жүйесін және «Нәтиже» орталықтарын іске қосу тапсырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сө­зінің соңында ең басты міндет – халықтың әл-ауқатын арттыру екенін тағы да атап өтті. Мем­лекеттік органдардың әрбір ше­шімі, әрбір әрекеті экономиканы дамы­туға және халық игілігіне бағытталуға тиіс.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

32167 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы