• Өндіріс
  • 04 Ақпан, 2021

Серпінді сегмент

Індет пандемиясы секілді, қандай жағдайда болмасын, экономика буындарын нығайту өзекті болып қала береді. Өткен жылы Үкімет пен автоөндірушілердің үйлесімді жұмысымен салаға инвестициялар тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылып қана қоймай, сыртқы нарықтарға бағытталған экспортты дамытуға екпін берілді. 

Ковид қаржы тұрақсыздығын туындатса да, өткен жылы өсім тежелмеді, тіпті Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі өндіріс пен сатылымда елеулі өсімді көрсетті. NCSA (Ұлттық автомобильдерді сату қауымдастығының) әлемдік сарапшылары жылдың ортасында әлемдегі саланың жаһандық құлдырауын атап көрсеткен болатын. 

 

 

Сол кездің өзінде машина жасаудағы тұрақты көшбас­шы­лардың теріс көрсеткіштерінің аясында тек 4 ел ғана оң статистиканы көрсете алса, олардың басында Қазақстан тұрды. Бұл ретте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 2020 жылы автомобиль жасау саласындағы өңдеу өнеркәсібінде ең үлкен өсімді (50%-дан астам) атап өтті.

ИИДМ деректеріне сәйкес, елімізде жылдық өндіріс кө­лемі 2020 жылы 77 471 бірлік техникаға жетті, бұл 2019 жыл­дың көрсеткішінен бір жарым есе артық (50 541 бірлік). Соның ішінде жүк автомобильдері мен автобустардың өндірісі артты. Машина жасау саласы ақшалай алғанда өткен жылмен салыстырғанда 31,7%-дан астам тұрақты өсім көрсетті. Өсім негізінен автокөлік құралда­рын, трейлерлер және жартылай тіркемелер шығару, өзге де көлік құралдары, электр жабдықтары, машиналар мен қондырғылар өндірісін арттыру есебінен. 2020 жылы автомобиль жасау саласында өнеркәсіптік өндіріс индексі 2019 жылмен салыстырғанда 152,5%-ды құрады. Сала қызметінің жиынтық нәтижесі ақшалай алғанда арғы жылдың сәйкес көрсеткішінен 70,4% (612,8 млрд теңге) көп болды. Жеңіл автомобильдер өнді­рі­сі 47%-ға артып, 64 790 бірлікке жетті. Жүк техникаларын шығару көлемі екі есе өсіп, 8 240 бірлікке, ал автобустар өндірісі 66%-ға (1 801 бірлік) артты. Тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісі де екі есеге (2 196 бірлік) ұлғайды.

2020-ның табысты көрсеткіш­теріне Үкімет пен бейінді ми­нистрліктер, отандық зауыттар тарапынан жасалған нақты қадам­дар өз әсерін тигізді. Өндіріске трансұлттық инвесторлар тартуға, жаңа брендтерді қолжетімді етуге ден қойылды. Сала карантиндік шараларға автомобильдерді онлайн сатуды енгізумен өндірілген өнімдерді сату тізбегін, өнімнің тұтынушыларға қолжетімділігін сақтай отырып, үйлесімділікпен, уақтылы жауап берді. Автосалондарда автокөліктерді тіркеу орындары ашылды. Сондай-ақ жеңілдікпен автонесиелеу және лизинг бағдарламалары маңызды рөл атқарды, олар бірнеше жылдар бойы қазақстандық тұтынушылар мен шағын және орта бизнес өкілдеріне қолжетімді қаржы құ­ралы арқылы автомобиль техникасын сатып алуға мүмкіндік берді. Мем­лекеттің автоөнеркәсіпті дамы­туға мүдделілігі осыдан да көрінеді.

Өткен жылдың жағымды оқи­ғалары – жаңа зауыттар мен өн­діріс ошақтарының іске қосылуы болды. Былтыр Қостанайда­ғы «СарыарқаАвтоПром» зауытында Chevrolet автомобиль­дері өндірісі қолға алынды және қысқа уақыт ішінде жоғары өсім көрсетіп, Қазақстандағы ең танымал брендтер қатарына енді. Сол секілді сәуір айында Алматыда Hyundai жеңіл автокөліктері, ал желтоқсанда Қарағанды облысында Yutong автобустары шығарыла бастады. Жалпы 2020 жылы 22 136 Hyundai (+39%) автокөлігі, 19 434 дана Chevrolet және  Ravon (+217%) және 15 848 Lada (+8%) автомобилі өндірілді. Сондай-ақ Kia (4 863 бірлік) және JAC (4 173 бірлік) алғашқы бестікке енді.

Техниканың жоғары сапасы, сыртқы клиенттер тарапынан сенім зауыттардың экспортқа бағыт ұстауына мүмкіндік беруде. Қазірде әрбір оныншы автомобиль – экспортқа жөнелтіледі. Мысалы, 2020 жылы Қазақстан жақын шетелдерге 8 122 автомобиль экспорттады. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен (2 629 бірлік) 3 есе көп. Жалпы өткен жылы 55,9 млрд теңгеге елімізде өндірілген барлық техниканың 10%-дан астамы экспортқа шығарылды.  Hyundai, Chevrolet және JAC көліктеріне Ресейде, Өзбекстанда, Беларусьта және Қырғызстанда сұраныс жоғары.

2020 жылы қазақстандықтар 93 000-нан астам жаңа техниканы сатып алды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 25%-ға артық (75 156 бірлік). Сатып алынған үш автомобильдің екеуі отандық өндірістен шыққан. Hyundai, Chevrolet және Toyota ең көп сұранысқа ие, ең танымал бес брендтің төртеуі қазақстандық өндірістен (Hyundai, Chevrolet, Ravon және Lada). Автобустардың ішіндегі ең көп сатылатын бренд сөзсіз Yutong болды. 2020 жылы Қазақстанда осы брендтің 1 000-ға жуық автобустары мен электр автобустары сатылды.

Коронавируспен күрес бас­талғанда санитарлық көлік жетіс­пеушілігі жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Осынау күрмеуі қиын сәттерде еліміз ішкі ресурстар есебінен бұл проблеманы тез шеше алды. Отандық зауыттар Үкімет тапсырмасы бойынша коронавирустық инфекциямен күресу үшін қысқа мерзімде JAC Sunray, Hyundai H350, ГАЗель NEXT, УАЗ базасында медициналық жабдықтармен толық жабдықталған 1 167 бірлік медициналық жедел жәрдем авто­мобильдерін өндіруді және жеткізуді реттеді. Бұдан басқа, Қостанайда «дөңгелекті емхана» деп аталып кеткен 12 метрлік Yutong автобусының негізінде 100 жылжымалы медициналық кешендер шығарылды, пациенттерді емханаларға тасымалдауды қам­та­масыз ету үшін Chevrolet DAMAS өндірісі іске қосылды.

2020 жылы ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің өскені байқалды. Автомобиль зауыттары сияқты, комбайндар мен тракторларды шығаратын зауыттар да өздерінің өндірісін тоқтатқан жоқ, сол арқылы өткен жылы егіннің тұрақты жиналуына ықпалын тигізді. Жалпы, сарапшылар атап өткендей, отандық зауыттар 93 млрд теңгеге 6 272 бірлік техника өндірді. Өндірістің жылдық өсімі заттай көріністе 98,2%-ды құрады, құндық мәнінде шығарылымы бірден 2,5 есеге артты. 2020 жылы 3 547 трактор мен комбайн өндірілді, бұл бір жыл бұрынғы осы кезеңмен салыстырғанда 120%-ға артық. Тракторлар өндірісі 2 585 бірлік белгісіне, 39 млрд теңге болды. Олардың ішінде 1 048 трактор Ақмола облысында («Беларус» және «RSM») шығарылды, 585 бірлік Қостанай зауыттарына («Lovol» және «Кировец»), 561 трактор – Шығыс Қазақстан облысы («Беларус») тиесілі. Бір жыл ішінде елімізде 962 комбайн өндірілді, бұл 2019 жылғы деректермен салыстырғанда 567 бірлікке артық.

Нарық пен саланың даму перспективаларын талдай отырып, биыл нарықтағы жергілікті автомобильдердің үлесін арттыру тренді сақталады деуге болады. Бұл ретте автоөнеркәсіп өндірістік қуатын кеңейтіп, шы­ғарылатын өнімнің экспорты мен локализациясын арттыруды жалғастырады. Биылға қойылған нақты міндет – 100 000 бірлік техниканы өндіру, жұмыс орындарын сақтау және ұлғайту, шығары­ла­тын өнімдегі экспортты және жергілікті қамту үлесін ұлғайту, салаға инвестицияларды тарту. Саланың даму келешегін, елдің автопаркін жаңарту міндеттерін, өндірушілердің дайындығын талдай отырып, Қазақстандық Автобизнес қауымдастығы 2021 жылы барлық көрсеткіштердің орындалатынын болжап отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

3988 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы