• Қаржы
  • 18 Ақпан, 2021

ДОЛЛАР АРЗАНДАП, ТЕҢГЕ НЫҒАЙДЫ: БҰЛ ҮРДІС ҚАНШАҒА СОЗЫЛМАҚ?

Ақпанда доллар арзандап, ұлттық валюта біршама нығайды. Қазақстандықтардың бірқатары зейнетақы жинағының бір бөлігін алды. Ұлттық қор активтері 1 миллиард долларға кеміді, алтын-валюта резервтері өзгерген жоқ. Бұл туралы еліміздің қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралған сейсенбідегі үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев баяндады.

Ұлттық банк өткен жылдың төртінші тоқсанында кәсіпорын­дарға жүргізген мониторинг инвестициялық белсен­ділік пен өндіріс көле­мінің төмендеуіне байланысты нақты сектордағы іскерлік белсенділіктің төмен күйде қалып отырғандығын көрсетті. Сонымен бірге сұра­ныстың қалпына келуі және дайын өнім бағасының жылдам  өсуі, кредиттердің пайыздық мөлшерлемелерінің төмендеуі байқалады. Жаңа жылдың ал­ғаш­қы айынан компо­зиттік озық индикатор нақты секторда экономикалық белсенді­лік біртіндеп қалпына келе бас­тағанын көрсетті. Ұлттық валю­тамыздың бағамы ақпанның  басынан бері 1,7 пайызға нығайды. Себептеріне келер болсақ, биыл ақпан-наурыз айларында мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы ОПЕК+ шешімінің есебінен қаңтарда өскен мұнай бағасының оң серпіні ақпанда да жалғасып, бір баррель үшін 63,3 АҚШ долларына жетті. Сондай-ақ Ерболат Досаев атап өткендей, республикалық бюджетке трансферт бөлу, квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін сатуы аясында Ұлттық қор активтерін конвертациялау теңге бағамына оң әсерін тигізді. «Биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша биылғы жылғы 15 ақпанда теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 416,92 теңге болып, ай басынан бері 1,7 пайызға нығайды», – деді бас банкир.

Қаңтарда жылдық инфляция 7,4%-ке дейін баяулады. Азық-түлік инфляциясы бағаның жалпы өсуіне үлкен үлес қосуда. Азық-түлік тауарлары бағасының  жылдық өсуі жекелеген тауар нарықтарында теңгерімсіздіктің сақталуы аясында былтырғы желтоқ­сандағы 11,3%-дан биыл қаңтарда 11,4%-ға жетті. Ұлттық банк төрағасы азық-түлік инфляциясының 2020 жылғы қарашадан бастап жылдамдауына байланысты күнделікті ас мәзіріндегі тамақ өнімдеріне бағаның өсуіне ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты. Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын және сервистік компонентінің серпіні салыстырмалы түрде тұрақты болып қалуда. Бұл, әрине, корона­дағдарыс жағдайында түсіп кеткен тұтынушылық сұранысқа байланысты. Осы ретте азық-түлікке жатпайтын инфляция 5,5-тен 5,3 пайызға дейін, ақылы қызметтер – 4,2-тен 4,1 пайызға дейін баяулады.

Зейнетақы активтері  биылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жыл басынан бері  213,9 миллиардқа немесе 1,7%-ке ұлғайып, 13,1 трлн теңге болды. Осы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық кіріс мөлшері 178,5 млрд теңге, зейнетақы жарналарының көлемі 88,8 млрд теңге болды. Биыл қаңтарда инфляция 0,6 пайыз болған кезде 1,4 пайыз мөлшеріндегі кірістілік қамтамасыз етілді. Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция деңгейі 7,4 пайыз болған кезде 12,1 пайызды құраған. Ұлттық банк басшысы нақты кірістілік инвестициялық қызмет, сондай-ақ валюта портфелін нарықтық және бағамдық қайта бағалау нәтижесінде қамтамасыз етілгенін атап өтті. Оның үлесі елдер мен эмитенттер бойынша инвестициялар географиясын кеңейту, портфельдің сапасы мен өтімділігін арттыру үшін кезең-кезеңімен ұлғайтылып, 30% деңгейінде сақта­луда. Қаражатты мерзімінен бұрын алу бойынша салымшылар алдындағы міндет­темелерді уақытылы орындау мақ­сатында Ұлттық банк зейнетақы активтері қоржынының ағымдағы өтімділігін қолдауда. Оның деңгейі биылғы 1 ақпанда 446,8 млрд теңге болды.

ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҒЫ  ҚАЙДА ЖҰМСАЛУДА?

Биылғы қаңтарда ақпараттық жүйелерді интеграциялауға байланысты дайындық жұмысы аяқталған соң Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қоры азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алуға арналған өтінімдерін қабылдай бастады. 12 ақпандағы жағдай бойынша 1 855,9 млрд теңге сомасына 115 608 өтінім қабылданып, оның ішінде 423,6 млрд теңге сомасына 78 074 өтінім мақұлданды. Осы кезеңде 75 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы жи­нағының бір бөлігін алды. Азаматтар осы жинақтардың 87 пайызын тұрғын үй мәселелерін шешуге, оның 45,5% – тұрғын үй сатып алуға (ипотекасыз); 28,3% – ипотекалық қарыз бойынша берешекті өтеуге; 10,5% – екінші деңгейдегі банктерге бастапқы жарна үшін және Отбасы банкінде ипотека алуға; 2,3% – жеке тұрғын үй құрылысын салуға, ипотеканы қайта қаржыландыруға, сатып алу құқығымен жалдау шарты бойынша берешекті өтеуге және өзге де мақсаттарға жұмсауға ниеттенеді.

Ұлттық қор активтері осы жылдың басынан бері 1 млрд долларға кеміп, қаңтардың соңында 57,7 млрд АҚШ долларын құрады. Ерболат Досаев оның себептерін: «ұлттық қорға түсімдер 43 млрд теңге, оның ішінде валюталық түсімдер 56,2 млн АҚШ доллары немесе теңге баламасында 24 млрд болды; жыл басынан бастап 381 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 720 млн доллар сатылды; инвесторлардың тәуекелге бару деңгейінің төмендеуіне байланысты биыл қаңтарда MSCI World акциялар индексінің төмендеуі -1 пайыз болды», деп түсіндірді.

Ұлттық қордың аталған кезеңдегі инвестициялық кірісі (-)340 млн АҚШ доллары немесе -0,59 пайыз болды. Қаңтарда қор нарықтарындағы құбылмалылық экономиканың бір­келкі қалпына келмеуіне, сондай-ақ кәсіби емес инвесторлардың сауда платформаларындағы белсенділігі аясында шығыны көп компаниялар акцияларының шарықтауы­на байланысты күшейе түсті. «Бұл ретте ақпанның басында акциялар нарығының қалпына келуі байқалды. Биыл ақпанның алғашқы 2 аптасында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі осы жылғы қаңтардағы құлдырауды өтеп, 800 млн АҚШ долларын құрады», – деді Ерболат Досаев.

Қаңтарда еліміздің алтын-валюта резервінің көлемі өзгерген жоқ. Алдын ала деректер бойынша айдың соңында ол 35,6 млрд АҚШ доллары болды.

Алтын бағасының төмендеуі нәтижесінде алтын портфелінің төмендеуі еркін конвертациялана­тын валютадағы активтердің өсуі­мен теңестірілді. Е.Досаев шетел валютасындағы активтер мемлекеттік қарызды төлеумен, сондай-ақ екінші деңгейдегі бір банктің 500 млн АҚШ долларына валюталық облигацияларын өтеу міндеттемелерін орындауына байланысты Ұлттық банктегі шоттардан екінші деңгейдегі банктер қаражатының әкетілуімен ішінара реттелген Азия даму банкі қарызынан қаражаттың келуі есебінен өскенін айтты. Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бастап 1 млрд АҚШ долларына төмендеп, 93,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Алдын ала дерек бойынша төлем теңгерімінің ағымдағы шоты Ұлттық банктің болжамына сәйкес, 5,9 млрд доллар тапшылықпен қалыптасты. Бұл шетелдік инвесторларға төленетін кірістің қысқаруына байланысты 2019 жылғы тапшылықтан 1,3 миллиардқа аз. Ағымдағы шот тапшылығының негізгі себебі мұнай және газ конденсаты экспортының қысқаруы есебінен тауарлар экспортының төмендеуі болып отыр. Тауарлар импортының төмендеуі бірқалыпты, ол инвестициялық және аралық тауарларды әкелудің қысқаруына байланысты болды.

ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ ҚАЛАЙ ҚАРЖЫЛАНДЫРЫЛДЫ?

Ұлттық банк төрағасы пандемия  туындатқан қиындықтар кезеңінде экономиканы қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру бағытын­да атқарылып жатқан шараларға тоқталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына биылғы жылғы 12 ақпандағы жағдай бойынша кәсіпкерлерден 1,1 трлн теңгеге жуық сомаға 1 410 өтінім келіп түсті. Оның ішінде банктер 731,5 млрд теңгеге 889 өтінімді мақұлдады. 552 млрд теңге сомасына 810 қарыз берілді», – деді ол.

Кәсіпкерлік субъектілерін жеңіл­дікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биыл 12 ақпанда кәсіпкерлер 672,3 млрд теңгеге 2 632 өтінім берген. 526,2 млрд теңгеге 1 844 өтінім мақұлданып, 596,3 млрд теңгеге 5 879 қарыз берілген. Оның ішінде 138,5 млрд теңгеге 2 479 қарыз бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.

Ұлттық банк өткен жылғы 4-ші тоқсанда кәсіпорындарға жүргізген мониторинг нақты сектордағы экономикалық белсенділіктің төмен деңгейі сақталып отырғанын көрсетті. Елімізде іскерлік белсенділік индексі өнеркәсіптегі және қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділіктің баяулауы есебінен 49 тармақтан 48,4 тармаққа дейін екі ай қатарынан төмендеді. Негізінен құрылыс саласы ғана оң көрсеткішке шықты.

Коронавирусқа қарсы вакцина егудің басталуына байланысты оптимизмге қарамастан, биылғы жылдың алғашқы айында әлі де жоғары бел­гісіздік сақталды. Вирустың жаңа штамының таралуы және бірқатар елдерде вакциналық протекционизмнің күшеюі әлемдік экономиканың қал­пына келу қарқынын тежеуде.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, әлемнің ірі экономикаларында вакцинация деңгейі айтарлықтай төмен. Мәселен, Ұлыбританияда – 20,2, АҚШ-та –10,9%, Еуроодақта – 2,9 пайыз ғана. Көптеген дамушы елдер әлі вакцина егуді бастаған да жоқ. Осы ретте Ерболат Досаев халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша вакциналаудың қазіргі қарқыны кезінде әлем халқының 75 пайызын қамту және қалыпты өмірге қайтару үшін 7 жылдан астам уақыт қажет болатынын айтты. Қаңтарда пандемияның қайта өршуі мен вакциналарды таратудың кешігуінен экономиканың баяулауы мүмкін деген алаңдаушылыққа байланысты жаһандық қор нарық­тары төмендеді. АҚШ-тағы нарық­тар бірқатар компанияға қатысты кәсіби емес трейдерлердің алыпса­тарлық мәмілелеріне байланысты қосымша қысымға ұшырады. Бұл құбылмалылық индексінің 22-ден 33 пайызға дейін, 11 пайыздық тар­маққа өсуіне әкелді. Соның аясында АҚШ доллары нығайды. Бұл АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздары кірістілігінің өсуімен бірге алтын бағасының төмендеуіне алып келді. «Шектеу шараларын қатаңдату жағдайында іскерлік белсенділіктің жаһандық индексі биылғы қаңтарда 52,3 тармаққа дейін, оның ішінде өндіріс пен жаңа тапсырыстар өсуінің баяулауы нәтижесінде Еуроодақта – 48,7-ге, Қытайда – 51,5-ке дейін төмендеді», – деді ол.

Вакциналаудың қазіргі таңдағыдай  баяулығы және біркелкі  жүргізілмеуі, тауар жеткізу мен өндірудегі қиын­дықтар, жаңа штамдардың пайда болуына байланысты үнемі енгізіліп тұратын шектеулер 2021 жылы жаһан­дық сұраныстың өсуін тежейтін болады дейді сарапшылар. Яғни нақты сектордағы экономикалық бел­сен­діліктің қалпына келуі де біршама уақытқа созылмақ.

Дайындаған

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

937 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы