• Ақорда & Үкімет
  • 04 Ақпан, 2021

ТҰРАҚТЫ ДАМУ ЖОЛЫНДАҒЫ РЕФОРМАЛАР

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысы өтті. Жиында еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі, мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы, 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы, сондай-ақ жедел реформалар топтамасы және халық санағын өткізу мәселелері қарастырылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша кеңес мүшелерін тыңдаған Президент өз кезегінде оларды іске асырудың нақты тетіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңартылған жүйесінің бағдар­ламалық құжаттары мейілінше икемді болуға, стратегиялық және бюджеттік жоспарлау­дың өзара байланысын артты­руға, мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларына қойылған міндеттерді орындау үшін тікелей жауапкершілігін айқын бекітуге тиіс.

Әлемнің көшбасшы мемле­кеттерінің қатарына кіру мақ­са­тында елімізді одан әрі дамы­тудың негізгі үш бағыты, атап айтқанда, институттардың сапасын жетілдіру, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, мықты экономика құру ұсынылды.

Еліміздің 2025 жылға дейін­гі ұлттық даму жоспарында алдымыздағы ортамерзімді міндеттер айқындалып, аса маңызды салаларды дамыту, негізгі саясатты жетілдіру жөніндегі басты бағдарлар көрініс табуы тиіс.

Қызмет түрлері мен салалар­дың түйткілді мәселелерін шешуге бағытталған ұлттық жобалар арқылы белгілі бір кезеңде нақты нәтижеге қол жеткізу және оларды толықтай қаржыландыру керек. Қазіргі уақытта қолға алынған цифр­ландыру, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлік, бәсекелестік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да бірқатар жобалар биыл 1 шілдеге дейін дайындалып, бекітілмек.

Үкімет ұсынған еліміздің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының жобасы 12 стратегиялық бағыттан тұрады. Олар институционалдық, экономикалық және әлеуметтік болып үш салаға бөлінген. Даму жоспары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5 пайызға артып, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемін жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына, шикізаттық емес экспортты 2 есеге, яғни 41 миллиард теңгеге, еңбек өнімділігін 45 пайызға дейін ұлғайту негізгі көрсеткіш болмақ.

Қазақстандықтардың тұрмыс деңгейі мен сапасын арттыру жөнін­дегі шаралардың нәтижесінде азамат­тардың өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа дейін ұлғаюы тиіс.

Сондай-ақ Қазақстанның халық­ара­лық рейтингтердегі деңгейін, атап айтқанда, оқушылардың білім көрсеткіштері, цифрлық бәсекеге қабілеттілік, заң үстемдігі индекстері бойынша жақсарту көзделген.

Мемлекет басшысы Ұлттық жос­пар бүгінгі жаһандық үрдістерді ескере отырып, ел дамуының негізгі бағдар­лары мен цифрлық параметр­лерін қалыптастыратынын атап өтті. Еліміздің ортамерзімді перспекти­вадағы дамуы аталған реформалардың сапалы іске асырылуына тікелей байланысты болмақ.

Стратегиялық көрсеткіштердің егжей-тегжейлі картасы – Ұлттық жоспардың ажырамас бөлігі. Соған сәйкес әрбір мемлекеттік органға және ірі квазимемлекеттік ұйымға белгіленген кезеңде қол жеткізуге тиіс нақты көрсеткіштердің тізбесі бекітіледі. Көрсеткіштердің нәтижесі ақиқаттан алыс болмауы керек. Біздің басты мақсатымыз – бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру және әлемнің дамыған мемлекеттерінің қатарына кіру.

Ұлттық даму жоспарының аясында ұсынылған реформалардың көбісі Кәсіпкерлік, Бюджеттік және Салық кодексі сияқты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді қажет етеді. Осы ретте Мемлекет басшысы Үкіметтің Парламентпен конструктивті жұмыс істеуі, депутаттық корпус ұлттық жоспардың табысты жүзеге асуы үшін барлық қажетті заңнамалық базаны қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.

Екінші, Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рымдамасында әкімшілік-бақы­лауға бағытталған әдістен адам мен оның игілігі басты құндылықтар саналатын мемлекет пен халықтың өзара ықпалдастық моделіне көшу қарастырылады. Құжат аясында мемлекеттік аппараттың кәсібилігін жетілдіруге, оның қоғам алдындағы есептілігіне, реттеушілік саясатты ілгерілету мәселелеріне, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттыруға, квазимемлекеттік секторды оңтайландыруға, жергілікті басқару ісін дамытуға және т.б жол ашылады.

 

 

Яғни онда қамтылған шаралар мемлекеттік аппараттың тиімді­лігі мен ашықтығын арттыруға ықпал етеді. Бұл халық арасында мемлекеттік басқару институтына деген сенім деңгейін көтереді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, құжат қоғам талабына сай келеді және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды әрі маңызды өзгерістерді қамтиды. Тұжырымдаманың басты қағидалары биыл орындалады, ал негізгі ережелері 2025 жылға дейін іске асырылуы тиіс. Осыған орай Президент Үкіметке тиісті ресурстарды бөле отырып, егжей-тегжейлі сараланған Іс-қимылдар жоспарын қабылдауды тапсырды.

Келесі кезекте 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарының жобасы ұсынылды. Келтірілген деректерге сәйкес, толықтай немесе жартылай жеке бәсекелестік секторға өтетін ұйымдардың саны 176-дан 736-ға дейін ұлғайған. 5 триллион теңге көлеміндегі активтердің бәсекелестік ортаға шығуы мемлекеттің эконо­микаға араласуын 14 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Соған байланысты стратегиялық инвесторлар тар­тылып, жекешелендірілетін компа­ниялардың қызметі шағын және орта бизнес үшін қолжетімді және ауқымды болмақ.

Мемлекеттің экономикадағы үле­сін азайту бағытындағы жұмыстарға тоқтала келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы жекешелендіру кезінде нысандардың басым бөлігі біршама кейінге шегерілген немесе мүлде алынып тасталған тәжірибені еске салды. «Жұмыстың жоспар бойынша жүруі аса маңызды. Бұл тұрғыда Үкіметтің ұстанымы қатаң болуы қажет. Жекешелендірудің соңы жеке монополиялардың пайда болуына әкеп соқтырмауы керек. Ондай жағдай қоғамның наразылығын тудырады. Жекешелендіру үдерісі кезінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Осы ретте Президент Үкіметке нысандарды сатуға қоғамдық мониторинг жүргізудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар IPO құрал­дарын мейілінше кең пайдалану, жекешелендіру барысында бұл тетікке басымдық беру қажеттігін атап өтті. «Халықтық IPO» бағдарламасын қайта жаңғыртып, акцияларды, ең алдымен, жеке тұлғаларға, яғни Қазақстан аза­маттарына сату керек. Еліміздің әрбір азаматында ұлттық байлықтың бір бөлігін иелену мүмкіндігі болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе – Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленген жедел шаралар топтамасы. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін төлем тетігін жеңілдетуге және еңбекақы қорына салық жүктемесін азайтуға, жаңа өндіріс компаниялары үшін ҚҚС бойынша мөлшерлемелерді 70 пайызға төмендетуге, «Бизнестің жол картасы» субсидиялау бағдарламасына микроқаржы ұйымдарын қосуға және басқа да жолдар арқылы экономиканың сапалы әрі тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бұл нормалар заңмен бекітіліп, биылғы 1 шілдеден жүзеге асырылмақ.

Халық санағы тұрғындардың нақты санын, оның жас және ген­дерлік құрамын, урбанизация дең­гейін, табыс көлемі мен басқа да ма­ңызды талдау деректерін анықтап, тексерілген әрі дәйекті басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Осы ретте Мемлекет басшысы ұлттық санақты ұйымдастыру мәселесіне тоқтала келіп, санақты өткізудің оңтайлы жолдарын пайдалану, оның ішінде пандемияның таралуына жол бермеуге байланысты шектеулерді ескере отырып, цифрлық технологияларды кең қолданған жөн екенін айтты. Үкіметке халық санағын өткізуге байланысты арнайы жұмыс тобын құру тапсырылды.

Айта кетейік, ұлттық санақ биыл қазан айында өткізіледі, ал нақты мәліметтер 2022 жылдың ортасына қарай жарияланатын болады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

 

31903 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы