• Мәселенің мәнісі
  • 25 Ақпан, 2021

Табиғат тазалығы – халық саулығы

Қазақстанда 2019  жылмен салыстырғанда орманмен қамтылған алқап 188 мың гектарға ұлғайды. Осыған байланысты орман шаруашылығын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға және биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеу жоспарда бар.

Бұл жөнінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында вице-министр Ерлан Нысанбаев орман шаруашылығы саласындағы 2020 жылғы жұмыс қорытындылары туралы баяндамасында айтылды.

«Мемлекет басшысының орман қорында 5 жыл ішінде 2 млрд. ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау аясында облыс әкімдіктерімен бірлесіп өңірлер бойынша Ормандарды молықтыру мен орман өсіру жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленіп, бекітілді. Орман  ағаштарын отырғызудың ең көп көлемі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Семей мен Ертіс орманы орман резерваттарының аумағында болжанып отыр», – деді өз сөзінде вице-министр.

Ол министрліктің орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің табиғатты қорғау мекеме­лерінің және облыс әкімдік­терінің орманды қорғау мекемелерінің күшімен 5 жыл ішінде 843 мың гектар алаңда 1,7 млрд. ағаш отырғызылатынын атап өтті. Көрсетілген шаралар 2030 жылға қарай елдің ормандылығын 5%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Мемлекеттік орман қоры аума­ғында орман өрттерінің 701 жағдайы тіркелді, олардың ауданы 41,8 мың гектар құрады, республика бойынша жалпы залал –  2,1 млрд.теңге», – деп мәлімдеді Ерлан Нысанбаев.

Орман өрттерінің ең көп аудандары Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ «Семей орманы» резерватының аумағында тіркелген.

Вице-министр өткен жылы заңсыз ағаш кесу саны 25%-ға төмендегенін, алайда заңсыз кесілген ағаш көлемінің өсуі тіркелгенін хабарлады.

«Ағаштарды заңсыз кесу, жою және бүлдіру жауапкершілігін арттыру мақсатында қолданыстағы заңнамаға айыппұлдарды ұлғайту және бұзу­шыларға санкцияларды қатаң­дату бө­лігінде өзгерістер мен тол­ықтырулар енгізілді», – деді минис­трдің орынбасары.

2020 жылдың қорытындыларының қатарында «Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасын әзірлеу де бар. Сонымен қатар, вице-министр ұлттық саябақтарды экологиялық туризмді дамытуға көп көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Алматы тобындағы Іле – Алатау, Көлсай көлдері, Шарын, Алтын­емел сияқты төрт мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтардың тұжырымдамасы қабылданды. Осы ұлттық саябақ­­тар­дың жанынан Қоғамдық кеңестер құрылды. 2020 жылы Іле-Алатау ұлттық саябақтардың жобасын жүзеге асы­руға 900 млн. теңге инвестицияланды», – деді Ерлан Нысанбаев.

Осы жұмыстар шеңберінде 2025 жылға қарай ұлттық саябақтардың Алматы тобына жеке инвестициялар­дың көлемі 31 млрд.теңгені құрайды, ұлттық саябақтардың рекреациялық жүктеме нормаларын ескере отырып, туристер 2 млн. адамнан асады деп күтілуде.

Сонымен қатар ол басқосу барысында былтырғы жылдың жұмыс қорытындылары мен жануарлар дү­ниесін қорғау саласындағы ағым­дағы жылға арналған жоспарлар туралы хабардар етті. Оның айтуынша, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары өткен жылы киіктерге қатысты браконьерліктің 85 фактісін тіркеді, 727 киік ұшасы мен 9743 мүйізі тәр­кіленді. 71 браконьер қылмыстық жа­уапкершілікке тартылды, жалпы шығын 2,4 млрд.теңгені құрады.

«2020 жылы ІІМ және ҰҚК бірлесіп «Киік» табиғатты қорғау акциясын іске қосты, оның аясында алдын алу іс-шаралары жандандырылды, киіктер мен басқа да жабайы жануарлардың браконьерлігіне мамандандырылған бірқатар қылмыстық топтардың жолдары кесілді», – деді вице-министр.

Бұдан басқа, Қазақстанның бар­лық аумағында киіктерді, олар­дың бөліктері мен дериваттарын пай­далануға тыйым салу 2023 жылға дейін ұзартылды, ПҰА, бейнетіркегіштер, бейнежетондарды қолдана отырып, «Smart патрульдеу» пилоттық жобасы іске қосылды. Инспекторлық құрам ІІМ оқу орталықтары базасында біліктілікті арттырудан өтті.

Е.Нысанбаев 2021 жылға арналған басымдылық міндеттерінің қатарында Қазақ­­стан Республикасының «Жануар­­ларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының қабылда­нуын, сондай-ақ жануарлар дүниесін сақтау және аңшылық шаруашы­лық­­тарын дамыту жөніндегі 2030 жылға дейінгі мастер-жоспардың бекітілуін атады.

Шара аясында вице-министр Серік Қожаниязов 2020 жылдың қоры­тындылары мен су ресурстары сала­сындағы биылғы жылға арнал­ған жоспарларды жариялады. Оның айтуынша, жыл бойы шектес елдермен су мәселелері жөніндегі бірлескен комис­сиялардың отырыстары өткізілді.

Мәселен, суармалы судың тап­шылығын шешу мақсатында қырғыз тарапымен келіссөздер барысында электр энергиясымен тауар алмасу бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Нәтижесінде Тоқтоғұл су қоймасынан 330 млн. текше метр көлемінде суармалы суды қосымша ағызу қамтамасыз етілді. Сондай-ақ ұқсас сызба бойынша Тәжікстан аумағынан Бахри Точик су қоймасы­нан 300 млн. текше метр көлемінде қосымша су ағызу қамтамасыз етілді.

«Сырдария өзенінің бассейні бойынша ынтымақтастық мәселелерінде Өзбекстан Республикасымен әріп­тестік маңызды рөл атқарады. Өткен жылы елдер арасындағы су қаты­настарының барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі жұмыс тобының 11 отырысы өткізілді, оның шеңберінде жоспарланған мәселелерден басқа Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзы­луына байланысты мәселелер қарал­ды», –  деп атап өтті С.Қожа­ния­зов.

Ресей Федерациясымен ынтымақ­тастық шеңберінде 2020 жылғы қа­занда Жайық және Ертіс өзендерінің бассейндерінде ынтымақтастық және зерттеулер жүргізу жөніндегі Жол картасына қол қойылды. «Нәтижесінде тараптар трансшекаралық өзендердің гидрологиялық ағынын, бірінші кезекте Жайық өзені бассейнін жақсарту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейтін болады», – деп атап өтті Серік Қожаниязов.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы